Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:41

[1] Саул да Степанды өлтіруді қоштаған еді. Сол күннен бастап Иерусалимдегі сенушілер қауымын қатты қудалау басталды. Елшілерден басқалардың бәрі Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кетті.

[2] Ал Құдайды қастерлейтін бірнеше кісі Степанды қабірге қойып, қатты аза тұтып жоқтады.

[3] Саул болса, қауымға қырғидай тиді; үй-үйді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды.

[4] Бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді.

[5] Қауым қызметшісі Філіп Самарияның астанасына келіп, оның тұрғындарына Мәсіх туралы Ізгі хабарды жариялады.

[6] Көптеп жиналған халық Філіптің уағыздарын естіп, оның Құдайдың құдіретін көрсеткен кереметтерін көргенде, барлығы бірдей Філіптің айтқандарына зейін қойды.

[7] Өйткені көп кісілердің буып жүрген жындары қатты айқайлап бойларынан шығып кетті, әрі көптеген сал, мүгедек болғандар сауықтырылды.

[8] Содан қала халқы зор қуанышқа кенелді.

[9] Осы қалада бұрыннан сиқырлықпен айналысып келген Шимон есімді кісі тұрушы еді. Ол ұлы адаммын деп мақтанып, Самария халқын таңғалдыратын.

[10] Қатардағылардан бастап атақтыларға дейін бәрі оны жоғары санап: «Мына кісіде Ұлы күш деген Құдайдың құдіреті бар!» дейтін.

[11] Шимон оларды едәуір уақыт бойы сиқырлық өнерімен баурап алғандықтан, халық оны пір тұтты.

[12] Ал енді Філіп Құдайдың Патшалығы және Исаның Мәсіх екендігі туралы Ізгі хабарды жариялағанда, олар соған сенді. Көптеген ер адамдар мен әйелдер (Мәсіхтің жолына түсіп) шомылдыру рәсімінен өтті.

[13] Шимонның өзі де сеніп, осы рәсімнен өтіп, Філіптен бір елі қалмай қойды. Ол Құдайдың құдіретін танытатын ұлы кереметтерді байқағанда қайран қалып жүрді.

[14] Иерусалимдегі елшілер «Самарияның халқы Құдайдың Ізгі хабарын қабыл алды» дегенді естігенде, оларға Петір мен Жоханды жіберді.

[15] Екеуі келген соң, Киелі Рухты қабылдасын деп солар үшін сиынып мінажат етті.

[16] Себебі Киелі Рух әлі олардың ешқайсысына қонбаған еді. Олар тек Иеміз Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткен болатын.

[17] Екі елші олардың үстеріне қолдарын қойғанда, самариялық сенушілер де Киелі Рухты қабылдады.

[18] Шимон елшілердің алақан тигізуі арқылы адамдарға Киелі Рух берілгенін байқағанда оларға ақша ұсынып:

[19] — Маған да осындай билік беріңдерші, үстіне қолымды қойған әркім Киелі Рухты қабылдап жүрсін, — деді.

[20] Петір оған былай деп жауап берді: — Құдайдың беретін дарынын ақшаға сатып аламын дегенің үшін, ақшаң өзіңмен бірге құрысын.

[21] Осы қызметті атқаруға сенің қақың жоқ, себебі Құдайдың алдында жүрегің таза емес.

[22] Сондықтан осы жаман қылығыңа өкініп, Құдай Иеге сиынып жалбарын! Мүмкін, Ол жүрегіңдегі қара ниетіңді кешірер.

[23] Жаман қызғаныш пен әділетсіздікпен шырмалғандығыңды байқап тұрмын. —

[24] Ал Шимон олардан: — Айтқандарыңның бірі де басыма келмесін деп сендер мен үшін Құдай Иеге жалына көріңдерші! — деп өтінді.

[25] Екі елші халық алдында Иеміз туралы Ізгі хабарға куәлік келтіріп, уағызын аяқтағаннан кейін, Иерусалимге қайта оралып, жол-жөнекей Ізгі хабарды Самарияның көптеген ауылдарында уағыздай жүрді.

[26] Бір күні Жаратқан Иенің періштесі Філіпке: «Жиналып, оңтүстікке қарай Иерусалимнен Газаға баратын елсіз жолға шық!» — деп тапсырды.

[27] Содан Філіп дайындалып, жүріп кетті. Жол бойында оған бір эфиопиялық адам кез болды. Бұл Эфиопияның патшайымы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзірі екен. Ол Иерусалимге Құдайға ғибадат етуге келіп,

[28] енді еліне қайтып бара жатты. Уәзір күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отыр екен.

[29] Киелі Рух Філіпке: «Күймеге жақындап, қатарласып жүр!» — деді.

[30] Філіп күймеге жүгіріп барғанда, сол кісінің Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырғанын естіді. Оған: — Оқығаныңыз түсінікті ме? — деген сұрақ қойды.

[31] Уәзір: — Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін? Күймеге мініп, қасыма отырыңызшы, — деп Філіптен өтінді.

[32] Жазбадан оқып отырған жері мынау еді: Оны қой сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын тоқты секілді тіс жармады.

[33] Ол жәбірленіп, әділ сотталу құқығынан айырылды. Оның ұрпақтары туралы кім айтып бере алады? Өйткені Оның жаны бұ дүниеден аластатылды.

[34] Уәзір Філіптен: — Өтінемін, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздерді өзі туралы айтып тұр ма, әлде басқа біреу туралы ма? — деп сұрады.

[35] Сонда Філіп Киелі жазбаның осы жерінен бастап, Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді.

[36] Жолда осылай келе жатып, олар бір суға тап болды. Уәзір сонда: — Мынау су ғой, менің шомылдыру рәсімінен өтуіме болмай ма? — деп өтінді.

[37] (Філіп: — Шын жүректен сенсеңіз, болады, — деп жауап берді. Бұған ол: — Мен Исаның Құдайдың рухани Ұлы екеніне сенемін, — деді.)

[38] Уәзір күймені тоқтатуға бұйырды. Екеуі суға түсіп, Філіп уәзірді суға шомылдыру рәсімінен өткізді.

[39] Олар судан шыққанда, Жаратқан Иенің Рухы Філіпті білдірмей алып кетті. Содан қайтып уәзір оны көрген жоқ. Солай болса да, ол қуанышқа кенеліп, өз жөніне кетті.

[40] Бұдан кейін жұрт Філіпті Азоттан көрді. Ол сол жерден ел аралап, Кесарияға жеткенше Ізгі хабарды барлық қалаларға таратып жүрді.

Елшіл. істері — Chapters