Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:45

[1] Яһудея аймағындағы елшілер мен бауырластар Құдайдың Ізгі хабарын басқа ұлттың адамдары да қабылдағанын естіп білді.

[2] Петір Иерусалимге қайтып келгенде, Мәсіхке сенуші яһудилер оны:

[3] — Сіз сүндеттелмеген адамдарға барып, солармен бірге тамақ ішіпсіз, — деп жазғырды.

[4] Сонда Петір оларға оқиғаның қалай болғанын рет-ретімен баяндап беріп былай деді:

[5] — Мен Иоппе қаласында мінажат етіп отырғанда, ерекше күйге еніп аян көрдім: үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсе төрт бұрышынан ұсталған күйі көктен түсіріліп, қасыма төмендеп келе жатты.

[6] Анықтап қарағанымда одан төрт аяқты жануарларды, жабайы аңдарды, бауырымен жорғалаушылар мен жабайы құстарды көрдім.

[7] Сондай-ақ, «Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же!» деген дауысты да естідім.

[8] Ал мен: «Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін», — деп жауап қаттым.

[9] Ал көктен естілген жаңағы дауыс тағы да: «Құдай тазалағанды сен арам деп айтпа!» — деп бұйырды.

[10] Осы үш рет қайталанып, бәрі қайтадан көкке тартылып кетті.

[11] Дәл сол кезде мен тұрған үйдің алдына Кесариядан маған жіберілген үш кісі келді.

[12] Киелі Рух маған ойланбастан солармен бірге кетуім керек екенін айтып бұйырды. Мына алты бауырласымыз да ілесіп барып, осылай сол адамның үйіне кірдік.

[13] Ол бізге өзінің үйінде отырғанда періштенің аян беріп: «Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір дегенді шақырт!

[14] Ол саған Ізгі хабар айтады, сол арқылы өзің де, бүкіл үй ішің де құтқарыласыңдар» дегенін әңгімелеп берді.

[15] Мен оларға сөйлей бастағанда, тура о баста бізге қонғандай, олардың үстіне де Киелі Рух қонды.

[16] Сонда Иеміздің мына сөзі есіме түсті: «Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар».

[17] Сондықтан, егер Құдай бізге берген сыйын Иеміз Иса Мәсіхке сенетін оларға да берсе, онда мен Құдайға қарсы келетін кіммін?

[18] Яһуди сенушілері осыны естігенде тынышталып: — Сонымен Құдай басқа ұлттардың да теріс жолдан қайтып, шынайы өмірге ие болуына мүмкіндік берді! — деп қорытып, Құдайды мадақтай бастады.

[19] Степан өлгеннен кейін қуғынға ұшырап, бытырап кеткен сенушілер сол екі арада Финикия өлкесіне, Кипр аралына және Сирияның астанасы Антақияға дейін барған еді. Олар Ізгі хабарды тек яһудилерге ғана уағыздап жүрді.

[20] Бірақ кейбір кипрлік және күренелік сенушілер Антақияға келіп, Иеміз Иса туралы Ізгі хабарды грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарға да айтып жүрді.

[21] Иеміз құдіретті қолын созып мейірімді шапағатымен жарылқағандықтан, көп кісілер теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті.

[22] Бұл жайында Иерусалимдегі сенушілер қауымы да құлақтанып, Антақияға Барнабаны жіберді.

[23] Ол келіп, сол кісілерге деген Құдайдың рақымын көрген соң қатты қуанып, бәріне: «Иемізге шын жүректен адал болыңдар!» — деп жігер берді.

[24] Өйткені Барнаба Киелі Рух пен сенімге молынан кенелген жақсы кісі еді. Осылай Иеміздің қауымына көптеген адамдар қосылды.

[25] Содан кейін Барнаба Саулды іздеу үшін Тарсқа барып,

[26] оны тауып, Антақияға алып келді. Сол жердегі қауымда екеуі бір жылдай болып, көп кісілерге тәлім берді. Антақияда Исаның жолын қуушы шәкірттері алғаш рет «мәсіхшілер» деп аталды.

[27] Осы кезде Иерусалимнен Антақияға бірнеше пайғамбар келді.

[28] Солардың ішінен Агаб деген біреуі орнынан тұрып, Киелі Рухтың бүкіл жерді аштық жайлайды деген хабарын жеткізді. Осы аштық Клаудидің патшалық құрған кезінде болды.

[29] Сондықтан Иеміздің жолын қуушылар әрқайсысы өзінің шамасы келгенше Яһудея аймағындағы бауырластарына жәрдем жіберуге шешім қабылдады.

[30] Олар осылай істеп, жинағандарын Иерусалим қауымының жетекшілеріне Барнаба мен Саул арқылы жөнелтті.

Елшіл. істері — Chapters