Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 8:33

[1] Алғашқы өнім мейрамы келгенде, сенушілердің бәрі бірге болды.

[2] Сонда кенеттен көктен бір қатты жел соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті.

[3] Сенушілерге жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де, бөлініп-бөлініп әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды.

[4] Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Оның өздеріне берген дарынына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады.

[5] Сол кезде Иерусалимде дүниенің төрт бұрышындағы әр елден келген, Құдайды қастерлейтін яһудилер тұратын.

[6] Осы шу естілгенде көптеген халық сол жерге жиналып, аңтарылып тұрып қалды. Себебі олардың әрбіреуі тыңдағанда сенушілердің мұның өз тілінде сөйлеп тұрғанын естіді.

[7] Халық қатты таңғалып: «Мына сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе? — десті.

[8] — Бұл қалайша болып тұр: біз әрқайсымыз бұлардың өз тілдерімізде сөйлегенін естіп тұрмыз?!

[9] Арамызда парттар, мидиялықтар және еламдықтар бар, Месопотамия, Яһудея және Қападоқияда, Понтус пен Азия,

[10] Фрүгия мен Памфүлия аймақтарында, Мысырда және Либияның Күренеге жақын өлкелерінде тұратындар бар; арамызда Римнен келген қонақтар — яһудилер және яһуди дініне кіргендер, сондай-ақ,

[11] криттіктер мен арабтар да бар. Бірақ әрқайсымыз мына кісілердің Құдайдың ұлы істерін өз тілдерімізде жариялап жатқанын естіп тұрмыз!»

[12] Бәрі аң-таң болып не істерін білмей, бір-бірінен: «Бұл нені білдіреді екен?» — деп сұрасты.

[13] Ал кейбіреулері мысқылдап: «Сірә, олар тәтті шарапқа тойып алған шығар», — деді.

[14] Сонда Петір өзге он бір елшімен бірге орнынан тұрып, қатты дауыспен халыққа былай деп сөйлеп кетті: — Уа, халайық, яһудилер және Иерусалимде тұрып жатқан сендердің барлығың! Сендерге мұның мәнісін түсіндірейін, сөзіме құлақ түріңдер!

[15] Бұлар сендер ойлағандай ішіп алған емес, қазір уақыт таңертеңгі тоғыз ғой.

[16] Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер енді орындалып жатыр:

[17] Осы заманның аяғында Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын, — дейді Құдай. — Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жігіттерің аян, қарттарың түс көреді.

[18] Сол күндері Мен тіпті құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін. Сонда олар да пайғамбарлық сөз айтады.

[19] Мен аспанның биігінде кереметтер жасаймын әрі төменде, жер бетінде, ғажап істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады.

[20] Жаратқан Иенің ұлы да салтанатты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады.

[21] Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады.

[22] Уа, исраилдіктер, мына сөзді тыңдаңдар: Құдай сендердің көз алдарыңда назареттік Исаға зор құдіретпен кереметтер жасатқан еді. Ол солар арқылы Өзінің Исаны жібергендігіне куәлік берді. Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда істеді, соны өздерің білесіңдер.

[23] Ал Иса Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен құрбан етілді: сендер Оны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен айқышқа шегелетіп өлтірттіңдер!

[24] Бірақ Құдай Исаны өлім тұзағынан босатып, тірілтіп алды. Өйткені Оның өлім құрсауында қалуы мүмкін емес болатын.

[25] Дәуіт пайғамбар Ол туралы былай деген: «Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол Маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде.

[26] Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам боп тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды.

[27] Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің.

[28] Шын өмір жолын Маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің».

[29] Ағайындар, мен сендерге бабамыз Дәуіт туралы еш қаймықпай ашық айта аламын: ол дүние салып, мәйіті қабірге қойылды. Оның қабірі біздің елімізде күні бүгінге дейін сақталып келеді.

[30] Ал Дәуіт пайғамбар болды және оның тағына бір Ұрпағын отырғызуға Құдайдың өзіне ант еткенін білді.

[31] Сондықтан Дәуіт келешекке көз жіберіп, (өз Ұрпағы) Мәсіхтің қайта тірілуі туралы алдын ала айтқан болатын: Мәсіхтің жаны о дүниеге қиылмады, әрі Оның тәні шіріп кетпеді!

[32] Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды, біз бәріміз соған куәміз!

[33] Иса Құдайдың құдіретімен көкке көтеріліп, Әкеден уәделі Киелі Рухты алған соң, Оны біздің үстімізге құйып сыйлады. Мұны өздерің естіп және көріп тұрсыңдар.

[34] Себебі Дәуіттің өзі көкке көтеріліп кеткен жоқ. Алайда ол (Забурда) былай деген ғой:

[35] «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда».

[36] Сондықтан бүкіл Исраил халқы мынаны анық білсін: Құдай сендер айқышқа шегелеткен осы Исаны «Иеміз» және «Мәсіх» етіп тағайындады!

[37] Халық мұны естігенде жүректері қарс айырылып, опық жеді. Олар Петір мен басқа елшілерден: — Ағайындар-ау, біз енді не істеуіміз керек? — деп сұрады.

[38] Петір оларға былай деп жауап берді: — Әрқайсың күнәларыңның кешірілуі үшін теріс жолдан қайтып, Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Оның Киелі Рухын қабылдайсыңдар.

[39] Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа және алыстағылардың бәріне: Құдайымыз — Жаратқан Ие шақыратын барлығына да арналған. —

[40] Петір тағы көптеген сөздермен оларға: — Мына азғын ұрпақтың арасынан шығып, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылыңдар! — деп жалына ескертті.

[41] Петірдің сөзін қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды.

[42] Сенушілер елшілердің беріп жүрген тәлімін, өзара қарым-қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді.

[43] Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсеткен көптеген керемет істер болып жатты.

[44] Мәсіхке сенушілердің барлығы біртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады;

[45] иеліктеріндегі жер танаптары мен дүние-мүліктерін сатып, содан түскен қаржыдан әркімге керегінше беріп отырды.

[46] Олар күн сайын ғибадатханада ниеттес көңілмен бірге болды; сонымен қатар өз үйлерінде де бас қосып, нан үзу рәсімін орындап, ақпейілмен қуана бірге тамақ ішіп отырды,

[47] әрі Құдайды мадақтап дәріптеді. Бүкіл халық оларды ұнатты, ал Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды.

Елшіл. істері — Chapters