[1] Амфипол мен Апполонияны аралап өткеннен кейін, елшілер Салониқаға жетті. Бұл қалада яһудилердің мәжілісханасы бар еді.
[2] Пауыл әдетінше мәжілісханаға барып, үш демалыс күні жамағатпен Киелі жазбаларға сүйеніп сөйлесті.
[3] Пауыл соларды түсіндіріп, Құтқарушы Мәсіхтің азап шегіп өліп, содан қайта тірілуге тиісті екенін дәлелдеді. Ол: «Мен сендерге уағыздап жүрген Иса — Мәсіхтің Өзі!» — деді.
[4] Яһудилердің бірнешеуі Исаға сеніп, Пауыл мен Сыйласқа қосылды. Сондай-ақ, Құдайды қастерлейтін гректердің үлкен бір тобы және көптеген беделді әйелдер де осылай істеді.
[5] Ал сенбейтін яһудилер қызғаныштан ызаланып, базарда жүрген бірнеше бұзықтарды жалдап, бір тобырды жинап, қаланы дүрліктірді. Олар Ясонның үйіне шабуыл жасап, Пауыл мен Сыйласты жиналған халықтың алдына шығару үшін іздеді.
[6] Екеуін таппаған соң, Ясонды және басқа бірнеше бауырластарды қаланың әкімшілеріне сүйрелеп апарып, былай деп айқай салды: «Бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар мұнда да келіпті!
[7] Ясон оларды үйіне қондырды. Бұлар римдік патшамыздың әмірлеріне қарсы шығып, Иса деген басқа Патшаны құрметтейді!» —
[8] Мұны естіген халық және қаланың әкімшілері қатты абыржыды.
[9] Олар Ясонды және басқа сенушілерді кепілдік беруге мәжбүрлеп, содан кейін ғана босатып жіберді.
[10] Бауырластары Пауыл мен Сыйласты дереу сол түні-ақ Береяға жөнелтіп жіберді. Олар бұл қалаға жетісімен яһудилердің мәжілісханасына барды.
[11] Салониқалықтарға қарағанда мұндағылардың пейілдері кеңірек екен. Олар елшілердің хабарын бар ынталарымен қабылдап, шындығына көз жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді.
[12] Осылай олардың көбі Мәсіх Исаға сенді, араларында халыққа қадірлі грек әйелдері мен ер азаматтары да аз болған жоқ.
[13] Ал салониқалық яһудилер Пауылдың Береяда Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүргенін біліп алған соң, сол жерге де барып, халықты дүрліктіріп, әлек салды.
[14] Бауырластары Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді, ал Сыйлас пен Тімоте Береяда қалып қойды.
[15] Пауылды шығарып салушылар онымен бірге Афинаға дейін барды. Содан олар оның Сыйлас пен Тімотеге арналған: «Тезірек қасыма келіңдер!» — деген тапсырмасын алып, кері қайтып кетті.
[16] Пауыл Афинада жолдастарын күтіп жүргенде, қаладағы қаптаған тәңір бейнелерін көріп, іштей қапаланып ашуланды.
[17] Ол мәжілісханада яһудилермен және Құдайды қастерлейтін гректермен сөйлесіп, күн сайын базарда кездейсоқ жолыққандарымен де пікірлесіп жүрді.
[18] Бір жолы эпикурей және стоик философияларын жақтайтындар да онымен айтыса бастады. Кейбіреулері: «Мына білгішсінген мылжың не дегісі келеді?» — десе, басқалары: «Ол бөтен тәңірлерді уағыздап жүрген сияқты», — деді. Өйткені Пауыл Иса және қайта тірілу туралы Ізгі хабарды жариялауда еді.
[19] Олар Пауылды Ареопаг төбесіне алып барып, одан: — Сіз уағыздап жүрген жаңа ілім қандай, білуге бола ма?
[20] Айтып жүргеніңіз құлағымызға оғаш естіледі, сондықтан оның не екенін білгіміз келеді, — деп сұрады.
[21] Себебі барлық афиналықтар мен сол жерде тұратын шетелдіктер бір жаңалық естуге немесе айтып беруге құштар болатын.
[22] Сонда Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, жиналғандарға былай деді: — Уа, афиналық адамдар! Сіздердің барлық жағынан да айрықша діншіл екендеріңізді байқадым.
[23] Қасиетті орындарыңызды аралап, қарап жүргенде «Бейтаныс құдайға» деген жазуы бар құрбандық үстелін де көрдім. Өздеріңіз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген сол Құдай туралы сіздерге хабарлап жүрмін.
[24] Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі! Сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды.
[25] Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес. Қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды.
[26] Ол бір адамнан адамзаттың бар ұлттарын таратып, оларды бүкіл жер жүзіне мекендеткен және олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған.
[27] Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес,
[28] себебі «Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет жасап, тіршілік етіп жүрміз». Сол сияқты кейбір ақындарыңыз да: «Біз Оның ұрпағымыз» деген.
[29] Ал енді біз Құдайдың рухани ұрпағы болсақ, Оның болмысы алтын, күміс не тас мүсінге ұқсайды деп ойламайық! Бұлар — адамның өнері мен тапқырлығынан туындаған бейнелер ғана.
[30] Өткен дәуірлерде Құдай мұндай ұғымсыздыққа сабырлылық көрсетті, алайда қазір Ол барлық жердегі адамдардың бәріне де теріс жолдан қайтуды бұйырады.
[31] Себебі Ол осы дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзатқа мұның дәлелі болсын деп, Құдай сол Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды!
[32] Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері оларды мазақтаса, өзгелері: — Бұл туралы сізді тағы да тыңдаймыз, — деді.
[33] Сонымен Пауыл орталарынан кетіп қалды.
[34] Ал кейбір адамдар оған қосылып, сенімді қабылдады. Бұлардың арасында Ареопаг қоғамының мүшесі Дионис, сондай-ақ, Дамар есімді әйел және бірнеше басқалар да болды.