Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:59

[1] Сонымен біздің Италияға баратынымыз шешілген соң, Пауыл мен бірнеше басқа тұтқындар римдік патша атындағы әскер бөлімінің Юли есімді жүзбасына табысталды.

[2] Адрамитилық кемеге мініп, теңізге шықтық. Ол жол-жөнекей Азия аймағының кемежайларына кіретін болды. Бізге Салониқадан шыққан македониялық Арыстарқ ере жүрді.

[3] Келесі күні Сидонға жеттік. Жүзбасы Пауылға жақсы қарап, оған достарына барып келіп, солардың оның сапар кезіндегі қажеттерін қамтамасыз етулеріне рұқсат берді.

[4] Сидоннан әрі қарай кетіп, алдымыздан қарсы соққан желден қашып, Кипр аралының ық жағымен жүрдік.

[5] Теңізді Кіликия және Памфүлия өлкелерін бойлай кесіп өтіп, Лүкия аймағындағы Мүраға жеттік.

[6] Сол қаладан жүзбасы Италияға бет алған ескендіриялық кемені тауып алып, бізді осы кемеге мінгізді.

[7] Көп күн бойы ақырын жүріп отырып, зорға дегенде Книд қаласының маңайына жеттік. Жел қарсы соққандықтан, Крит аралының ық жағымен, Салмон қаласының маңына жеттік.

[8] Жағалаумен жүре отырып, әзер дегенде Ласея қаласына жақын Сұлу кемежай деген жерге бардық.

[9] Осы екі арада талай уақыт артта қалып, тіпті яһудилердің күзгі оразасы өтіп кеткен еді. Сондықтан кемемен жүзу қауіпті бола бастады. Сол себептен Пауыл оларға ескертіп:

[10] «Ер азаматтар, біздің сапарымыз жүк пен кеме үшін ғана емес, өз өміріміз үшін де қауіпті де өте зиянды болайын деп тұрғанын білемін», — деді.

[11] Бірақ жүзбасы Пауылдың сөзінен гөрі кеменің жүргізушісі мен иесіне көбірек сенді.

[12] Оның үстіне кемежай қыстауға онша ыңғайлы болмаған соң, кемедегілердің көпшілігі әрі жүре беріп, қыстау үшін қалайда Феникске жетіп алайық деген шешім қабылдады. Өйткені сол криттік кемежай оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыс желдеріне қарсы орналасқан.

[13] Оңтүстіктен баяу жел соғып тұрғанда, олар мақсатымызды орындай аламыз деген оймен зәкірлерін көтеріп алып, Критті жағалап жүзіп кетті.

[14] Аз уақыттан кейін арал жақтан Солтүстік-шығыс деп аталатын қара дауыл соғып,

[15] кемемізді сүйрей жөнелді. Дауылға қарсы тұрар шамамыз болмаған соң, кемені толқынға тапсырып, кете бардық.

[16] Клауда деген кішкентай аралдың ық жағымен жүрген кезде, зорға дегенде кеме артындағы байлаулы қайықты үстіне тартып, шығарып үлгердік.

[17] Бұдан соң теңізшілер кемені кендір арқанмен белдіктеп байлап қойды. Олар Сирт қойнауындағы бір таяз жерге қайраңдап қалудан қауіптеніп, желкендерді түсірді. Осылай кеме қалқып жүре берді.

[18] Дауылдан әбден ұрылып-соғылып, теңізшілер келесі күні жүктің біразын түсірсе,

[19] үшінші күні өз қолдарымен кеменің керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды.

[20] Бірнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрінбеді. Ал дауылдың долданғаны сондай, құтқарыламыз ба деген үмітіміз үзіле бастады.

[21] Көптен бері ешкім нәр татпаған соң, Пауыл ортаға шығып: — Ей, ер азаматтар! Мені тыңдап, Криттен шықпауларың керек еді; сонда осындай қатерге бас тігіп, зиян шекпеген болар едіңдер.

[22] Ал енді батылданыңдар деп ескертемін, себебі ешқайсыңның өмірлерің қиылмайды, тек кеме ғана құриды.

[23] Неге десеңдер, өзім қызмет етіп, Соның меншігімін деп жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні қасымда пайда болып былай деді:

[24] «Қорықпа, Пауыл! Сен римдік патшаның алдына баруға тиіссің! Біліп қой: Құдай тілегіңді ескеріп, сапарластарыңды өлімнен аман алып қалады».

[25] Сондықтан, азаматтар, батыл болыңдар! Маған қалай айтылса, солай болады да деп Құдайға сенемін.

[26] Бірақ біз бір арал маңындағы бір таяз жерге қайраңдап қалуға тиіспіз, — деді.

[27] Адрия теңізінде сандалып жүргенімізге он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешілер құрлыққа жақындағанымызды шамалады.

[28] Олар өлшеуішті суға түсіріп, судың жиырма құлаш терең екендігін анықтады; сәлден кейін тағы өлшеп, он бес құлаш деп тапты.

[29] Жартасқа соғылып қалудан қауіптенген теңізшілер кеменің артынан суға төрт зәкір тастап, таңның атуын асыға күтті.

[30] Алдыңғы жақтан да зәкір тастаймыз деп сылтауратқан теңізшілер қайықты суға түсіре бастады. Бірақ олар мұны кемеден қашып кету үшін істеді.

[31] Сол себепті Пауыл жүзбасы Юли мен жасақшыларға: «Егер мыналар кемеде қалмаса, сендерге құтқарылу жоқ», — деп ескертті.

[32] Сонда жасақшылар қайықты байлап қойған арқандарды кесіп, оны теңізге құлатты.

[33] Таң атар алдында Пауыл адамдарды бір нәрсе жеп алуға шақырып: «Бастарыңа қауіп төніп, нәр татпай жүргендеріңе бүгін он төрт күн болды.

[34] Сондықтан жүрек жалғап алыңдар деймін. Бұл құтқарылуларың үшін қажет. Ешқайсыңның бір тал шашың да түспейді».

[35] Пауыл осылай деп, бір нанды алды да, бәрінің көзінше Құдайға шүкірлік айтты; бір жапырағын үзіп, жей бастады.

[36] Содан адамдар жігерленіп, тамақтанып алды.

[37] Кемеде жалпы саны екі жүз жетпіс алты кісі едік.

[38] Бәріміз тойып алған соң, теңізшілер кемені жеңілдету үшін жүк қоймасында қалған астықты теңізге лақтырып тастады.

[39] Таң атқанда олар келген жерді таныған жоқ. Жағасы жайлы шығанақты көріп, мүмкін болса, кемені сол жерге тақап тоқтатуға ұйғарды.

[40] Зәкірлердің арқандарын кесіп, теңізге тастады да, кеменің рулін байлаған қайысты босатып, алдыңғы желкенді жоғары көтеріп, жағаға бет алды.

[41] Алайда бір таяз жерге тап болып, кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды. Ал артын лықсыған толқындар соққылап, сындыра бастады.

[42] Тұтқындар жүзіп қашып кетпесін деп, жасақшылар оларды өлтіріп тастамақ болды.

[43] Бірақ Пауылды аман алып қалғысы келген жүзбасы олардың ниетін іске асыруларына тыйым салып: «Жүзе білетіндер бірінші болып теңізге секіріп түсіп, құрлыққа жүзіп барсын!

[44] Ал қалғандары тақтайларды және кеменің басқа да бөлшектерін қарманып, жағаға жетсін!» — деп бұйырды. Осылай барлығы да аман-есен жағаға жетіп алды.

Елшіл. істері — Chapters