Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:30

[1] Петір мен Жохан жиналған жұртқа әлі де сөйлеп тұрған кезде оларға діни қызметкерлер, ғибадатхана сақшыларының басшысы және өзге саддукейлер де келді.

[2] Олар екеуінің халыққа тәлім беріп, «Иса өлімнен қайта тірілді» деп жариялап жүргендеріне наразы болды.

[3] Содан олар Петір мен Жоханды тұтқындап, келесі күнгі таңертеңге дейін түрмеде ұстады. Себебі мезгіл кеш болып қалған еді.

[4] Петірдің уағызын тыңдағандардың көбі сенімді қабылдап, қауымдағы ер адамдардың саны бес мың шамасында болды.

[5] Келесі күні таңертең яһудилердің басшылары, рубасылары және дін мұғалімдері Иерусалимде жиналды.

[6] Бас діни қызметкер Ханна әрі Қаяфа, Жохан, Ескендір және басты діни қызметкер әулетінің тағы басқа кісілері де түгел сол жерде болды.

[7] Олар екі елшіні ортаға шығарып: — Сендер мұны қандай күшпен, кімнің атынан істедіңдер? — деген сұрақ қойды.

[8] Киелі Рухқа ерекше кенелген Петір оларға былай жауап берді: — Халықты басқарушылар мен рубасылары!

[9] Біз бүгін: «Ол кім арқылы сауықты?» деп, ауруға жасаған жақсылығымыз үшін тергелмек болып жатырмыз.

[10] Ендеше бәріңіз де біліп алыңыздар, бүкіл Исраил халқына да мәлім болсын: сіздер айқышқа шегелетіп өлтірткен, ал Құдай өлімнен қайта тірілткен назареттік Иса Мәсіхтің атынан мына кісі сауығып, қарсы алдарыңызда тұр.

[11] Иса — құрылысшылар, яғни сіздер, менсінбей бас тартқан Тас. Ол «енді үйдің басты іргетасына айналды!»

[12] Исадан басқа ешкім де бізді (Құдайдың қаһарынан) құтқара алмайды! Аспан астында бізді құтқаратын басқа ешкімнің есімі адамдарға бұйырылмаған!

[13] Кеңес мүшелері Петір мен Жоханның батылдығын көріп, олардың арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар екенін байқағанда таңғалды. Сондай-ақ, олар екеуінің Исаның шәкірті болғанын білді.

[14] Алайда қастарында тұрған сауыққан кісіні көріп, қарсы ештеңе айта алмады.

[15] Оларға: «Жоғарғы кеңестен шығыңдар!» — деп бұйырды да, өзара ақылдасып:

[16] «Мына кісілерге не істесек екен? Олар арқылы бір кереметтің жасалғаны анық, бұл Иерусалимде тұрып жатқандардың бәріне белгілі, онымен таласа алмаймыз.

[17] Дегенмен бұл іс халыққа одан бетер тарап кетпес үшін, бұдан былай сол Есімді атап ешкімге сөйлемеңдер, олай етпеген күнде жазаға тартамыз деп қатаң тыйым салайық», — десті.

[18] Әлгілерді шақырып алып, оларға: — Исаның атымен ешқандай уағыз айтпаңдар да, тәлім бермеңдер де! — деп тыйым салды.

[19] Бірақ Петір мен Жохан оларға: — Құдайды емес, сіздерді тыңдау Оның алдында жөн болар ма екен? Мұны өздеріңіз ойлап көріңіздерші!

[20] Ал біз көріп-естігендеріміз туралы үнсіз қала алмаймыз, — деп жауап берді.

[21] Жоғарғы кеңес болған оқиғаға бола Құдайды дәріптеп жүрген халықты ескеріп, екі елшіні жазалаудың ретін таппай, оларды қорқыта түсіп, жөндеріне жіберді.

[22] Себебі көп жылғы ауруынан сауығып, кереметті басынан кешірген кісінің жасы қырықтан асып кеткен еді.

[23] Өздерін босатқаннан кейін Петір мен Жохан қауымдастарына барып, басты діни қызметкерлер мен рубасыларының өздеріне айтқандарын түгел баяндап берді.

[24] Сенушілер осыны естігенде ниеттес көңілмен Құдайға сиынып, дауыстап былай деді: — Уа, Әлемнің Әміршісі, көк пен жерді, теңізді және олардағы нәрселердің бәрін жаратқан Сенсің!

[25] Өзіңнің қызметшің — арғы атамыз Дәуіттің аузымен Киелі Рух арқылы былай дедің: «Неге халықтар жатыр ашуланып, Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып?

[26] Жаратқан мен Оның қойған Патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп».

[27] Рас, осы қалада Ирод пен Понти Пилат Өзіңе бағынбаған ұлттармен және Исраилдің руларымен бірігіп, Өзің Патша етіп тағайындаған қасиетті Қызметшің Исаға қарсы одақтасты.

[28] Алайда олардың іске асырғаны — Сенің құдіретті еркің алдын ала белгілеген жоспарың ғана.

[29] Ал енді, уа, Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа Сенің сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!

[30] Қолыңды созып ауруларды сауықтыра гөр, қасиетті Қызметшің Исаның атынан кереметтер мен ғажап істер жасап құдіретіңді көрсете гөр!

[31] Олар сиынып болғаннан кейін өздері жиналып отырған жер қозғалып кетті. Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады.

[32] Сенушілердің қауымы ой-ниеттері бірдей шын жүректен ынтымақтас болды. Ешкім қолындағы мал-мүлкін өз меншігім демей, олар барлығымен бөлісті.

[33] Елшілер Иеміз Исаның қайта тірілгендігі туралы зор жігермен куәлік берді. Осылайша олардың бәріне Құдайдың мол рақымы жауды.

[34] Араларында жоқшылық көрген ешкім болған жоқ. Себебі жері немесе үйлері барлар керек болғанда меншіктерін сатып, ақша түсіріп,

[35] оны елшілердің алдына әкеліп қойып отырды. Осыдан әркімге керегінше берілді.

[36] Мысалы, Леуі руынан шыққан кипрлік Жүсіп есімді адам болды. Елшілер оған Барнаба — аударғанда Жігерлендіруші деген қосымша ат берген еді.

[37] Барнаба өзінің меншікті егістік жерін сатып, түскен ақшаны алып келіп, елшілердің алдына қойды.

Елшіл. істері — Chapters