[1] Шамамен осы кезде Ирод (Агриппа) патша қауымның кейбір мүшелерін тұтқындатып, зорлық-зомбылық көрсетіп,
[2] Жоханның туған ағасы Жақыпты семсермен шауып өлтіртті.
[3] Осы қылығы яһудилерге ұнағанын көрген ол Петірді де қолға түсірді. Бұл Ашымаған нан мейрамының кезінде болды.
[4] Осылай Ирод Петірді тұтқындатқан соң, оны түрмеге жаптырып, төрт топқа бөлінген он алты жасақшыға күзеттіріп қойды да, Құтқарылу мейрамынан кейін оны халықтың алдына шығарып, соттамақ болып ниеттенді.
[5] Сонымен Петір абақтыда күзетілді, ал қауым ол үшін Құдайға қызу жалбарынып сиынумен болды.
[6] Ирод оны халық алдында соттайтын күнгі түнде Петір екі жасақшының ортасында екі шынжырмен байлаулы ұйықтап жатты. Есіктің алдында да қарауыл абақтыны күзетіп тұрды.
[7] Кенеттен Жаратқан Иенің бір періштесі пайда болып, қапас жарқырап кетті. Періште Петірді бүйірінен түртіп оятып: «Тезірек тұр!» — дегенде, оның қолдарын байлаған шынжырлар сыпырылып түсті.
[8] Періште: «Беліңді буынып, аяғыңа да ки!» — деді. Петір мұны орындағаннан кейін, періште: «Шапаныңды жамылып, маған ер!» — деп бұйырды.
[9] Сонда Петір оған ілесіп, қапастан шықты. Ол періштенің істегені өңінде болып жатқанын ұқпай, аян көріп тұрмын деп ойлады.
[10] Олар бірінші және екінші қарауылдан өтіп, қалаға шығатын темір қақпаға келгенде, қақпа бұларға өзінен-өзі ашыла кетті де, екеуі сыртқа шықты. Бір көшемен жүріп бара жатқанда кенеттен періште Петірдің қасынан ғайып болды.
[11] Петір өзіне-өзі келгеннен кейін: «Иеміздің періштесін жіберіп, мені Иродтың қолынан және яһуди халқы күткеннің бәрінен құтқарғанын енді шынымен біліп тұрмын», — деді.
[12] Осыны аңғарған ол Марқа деп те аталған Жоханның шешесі Мәриямның үйіне барды. Сол жерде көп бауырластар Құдайға сиынып мінажат етуге жиналған еді.
[13] Петір сыртқы есікті қаққанда, Рода есімді қызметші қыз кім екенін білу үшін құлағын тосты.
[14] Ол Петірді даусынан танып, қуанғанынан қақпаны ашпастан үйге жүгіріп барып: — Қақпаның алдында Петір тұр! — деп хабарлады.
[15] Ал үйдегілер: — Есің дұрыс па өзі? — деп, оған сенбеді. Бірақ ол: — Рас, рас! — деп тұрып алды. — Бұл оның періштесі шығар, — десті олар.
[16] Петір үздіксіз қағып тұрды. Ақырында олар ашып, оны көргенде, қатты таңғалды.
[17] Петір сабыр етіңдер деп қолын сілтеп, Иеміздің оны түрмеден қалай шығарғанын әңгімелеп берді. «Осыны Жақыпқа және басқа бауырластарға айтыңдар!» — деп, үйден шығып, басқа жаққа кетіп қалды.
[18] Таң атқанда қарауылдағылар Петірге не болғанын түсінбей, қатты састы.
[19] Ирод оны іздеуге бұйырып, таппаған соң күзетшілерді тергеп, өлімге кесті. Бұдан кейін Ирод Яһудеядан астанасы Кесарияға ылдилап барып, сонда біраз уақытқа тоқтамақ болды.
[20] Ол Тир мен Сидонның тұрғындарына қатты өшігіп алған еді. Екі қала өзара келісіп, өкілдерін жіберді. Бұлар патшаның уәзірі Бластты өздерін жақтауға көндіргеннен кейін: «Бітімге келейік», — деп өтінді. Себебі олардың аймағы патша елінен азық-түлік алып тұратын.
[21] Белгіленген күні Ирод патшалық сән-салтанатпен киініп, мінбедегі тағына отырды да, өкілдерге арнап сөз сөйледі.
[22] Жиналған халық оған: «Адам емес, құдай сөйлеп тұр!» — деп айқайлай берді.
[23] Ирод Құдайға тиісті құрметті көрсетпегендіктен, Жаратқан Иенің періштесі оған дереу жаза жіберді: Ирод тірідей құртқа жем болып өлді.
[24] Ал Құдайдың сөзі кеңінен тарап, сенушілердің саны өсе берді.
[25] Барнаба мен Саул өздеріне жүктелген міндетті Иерусалимде орындап болып, (Антақияға) қайта оралды. Олар Марқа деп те аталған Жохан есімді жігітті де ертіп алды.