Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:49

[1] Осы күндердің бірінде Петір мен Жохан күндізгі сағат үште, яғни Құдайға сиынатын мезгілде, ғибадатханаға өрлеп бара жатты.

[2] Кісілер тумысынан сал болып туған бір ер адамды күн сайын ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» қасына көтеріп алып келіп, отырғызып қоятын. Сол жерде ол ғибадатхана ауласына енгендерден қайыр сұрайтын.

[3] Кіріп келе жатқан Петір мен Жоханды көргенде, әлгі сал адам олардан қайыр сұрады.

[4] Бұлар оған көз салып, Петір: «Бізге қара!» — деді.

[5] Сал адам екеуіне қадала қарап, бір нәрсе берер деп үміттеніп қалды.

[6] Бірақ Петір: «Менде күміс пен алтын жоқ. Дегенмен саған барымды беремін: назареттік Исаның атынан айтамын: орныңнан тұрып, жүріп кет!» — деді де,

[7] оны оң қолынан ұстап демеді. Сол сәтте-ақ оның аяғы мен тізесіне күш бітіп,

[8] ол ұшып тұрып, жүріп кетті. Содан әлгі адам екі елшімен бірге ғибадатхана ауласына кіріп, әрі-бері жүріп, секіріп, Құдайды мадақтаумен болды.

[9] Күллі жұрт оның жүріп кеткенін және Құдайды мадақтағанын көрді.

[10] Олар бұның ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» жанында отырып, қайыр сұрайтын сал кісі екенін танып, онымен болған оқиғаға таңғалып, қатты абыржыды.

[11] Әлгі кісі Петір мен Жоханнан екі елі ажырамай қойды. Аң-таң болған бүкіл жұрт солардың қасына, ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратына жиналды.

[12] Мұны көрген Петір халыққа арнап былай сөз сөйледі: — Уа, исраилдіктер, сендер бұған неменеге таңғалып тұрсыңдар? Мынаның жүріп кетуіне өз күшімізбен немесе құдайшылдығымызбен себепші болғандай бізге неге қарай қалдыңдар?

[13] Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы, яғни біздің ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы, Өзінің Қызметшісі Исаны ұлылыққа бөледі. Соны Пилат босатып жібермекші болған еді. Бірақ сендер опасыздық жасап, Пилаттың алдында Одан танып бас тарттыңдар.

[14] Қасиетті және әділ Кісіден бас тартып, бір қанішердің босатылуын талап еттіңдер;

[15] ал шынайы өмірдің Бастауын өлтірттіңдер! Бірақ та Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды, бұған біз куәміз!

[16] Ал енді, өздерің танып, көріп жүрген мына кісіге Исаның құдіреті күш-қуат беріп сауықтырды. Өйткені Оның есіміне сендік. Иә, Иса берген сенім сендердің көз алдарыңда оның денсаулығын түгелімен қалпына келтірді.

[17] Ағайындар, сендер де, басшыларың да білместік істегендеріңді білемін.

[18] Ал Құдай барлық пайғамбарлардың аузымен Өзі жіберетін Құтқарушы Мәсіх сондай азаптар шегеді деп алдын ала жариялатқан хабарларын осылайша жүзеге асырды.

[19] Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіріп,

[20] сендерге рухтарыңды жаңғыртатын мезгілді сыйлайды, әрі өздерің үшін алдын ала тағайындаған Құтқарушы Мәсіх — Исаны жібереді.

[21] Барлық нәрсе қалпына келетін уақытқа дейін Құдай Мәсіхті Өзіне қайтарып алды. Сол күндерді Құдай қасиетті пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялап қойған болатын.

[22] Мұса ата-бабаларымызға былай деген еді ғой: «Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір Пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрін тыңдаңдар!

[23] Осы Пайғамбардың айтқандарын тыңдамайтын әрбір адам халқының ішінен аластатылсын».

[24] Самуилден бастап одан кейінгі барлық пайғамбарлар да осы күндері болған оқиғаларды алдын ала айтып кеткен.

[25] Сендер пайғамбарлардың ұрпағысыңдар, Құдайдың ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін мұра етесіңдер. Ол Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады» деген еді ғой.

[26] Сондықтан Құдай Өзінің Қызметшісін өлімнен тірілтіп алып, әрқайсыңды зұлымдықтарыңнан қайтарып, жарылқау мақсатында Оны ең алдымен сендерге жіберді.

Елшіл. істері — Chapters