[1] Агриппа Пауылға: — Өзіңді ақтап сөйлеуге рұқсат, — деді. Сонда Пауыл қолын созып, қорғау сөзін бастады:
[2] — Жоғары мәртебелі Агриппа патша, бүгін сіздің алдыңызда тұрып, яһуди басшыларының таққан айыбына қарсы өзімді қорғап сөйлеп тұрғаныма қуанамын.
[3] Өйткені сіз яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан сөзіме шыдамдылықпен құлақ түрсеңіз екен деп өтінемін.
[4] Жас кезімнен бастап Иерусалимде тұрып, халқым ішінде қандай өмір сүріп келе жатқаным яһудилердің бәріне мәлім.
[5] Олар мені көптен бері таниды; егерде шындықты мойындағылары келсе, менің парызшыл ретінде дініміздің ең қатал бағытын ұстанатындардың қатарына жатқанымды біледі.
[6] Бүгін сот алдында тұруымның себебі — Құдайдың бір кезде ата-бабаларымызға берген уәдесіне үміт артуым.
[7] Осы уәденің орындалуына халқымыздың он екі руы да күндіз-түні Құдайға қызмет етіп үміт етеді. О, патшам, бүгін яһудилер мені содан үміткер болғаным үшін айыптап отыр.
[8] Сіздер неге Құдайдың өлгендерді қайта тірілтуіне сенбейсіздер?
[9] Рас, баяғыда мен де назареттік Исаға қарсы күресуді міндетім деп ойладым.
[10] Иерусалимде осымен айналысып, бас діни қызметкерден арнайы өкілеттік алып, Құдайдың қасиетті адамдарының көбін түрмеге жаптырдым. Олар өлім жазасына кесілгенде, бұған да келісіп, дауыс беріп отырдым.
[11] Барлық мәжілісханаларды аралап жүріп, сондайларды талай рет азапқа салып, оларға Иеміздің атын қорлатуға тырыстым. Ашу-ызаға кернелгенім сонша, оларды шетелдік қалаларға барып та қудаладым.
[12] Бірде осы мақсатпен бас діни қызметкерден өкілеттік пен тапсырма алып, Дамаскіге бара жатыр едім.
[13] Уа, патша, сонда мен жолда келе жатып түс кезінде күн сәулесінен де жарық, көктен түскен нұрды көрдім. Оның сәулесі өзіме де, серіктеріме де түсті.
[14] Бәріміз жерге құлап түстік. Сол кезде бір дауыстың маған еврейше: «Саул, Саул, Мені неге қудалайсың? Сен Иеңе қарсы шығып азапқа қаласың», — дегенін естідім.
[15] Мен: «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Мен сен қудалап жүрген Исамын.
[16] Орныңнан тұр! Мен сені Өзіме нөкер қылу үшін келдім. Бұдан былай сен Менен көргеніңе және саған кейін көрсететіндеріме басқалар үшін куә болуға тиістісің.
[17] Сені өз халқыңа да, басқа ұлттарға да жіберемін әрі олардың жасайтын қастандықтарынан құтқарамын:
[18] олар қара түнектен нұрға, әзәзіл шайтанның құлдығынан Құдайға бет бұрулары үшін сен олардың көздерін аш! Сонда олар Маған сеніп, күнәлары кешіріліп, Құдай халқының арасынан өз орындарын алады», — деді.
[19] Міне, осы себептен мен, Агриппа ағзам, маған көктен аян беріп, Бұйырғанға бағынбай тұра алмадым.
[20] Керісінше, алдымен Дамаск пен Иерусалимнің, одан кейін бүкіл Яһудея аймағының тұрғындары мен басқа ұлт адамдарына да: «Теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрыңдар, әрі соған лайықты іс істеңдер!» деп уағыз айтып жүрдім.
[21] Яһудилердің мені ғибадатханада ұстап алып, өлтіргілері келген себебі, міне, осы.
[22] Құдай қорғап-қолдап келгендіктен, мен күні бүгінге дейін берік тұрып, үлкен-кіші бәріне куәлік етемін. Мұса мен басқа да пайғамбарлар келешекте болады деп алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп жүрмін.
[23] Атап айтқанда, Құтқарушы Мәсіх азапталып, ең бастысы болып өлімнен тіріліп, Исраил халқына және басқа ұлттарға жарық нұрды жариялауға тиісті болды.
[24] Пауыл өзін ақтап, осылай сөйлеп тұрғанда, Фест қатты дауыстап: — Есің дұрыс емес, Пауыл! Көп оқып, ақылыңнан адасқансың! — деді.
[25] Пауыл оған: — Есім дұрыс, қадірлі Фест, мен ой елегінен өткен шынайы сөздерді айтып тұрмын!
[26] Патша ағзам мұның бәрін біледі. Сондықтан оған бұларды еркін баяндап тұрмын. Болған жайттардың ешқайсысы одан жасырын емес, соған сенімдімін, себебі олар тасада өткен жоқ.
[27] Агриппа патша, сіз пайғамбарлардың айтқандарына сенесіз бе? Оларға сенетіңізді білемін, — деді.
[28] Сонда Агриппа Пауылға: — Аз уақыттың ішінде мені де мәсіхші болуға көзімді жеткізбексің бе? — деді.
[29] Пауыл оған: — Аз ба, көп пе, әйтеуір бір уақытта өзіңіз де, мені бүгін тыңдап тұрғандардың бәрі де бұғауланған күйімнен басқа дәл мен сияқты болсаңыздар екен деп Құдайдан сұраймын, — деді.
[30] Пауыл осыны айтқанда патша орнынан көтерілді; онымен бірге әмірші, Бернике және залда отырғандар түгел тұрды.
[31] Олар шығып бара жатқанда, бір-біріне: — Мына кісі не өлімге кесер, не түрмеге жабар қылмыс жасаған жоқ, — десті.
[32] Агриппа да Фестке: — Римдегі патша сотын талап етпегенде, мұны босатып жіберуге болар еді, — деді.