[1] Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани бірнеше рубасылармен және Тертулла есімді сөзге шешен заң қызметкерімен бірге Пауылды әміршінің алдында айыптау үшін Кесарияға келді.
[2] Пауыл ішке шақырылғаннан кейін, Тертулла оған қарсы айыптау сөзін былай деп бастады:
[3] — Уа, жоғары мәртебелі әмірші Феликс! Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында біздің ел бейбіт өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсара түсуде. Мұны әрқашан да және барлық жерде алғыс айта отырып мойындаймыз.
[4] Ал уақытыңызды босқа алмайын. Бізге мейірімділік көрсетіп, біразырақ уақыт сөзіме құлақ түруіңізді өтінемін.
[5] Біз мына кісіні індеттей қауіпті, дүние жүзіндегі яһудилердің ішінде бүлік бастаушы әрі «Назареттіктер» деген діни бағыттың жетекшісі деп таптық.
[6] Ол тіпті ғибадатхананы арамдауға ұмтылған кезде оны ұстап алдық, (өз заңымыз бойынша соттамақ болдық.
[7] Бірақ мыңбасы Лүси оны үлкен зорлықпен қолымыздан тартып алып, өзіңізге жолдады да,
[8] айыптаушыларына сізге баруға бұйырды.) Тергеген кезде не үшін кінәлайтынымызды сіз оның өз аузынан естисіз.
[9] Яһуди басшылары да мұнымен келісіп, айыптауға қосылып, айтылғанның бәрін растады.
[10] Әміршінің берген белгісі бойынша, Пауыл жауап беріп былай деді: — Сіздің көп жылдан бері осы елде сот екеніңізді білгендіктен, өзімді алдыңызда ақтай алатыныма қуанамын.
[11] Осыдан он екі күн бұрын ғибадат ету үшін Иерусалимге келгеніме өзіңіз көз жеткізе аласыз.
[12] Не ғибадатханада, не мәжілісханаларда, не қалада ешкім менің біреумен айтысып тұрғанымды, я болмаса, ел ішіне іріткі салып жүргенімді көрген емес.
[13] Айыптаушылар маған қазір таққан кінәларын еш дәлелдей алмайды.
[14] Бірақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар діни бағыт деп атаған жол бойынша қызмет етіп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәріне де сенетінімді мойындаймын.
[15] Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын.
[16] Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшін ұмтылып келемін.
[17] Осы жолы Иерусалимге халқым үшін қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу мақсатымен, араға ұзақ жыл салып, келдім.
[18] Ғибадатханада тазару рәсімінен өтіп жатқан кезімде қасыма жиналған халық та, айғай-шу да болған жоқ.
[19] Ал Азия аймағынан келген бірнеше яһудилер сонда болды. Олардың маған тағатын айыбы болса, онда осы жерге сіздің алдыңызға келіп, мені айыптаулары керек еді.
[20] Я болмаса, мұнда отырған кісілер Жоғарғы кеңестің алдында айыпкер ретінде тұрғанымда менен қандай кінә тапқандарын айтсын.
[21] Мүмкін, менің кінәм сол жерде болғанда: «Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін бүгін алдарыңызда сотталып жатырмын!» деп дауыстап айтқан сөзім болар.
[22] Иеміздің жолы туралы жақсы білетін Феликс істің қаралуын басқа күнге ауыстырып: «Мәселелеріңді мыңбасы Лүси келгенде шешемін», — деді.
[23] Содан соң ол жүзбасына: «Пауылды қамап ұста, бірақ көбірек еркіндік бер! Жақындарының келіп, қамқорлық жасап тұруларына тыйым салма!» — деп бұйырды.
[24] Бірнеше күннен кейін Феликс Друзилла есімді яһуди әйелімен қайтып келді де, Пауылды шақыртып алып, Мәсіх Исаға сену туралы айтқандарын тыңдады.
[25] Бірақ Пауыл әділдік, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы айта бастағанда, Феликс үрейленіп: «Енді бара бер, реті келгенде, сені тағы шақыртып аламын», — деді.
[26] Ол өзін босату үшін пара берер ме деп үміттеніп, Пауылды жиі-жиі алдыртып, сөйлесіп отырды.
[27] Екі жылдан кейін әмірші Феликсті Порси Фест ауыстырды. Яһудилерге жағынғысы келген Феликс Пауылды түрмеден шығармай кетті.