Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:11

[1] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:

[2] «Менімен кездесуге арналған тұрағым — киелі шатырды бірінші айдың бірінші күні құрғыз.

[3] Келісімнің айғақтары сақталатын сандықты шатырдың ішіне қойғызып, шымылдықпен көзден тасалат.

[4] (Нан тартулары қойылатын) үстелді әкелдіріп, оған қатысты нәрселерді орналастырт. Содан кейін шам қойғышты кіргізіп, үстіне шамдарын орнатқыз.

[5] Хош иісті заттарды түтететін алтын үстелді Келісім сандығының алдыңғы жағына қойғызып, киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты ілгіз.

[6] Құрбандық үстелін кездесу шатырының кіреберісінің алдыңғы жағына орналастырт.

[7] Тазару рәсіміне арналған қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойдырып, ішіне су құйғыз.

[8] Шатырдың ауласын айналдыра пердемен қоршатып, оның кіреберісінің пердесін де ілгізіп қой.

[9] Арнайы хош иісті майдан алып, киелі шатырға және оның ішіндегі әрбір бұйымға аздап жақ. Осылайша шатырды және оның барлық бұйымдарын Маған бағыштап, киелі қыл.

[10] Мұнан кейін құрбандық үстелі мен оның құрал-саймандарына да осы май жағу рәсімін жасап, үстелді Маған бағышта, сонда ол ерекше киелі болады.

[11] Қазан мен оның тұғырына аздап май жағып, оларды да Маған бағышта.

[12] Содан кейін Һарон мен ұлдарын Өзіммен кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, сумен тазару рәсімінен өткіз.

[13] Һаронға арнайы киімдерін кигізіп, май жағу рәсімін орындап, оны діни қызметкерім болуға Өзіме бағышта.

[14] Һаронның ұлдарын да жақындатып, ұзын көйлектерін кигіз.

[15] Менің діни қызметкерлерім болулары үшін әкесіне жасағандай, оларға да май жағу рәсімін орында. Осы рәсім орындалғанда өздері де, келер ұрпақтары да діни қызметкерлікке мәңгілік тағайындалады».

[16] Мұса барлығын да дәл Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай етіп жасады.

[17] Осылайша (халық Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі) екінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы құрастырылды.

[18] Мұса киелі шатырды құрған кезде оның тағандарын орын-орындарына қойғызып, бөренелерін тұрғызып, сырықтарын кигізіп, бағаналарын көтертті.

[19] Мұнан соң киелі шатырдың үстіне жапқышын жайып, оның бетіне жабынын жапты. Мұның бәрі де Жаратқан Иенің бұйрығына сай болды.

[20] Мұса Келісімнің айғақтарын екі тас тақтайшаны алып келіп, Келісім сандығының ішіне салды да, сандықтың шығыршықтарынан сырықтарды өткіздіріп, оның үстіне қақпақты қойғызды.

[21] Содан кейін Келісім сандығын киелі шатырдың ішіне апарғызып, оның алдына арнаулы шымылдықты ілгізіп, Жаратқан Ие бұйырғандай сонымен Келісім сандығын көзден тасалатып қойды.

[22] Мұса арнайы нан үстелін Жаратқан Иенің әмірі бойынша кездесу шатырының ішіне, оның солтүстік бетіне, ішкі шымылдықтың бергі жағына орналастыртты.

[23] Үстелдің үстіне ол Жаратқан Иеге бағышталған нан тартуларын қатарластыра жайғастыртты.

[24] Ал шам қойғышты кездесу шатырының оңтүстік бетіне, нан үстеліне қарама-қарсы орналастыртып,

[25] үстіне шамдарды орнатқызып, Жаратқан Ие Өзіне бұйырғандай Оның алдына қойғызды.

[26] Мұнан кейін Мұса (хош иісті заттар түтетілетін) алтын үстелді кездесу шатырының ішіне, ішкі шымылдықтың алдыңғы жағына қойғызып,

[27] Жаратқан Ие бұйырғандай үстіне хош иісті заттарды түтеткізді.

[28] Шатырдың кіреберісіне сыртқы шымылдықты ілгізді.

[29] Мұнан соң ол Тәңір Иенің жер бетіндегі тұрағы — кездесу шатырының кіреберісінің жанына құрбандық үстелін орнатқызды. Оның үстінде ол шалынған құрбандықтарды және астық тартуларын Жаратқан Иенің бұйырғанындай Оған арнап өртеп жіберді.

[30] Мұнан кейін Мұса қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің ортасына орналастыртып, тазару рәсімін орындау үшін ішіне су құйғызды.

[31] Мұса мен Һарон және оның ұлдары содан су алып, қол-аяқтарын жуатын болды.

[32] Олар кездесу шатырына кірген және құрбандық үстеліне жақындаған сайын Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай осы тазару рәсімін орындап отырды.

[33] Ең соңында Мұса киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланы қоршатқызып, оның кіреберісіндегі пердені ілгізді. Осылай Мұса барлық жұмыстарды аяғына дейін жүзеге асырды.

[34] Сонда кездесу шатырын (бағана тәрізді) бұлт басып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына кенелді.

[35] Мұса кездесу шатырына кіре алмады, себебі оны бұлт жауып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына бөленді.

[36] Бұлт тұрақтан жоғары қарай көтерілген кезде ғана Исраилдің үрім-бұтағы жолға жиналып, көштерін жалғастыратын.

[37] Олар бұлт жоғары көтерілмейінше жолға шықпай, бұлттың көтерілуін күтетін.

[38] Осылайша Жаратқан Иенің бағана тәрізді бұлты киелі шатыр үстінде күндіз тұрып, түнде бұлт ішінен от жанып, бәріне де көрінетін. Исраил халқы мұны көшіп-қонып жүрген уақытының бәрінде көріп отырды.

Мысырдан шығу — Chapters