Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:41

[1] Олардан айырылысқаннан кейін біз теңізге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңінде Родосқа, ал одан Патараға жеттік.

[2] Сол қаладан Финикия еліне тіке баратын бір кеме тауып алып, соған отырып, жүріп кеттік.

[3] Кипр аралы көрінгенде, оны оңтүстік жағынан айналып өтіп, Сирияға беттедік те, Тирге келіп тоқтадық. Себебі кеме сол қалаға жүгін түсіретін еді.

[4] Иеміздің жолын қуушы шәкірттерін тауып алып, олармен жеті күн болдық. Киелі Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей берді.

[5] Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Сенушілердің бәрі әйелдерімен, бала-шағасымен бізді қаланың сыртына дейін шығарып салды. Жаға бойында тізе бүгіп мінажат еттік.

[6] Бір-бірімізбен қош айтысқаннан кейін біз кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтты.

[7] Тирден шығып, Птолемайс қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бір күн бірге болдық.

[8] Ертеңіне Кесарияға бардық. Сол қалада біз Иерусалим қауымының жеті қызметшісінің бірі — Ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық.

[9] Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен.

[10] Біз Кесарияда бірнеше күн болғаннан кейін, Яһудея аймағынан Агаб есімді пайғамбар келді.

[11] Ол қасымызға келіп, Пауылдың белбеуін алып, сонымен өз аяқ-қолдарын байлады да: — Киелі Рух былай дейді: осы белбеудің иесін Иерусалимдегі яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді, — деді.

[12] Осыны естіген біз және жергілікті бауырластар Пауылдан: — Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтіндік.

[13] Бірақ ол: — Неменеге жылап, жүрегімді ауыртып тұрсыңдар? Мен Иеміз Исаның атын жариялау үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап берді.

[14] Оны көндіре алмағаннан кейін, біз тынышталып: — Иеміздің еркі болсын! — дедік.

[15] Осыдан кейін біз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледік.

[16] Кесариядан бірнеше бауырластар еріп, бізді бастапқы кезден бері Иеміздің жолын қуып келген Мынасон есімді кипрлікке алып барды. Бізге соның үйінде қонуға тура келді.

[17] Иерусалимге жеткенде, сондағы бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды.

[18] Ертеңіне біз Пауылмен бірге Жақыпқа бардық, қауымның барлық басқа жетекшілері де сонда жиналды.

[19] Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді.

[20] Оны тыңдап болған соң, бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады. Содан кейін олар Пауылға былай деді: — Уа, бауырласымыз, мынаны білесің: сан мыңдаған яһудилер Иемізге сенеді, барлығы да — Таурат заңын қызу жақтап, қатаң ұстанушылар.

[21] Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллі яһудилерге: Мұса арқылы берілген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретіп жүр» деген хабар алды.

[22] Ал бұған не істейік? Халықтың сенің осында екеніңді біліп, жиналатыны сөзсіз.

[23] Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын берген төрт кісі бар.

[24] Соларды ертіп алып, тазару рәсімін бірге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін қажетті құрбандықтың құнын өзің төле. Сонда бәрі сен туралы естігендерінің жалған екеніне, қайта, өзіңнің де Таурат заңын орындап жүргеніңе көз жеткізетін болады.

[25] Ал басқа ұлттық сенушілерге келсек, біз қабылдаған шешіміміз туралы жазып жібердік қой: олар жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиіс.

[26] Сонымен Пауыл келесі күні әлгі кісілерді ертіп алып, бірінші тазару рәсімінен бірге өтті. Содан кейін ғибадатханаға барып, тазару мерзімінің аяқталып, әрқайсысы үшін құрбандық шалынатын күнді діни қызметкерге хабарлады.

[27] Тазару мерзімінің жеті күні аяқталар шақта, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көріп, халықты оған қарсы айдап салды. Олар Пауылды ұстап алып, былай деп айқайлады:

[28] «Уа, исраилдік ер азаматтар, келіп, көмектесіңдер! Мына кісі барлық жерде біздің халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы ілімін таратып жүр. Оның үстіне өзге ұлт адамдарын ғибадатханаға кіргізіп, киелі жерді арамдады!

[29] Себебі олар осының алдында Пауылдың қалада ефестік Трофиммен бірге жүргенін көріп, сол шетелдікті ғибадатхананың ішкі ауласына алып келген екен деп ойлады.

[30] Бүкіл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Олар Пауылға бас салып, оны ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды.

[31] Олар Пауылды өлтірмекші болып жатқанда, Рим әскерінің мыңбасына: «Бүкіл Иерусалим бүлік шығарып жатыр!» — деген хабар жетті.

[32] Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты. Әлгі адамдар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде, Пауылды ұрып-соғуларын доғарды.

[33] Мыңбасы жақындап келіп, Пауылды тұтқынға алды да, екі шынжырмен қол-аяғын бұғаулауға бұйырды. Бұдан кейін адамдардан Пауылдың кім екенін, оның не істегенін сұрады.

[34] Жиналған тобырдың ішінен біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап жатты. Осындай у-шуда жөнді жауап ала алмаған соң, мыңбасы Пауылды қамалға айдап әкетуге әмір етті.

[35] Пауыл баспалдаққа жетіп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтеріп жүрулеріне тура келді.

[36] Өйткені үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтіріңдер!» — деп айқайлай берді.

[37] Жасақшылар Пауылды қамалға кіргізейін дегенде, ол мыңбасына тіл қатып: — Сізге бір сөз айтуға бола ма? — деді. Анау қатты таңғалып: — Сен грекше білесің бе?

[38] Демек, сен біраздан бұрын көтеріліс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессің ғой? — деп сұрады.

[39] Пауыл: — Жоқ, мен яһудимін, Кіликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етсеңіз екен, — деді.

[40] Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрған күйі қолын жоғары көтеріп, халыққа белгі берді. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше сөзін бастады:

Елшіл. істері — Chapters