[1] Пауыл Жоғарғы кеңеске тіке қарап: — Бауырластар! Бүгінге дейін мен Құдай алдында ар-ұжданым кіршіксіз таза өмір сүріп келдім, — деді.
[2] Ал бас діни қызметкер Анани Пауылдың қасында тұрғандарға оны аузынан ұруға бұйырды.
[3] Сонда Пауыл оған: — Әктелген қабырға, сізді Құдай ұрады! Осы жерде мені Таурат заңы бойынша соттау үшін отырғанмен, заңды бұзып мені ұрғыздыңыз, — деді.
[4] Қасында тұрғандар: — Құдайдың бас діни қызметкеріне ұрсуға қалай батылың барады? — деп ескертті.
[5] Пауыл былай деп жауап берді: — Бауырластар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім! «Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!» деп (Тауратта) жазылған ғой.
[6] Жоғарғы кеңестің бір бөлігінің саддукейлер, ал қалғандарының парызшылдар екенін білген Пауыл дауыстап: — Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетіненмін де. Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін сотталып жатырмын! — деді.
[7] Осы сөзден кейін парызшылдар мен саддукейлер айтысып қалды да, жиналғандар екіге бөлініп кетті.
[8] Себебі саддукейлер ешқандай қайта тірілу де, періштелер де, рухтар да жоқ десе, парызшылдар бұлардың бәрін мойындайды.
[9] Жиналыс айғай-шуға ұласты. Парызшылдардың кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып: — Бұл кісіден ешқандай жамандық таппай тұрмыз. Оған бір рух немесе періште аян берген болса (біз Құдайға қарсы шықпаймыз)! — деп қызулана айтысты.
[10] Айтыс үлкен жанжалға айналып, мыңбасы олар Пауылды паршалап тастар деп қауіптенді. Содан ол жасақшыларға төмен түсіп, оны әлгілердің араларынан күшпен алып шығып, қамалға апаруға бұйырды.
[11] Сол түні Иеміз Пауылдың жанында пайда болып: «Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиістісің», — деп аян берді.
[12] Келесі күні таңертең бірсыпыра яһудилер жасырын жиналып, Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп қарғанып ант берісті.
[13] Бұл ант байланысқан топта қырықтан аса адам бар еді.
[14] Олар басты діни қызметкерлер мен рубасыларына барып: — Пауылды өлтіргенше нәр татпаймыз деп қарғанып ант берістік.
[15] Сонымен Жоғарғы кеңес ретінде мыңбасына хабарлап: «Пауылдың ісімен жақынырақ танысқымыз келеді» деген сылтаумен оны өздеріңізге әкелдіріңіздер. Ал біз оны осында жеткізбей жолшыбай өлтіруге дайын тұрамыз», — деді.
[16] Бұл қаскүнемдік туралы Пауылдың жиен інісі біліп қойды. Ол қамалға кіріп, Пауылға барды да, осы туралы хабарлады.
[17] Пауыл бір жүзбасын шақырып алып, оған: «Мына жас жігітті мыңбасына апарыңызшы, оған айтатын хабары бар», — деді.
[18] Жүзбасы бозбаланы ертіп мыңбасына кіріп: — Әлгі тұтқын Пауыл мені шақыртып алып, мына жас жігітті өзіңізге әкелуімді өтінді. Оның сізге айтатын бірдеңесі бар екен, — деді.
[19] Мыңбасы жігіттің қолынан ұстап, оңашаға шығарып: — Маған не айтайын деп едің? — деп сұрады.
[20] Ол: — Яһудилер өзара келісіп, Пауылдың ісін одан да мұқият тексеру сылтауымен оны ертең Жоғарғы кеңеске апаруыңызды сұрамақ.
[21] Ал сіз бұған келіспесеңіз игі болар еді. Өйткені олардың қырықтан аса адамы оны жол бойы торуылдап аңдып отырады. Бұлар Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп анттасты; енді келісіміңізді күтіп, дайын отыр, — деді.
[22] Мыңбасы жас жігітке ескертіп: — Маған осыны айтқаның туралы ешкімге де тіс жарма! — деп қайтарып жіберді.
[23] Содан ол жүзбасылардың екеуін шақырып алып: «Кешкі сағат тоғызға екі жүз жауынгер, жетпіс атты әскер және екі жүз мергенді Кесарияға баруға дайындаңдар!
[24] Пауылға мінуге көлік дайындап, әмірші Феликске аман-есен апару жағын қадағалаңдар!» — деп бұйырды.
[25] Содан соң төмендегідей хат жазды:
[26] «Жоғары мәртебелі әмірші Феликске Клауди Лүсиден сәлем!
[27] Мына кісіні яһудилер ұстап алып, өлтірейін деп жатқан сәтте мен оның Рим азаматы екенін біліп, жасақшылармен үстінен түсіп, құтқарып алдым.
[28] Не үшін айыптайтындарын білмек болып, оны солардың Жоғарғы кеңесіне алып бардым.
[29] Сонда аңғарғаным, олар мұны өз заңдары туралы даулы мәселелерге бола айыптайды екен. Бірақ оған өлім жазасына кесетіндей немесе түрмеге жабатындай ешбір кінә таққан жоқ.
[30] Мен оған қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылғанын біліп қалып, оны дереу сізге жіберіп отырмын. Айыптаушыларға тағатын кінәларын өзіңізге апаруға бұйырдым. Қош-сау болыңыз!»
[31] Жасақшылар бұйрықты орындап, Пауылды сол түні Антипатрис қаласына жеткізді.
[32] Келесі күні тұтқынды атты жасақпен әрі қарай жөнелтіп, өздері қамалға қайтып кетті.
[33] Кесария қаласына келісімен атты жасақ хатты тапсырып, Пауылды әміршіге табыс етті.
[34] Әмірші хатты оқып, Пауылдан қай аймақтан екенін сұрап, Кіликиядан екенін біліп алды:
[35] «Сені айыптаушыларың келгенде тергеймін», — деп шешіп, оны Ирод атындағы сарайда ұстауға бұйырды.