[1] Кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те бұйырды: «Һаронды, (оның ұлдары) Надаб пен Әбиһуді және Исраилдің жетпіс рубасын ертіп тауға көтеріліп, Маған алысырақтан бас ұра тағзым етіңдер.
[2] Тек сен ғана қасыма жақында, ал басқалар таяп келмесін! Халық саған еріп жоғары көтеріліп жүрмесін!»
[3] Мұса қайтып келіп, халыққа Жаратқан Иенің күллі сөздері мен заңдарын жеткізгенде, бүкіл халық бірауыздан: «Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындаймыз!» — деп жауап берді.
[4] Сонда Мұса Жаратқан Иенің барлық сөздерін жазып қойды. Ертеңгісін ол ерте тұрып, таудың етегінде құрбандық орнын тұрғызып, Исраилдің он екі руының белгісі ретінде он екі тас бағананы орнатты.
[5] Исраилдіктердің арасынан жас жігіттерді жіберіп, олар Жаратқан Иеге арнап бірнеше малдарды шалып, түгелдей өртеп ұсынды. Олар тағы бірсыпыра жас бұқаларды ризашылық құрбандығына шалды.
[6] Мұса солардың қанының жартысын тостағандарға құйып, жартысын құрбандық орнының үстіне бүркіп шашты.
[7] Содан кейін ол Келісім кітабын алып, халыққа дауыстап оқып берді. Олар: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындап, мойынсұнатын боламыз, — деп жауап қайырды.
[8] Содан Мұса қанды алып, оны халыққа бүркіп тұрып: — Бұл — Жаратқан Иенің осы айтылған сөздердің бәрі бойынша өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан, — деді.
[9] Мұса мен Һарон, Надаб пен Әбиһу және Исраилдің жетпіс рубасысы жоғары көтеріліп,
[10] Исраилдің сиынатын Құдайының аянын көрді. Оның табанының асты аспандай мөлдір, жарқылдаған саф көк асыл тас төселген алаңға ұқсады.
[11] Құдай Исраилдің үрім-бұтағынан таңдаған басшыларына қарсы қол көтерген жоқ. Олар Құдайдың аянын көріп, Оның алдында тамақ ішті.
[12] Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Таудың басына көтеріліп, осы жерде бол. Мен саған халыққа үйрету үшін Өзім ережелерім мен өсиеттерімді жазған тас тақташаларды беремін».
[13] Сонда Мұса көмекшісі Ешуамен бірге тауға көтерілді. Ал Мұсаның өзі ғана Құдай тауының басына шықты.
[14] Ол рубасыларға: «Біз қайтып келгенше осы жерде қалыңдар. Һарон мен Һұр сендермен бірге болады. Мәселелері барлар соларға жүгінсін», — деген болатын.
[15] Мұса көтеріліп бара жатқанда тауды (бағаналы) бұлт басып,
[16] Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты Синай тауына орнады. Бұлт тауды алты күн бойы жауып тұрды. Жетінші күні Жаратқан Ие бұлттың ортасынан Мұсаға тіл қатты.
[17] Исраилдің үрім-бұтағының көздеріне Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты таудың басында бәрін жалмап қоятын от іспетті көрінді.
[18] Мұса бұлттың ортасына кіріп, таудың басына көтерілді. Қырық күн, қырық түн бойы ол сонда болды.