[1] Қонияда да екі елші әдеттеріне сәйкес яһуди мәжілісханасына барды. Олардың айтқандары өте әсерлі болды, осылай яһудилер мен басқа ұлттық кісілердің көбі Иемізге сенді.
[2] Ал сенбейтін яһудилер басқа ұлт адамдарын қоздырып, оларды сенуші бауырластарға қарсы өшіктіріп қойды.
[3] Дегенмен екі елші едәуір уақыт сол жерде болып, Иеміз туралы батыл сөйлеп жүрді. Ол елшілерге кереметтер жасайтын құдіретті күш беріп, Өзінің рақымдылығы туралы Ізгі хабарды растады.
[4] Қала тұрғындары екі жақ боп бөлініп, бір жағы сенбейтін яһудилерді, басқалары елшілерді қолдады.
[5] Басқа ұлт адамдары мен яһудилердің бірсыпырасы басшыларымен бірігіп, елшілерге бірден тап беріп, азаптап, тас лақтырып өлтірмекші болды.
[6] Ал елшілер бұл туралы біліп қойып, Лиқаония аймағындағы Лүстра мен Дербе қалаларына және олардың маңайына қашып кетіп, құтылды.
[7] Олар сол жердегі адамдарға да Ізгі хабарды жеткізді.
[8] Лүстрада екі аяғы да күшсіз бір адам тұратын. Ол туғаннан сал болып, ешқашан жүріп көрмеген еді.
[9] Сол Пауылдың айтқан уағызын тыңдап отырды. Оған көзі түсіп, сауығамын деген сенімін байқаған Пауыл
[10] қатты дауыстап: «Тік тұр аяғыңа!» — деді. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүріп кетті.
[11] Пауылдың істегенін көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тілінде айқайлап: «Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!» — деді.
[12] Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебі сөз тізгіні Пауылдың қолында еді.
[13] Қаланың сыртында Зевске арналған ғибадатхана бар болатын. Сондағы діни қызметкер гүлдестелермен әшекейленген бұқаларды қала қақпасының алдына алып келіп, халықпен бірге құрбандыққа шалмақшы болды.
[14] Барнаба мен Пауыл осыны естігенде, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, наразылықтарын білдірді. Көпшіліктің арасына жүгіріп барып, қатты дауыспен былай деді:
[15] «Ей, азаматтар, неге бұлай істейсіңдер? Біз де сендер сияқты пендеміз ғой! Сендерге Ізгі хабарды әкелдік: түкке тұрмайтын тәңір бейнелерін тастаңдар, аспан мен жерді, теңізді және олардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрыңдар!
[16] Құдай өткен ұрпақтардың кезінде барлық ұлттарды өз беттерімен жіберсе де,
[17] Өзінің бар екендігіне істеген игі істерімен анық дәлел келтіруін тоқтатпады: Өзі аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлауымен жүрегімізді қуанышқа кенелтеді».
[18] Осы сөздермен олар халықты әрең дегенде тыныштандырып, өздеріне арнап құрбандық шалудан бас тартқызды.
[19] Кейін Антақия мен Қониядан бірқатар яһудилер Лүстраға келді. Олар жергілікті халықты үгіттеп көндіріп, Пауылды тас лақтырып ұрып кетті. Өліп қалды деп ойлап, оны қаладан сүйреп тастады.
[20] Бірақ Мәсіхтің шәкірттері қасына жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтып барды. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге жүріп кетті.
[21] Екі елші Дербе қаласында Ізгі хабарды уағыздап, көптеген адамдарды Мәсіхтің жолына түсіріп, Оның шәкірттері етті. Содан кейін Лүстраға, Қонияға және Пісидиядағы Антақияға қайта оралды.
[22] Олар барлық жерлерде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің жан дүниелерін нығайтып: «Сенімдеріңе адал болыңдар! Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше біз әлі де талай азап шегуге тиіспіз», — деп ескертті.
[23] Елшілер әр қауымда сенушілер үшін жетекшілер таңдады. Екі елші ораза тұтып (үстеріне қолдарын қойып) мінажат етті; осылай оларды өздері сенген Иеміздің қамқорлығына тапсырды.
[24] Содан кейін екі елші Пісидияны аралап өтіп, Памфүлия аймағына жетті.
[25] Олар Перге қаласында Иеміздің Ізгі хабарын уағыздаған соң, Анталияға қарай ылдилап түсті.
[26] Сол жерден кемеге отырып, (Сириядағы) Антақияға қайтып барды. Сондағы қауым оларды атқарып келген жұмыстары үшін Құдайдың рақымына тапсырған болатын.
[27] Қайтып келген екі елші қауымды жинап, өздері арқылы Құдайдың не істегенін, әсіресе, басқа ұлттардың Мәсіхке сенуіне жол ашқанын түгел айтып берді.
[28] Осыдан кейін олар бірталай уақыт сол жердегі сенушілермен бірге болды.