Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 8:14

[1] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға барып сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!

[2] Егер оларды жіберуден бас тартып, әрі қарай ұстап қалатын болсаң,

[3] онда сақ бол. Жаратқан Ие далада жүрген малдарыңа қол салып, жылқыларың, есектерің, түйелерің, мүйізді ірі қараларың және қой-ешкілерің өте жаман індетке ұшырайтын болады!

[4] Ал Жаратқан Ие қайтадан исраилдіктердің малдарына мысырлықтардікінен бөлек қарамақ: Исраилдің бір тұяғы да шығынға ұшырамайды!

[5] Жаратқан Ие уақытты белгілеп қойды: Ол мұны осы жерде күні ертең істей бастайды».

[6] Жаратқан Ие келесі күні солай істеді де. Мысырлықтардың малдары жаппай қырылды, ал исраилдіктердің малдарынан бірде-бір шығын болмады.

[7] Перғауын адамдарын жіберіп, исраилдіктердің бір тұяғының да шығынға ұшырамағанын біліп алды. Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, ол халықты жібермей қойды.

[8] Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп бұйырды: — Пештен уыстап күл алыңдар. Мұса оны перғауынның көз алдында аспанға қарай шашып жіберсін.

[9] Сонда ол майда тозаң болып бүкіл Мысыр еліне тарап кетеді де, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болады.

[10] Мұса мен Һарон пештен күл алып, перғауынның алдына барды. Мұса күлді аспанға қарай шашып жібергенде, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болды.

[11] Абыздар Мұсаға қарсы тұра алмады. Барлық мысырлықтар сияқты олардың тәндеріне де шиқандар шыққан болатын.

[12] Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына құлақ аспай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді.

[13] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Ертеңгісін ерте тұрып, перғауынның алдына барып, сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!

[14] Мен осы жолы қасарысқан жүрегіңе, нөкерлеріңе және халқыңа қарсы ойлаған апаттарымның бәрін жіберетін боламын. Сонда сен жер бетінде Маған тең келетін ешкімнің жоқ екеніне көзің жетіп, соны білетін боласың.

[15] Қаласам баяғыда қолымды созып-ақ өзіңді де, халқыңды да індетке ұшыратып, жер бетінен жоқ қылған болар едім.

[16] Алайда саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым.

[17] Сен әлі де халқыма қарсы шығып, оларды жібермей келесің.

[18] Біліп ал: Мен ертең осы мезгілде Мысыр Мысыр болғалы күні бүгінге дейін болып көрмеген бұршақты сенің еліңе жаудырамын.

[19] Енді адамдарыңды жіберіп, даладағы малдарың мен меншіктеріңнің бәрін де паналарға жинатып алдырт! Үй-қораларды паналамай далада жүрген күллі адамдар мен малдар бұршақтың астында қалып, қырылмақ».

[20] Перғауынның нөкерлерінің кейбіреулері Жаратқан Иенің сөздерінен қорқып, қарамағындағы қызметшілері мен малдарын жедел түрде қауіпсіз жерлерге жинап алды.

[21] Ал Жаратқан Иенің сөзіне көңіл бөлмегендер өз қызметшілері мен малдарын далада қалдырды.

[22] Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйрық берді: — Қолыңды аспанға қарай соз! Сол сәтте бүкіл Мысыр елінің үстіне, ондағы адамдардың, малдардың және даладағы өсімдіктердің бәрінің үстіне бұршақ жауатын болады.

[23] Мұса таяғын аспанға қарай созғанда, Жаратқан Ие күн күркіретіп, бұршақ жаудырып, жерге найзағай түсірді. Осылайша Жаратқан Ие Мысыр елін бұршақтың астына алып,

[24] бұршақ жерге үздіксіз төпелеп, арасында найзағай жарқылдап тұрды. Бұршақтың мұндай күшті жауғанын Мысыр халқы ел болып, басы біріккелі көрген емес.

[25] Бұршақ бүкіл Мысыр даласында жүрген күллі адамдар мен малдарды қырып, өсіп тұрғанның барлығын тып-типыл қылып, ағаш атаулының бұтақтарын сындырып, быт-шыт етті.

[26] Тек Исраилдің үрім-бұтағы мекендеген Гөшен елінде ғана бұршақ жауған жоқ.

[27] Содан перғауын кісі жіберіп, Мұса мен Һаронды шақырып алып: — Осы жолы мен күнә жасадым. Жаратқан Ие әділ, ал өзім және халқым кінәлі.

[28] Жаратқан Иеге сиыныңдаршы! Құдайдың қатты күн күркіретіп, бұршақ жаудырғаны тоқтаса екен! Бұған дейін басымызға түскені жетер. Сендерді жібермекпін, бұдан әрі қарай мұнда қалуға тиіс болмайсыңдар, — деді.

[29] Мұса: — Қаладан шығысымен-ақ қолымды Жаратқан Иеге қарай жайып сиынамын. Сонда күн күркіреуін тоқтатып, бұршақ та жаумайтын болады. Осыдан жердің иесі Жаратқан Ие екенін білетін боласыз.

[30] Алайда өзіңіз де, нөкерлеріңіз де (шынайы) Құдайды, Жаратқан Иені, әлі де терең қастерлеп, Одан қорықпайсыздар, соны білемін, — деп жауап қатты.

[31] Зығыр мен арпаны бұршақ ұрып кетті, өйткені арпа масақ жарып, зығыр гүлдеп тұрған еді.

[32] Ал бидай мен соған ұқсас дәнді дақылдар кеш пісетін болғандықтан бұршаққа ұрыла қоймады.

[33] Мұса перғауыннан қаланың сыртына шығып, қолын Жаратқан Иеге қарай жайып сиынды. Сонда күн күркіреуін, бұршақ жаууын доғарып, жаңбыр да тиылды.

[34] Бірақ перғауын бұршақ пен жаңбырдың әрі күннің күркіреуінің тыйылғанын көргенде, күнә жасауын әрі қарай жалғастырып, өзі де, нөкерлері де жүректерін қасарыстырып алды.

[35] Осылай перғауын қайтадан қырсығып, Исраил халқын жібермей қойды. Солай болатынын Жаратқан Ие Мұса арқылы алдын ала айтқан да еді.

Мысырдан шығу — Chapters