[1] Исраил деп те аталған Жақып Мысыр жеріне ұлдарын өз үй іштерімен қоса көшіріп әкелген еді. Олар мыналар:
[2] Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда,
[3] Исашар, Забулон, Бунямин,
[4] Дан, Нафталим, Ғад, Ашир.
[5] Жақыптан тараған ұрпақтардың саны сол кезде жетпіс болатын. Ал ұлдарының бірі — Жүсіп Мысыр еліне бұрынырақ келген еді.
[6] Уақыт жетіп, Жүсіп пен бауырлары және олардың тұсында өмір сүргендердің барлығы да бұ дүниеден өтті.
[7] Ал Исраилдің үрім-бұтағы өсіп-өніп, сансыз көбейіп, күшейіп алғандары соншалық, жер солармен толып кетті.
[8] Сол кезде Мысырда жаңа бір патша билік құрды. Ол (осы ел үшін зор жақсылық жасаған) Жүсіп туралы білмейтін.
[9] Патша өз халқына: — Қараңдаршы, Исраилдің үрім-бұтағы тым көбейіп, күшейіп кетті.
[10] Ендеше ақылды шара ойластырып, олардың бұдан әрі көбеюлеріне жол бермейік. Әйтпесе соғыс бола қалған күнде дұшпандарымызға қосылып, бізге қарсы шайқасып, елімізден басқа жаққа көшіп кетер, — деп ойындағысын айтты.
[11] Содан олар Исраил халқын ауыр жұмыспен діңкелетіп, қысым көрсету үшін үстерінен бақылаушылар тағайындады. Сонымен исраилдіктер Мысыр патшасы перғауын үшін қоймалар ретінде Питом, Рамсес қалаларын салды.
[12] Бірақ Исраил халқы неғұрлым көп қысым көрген сайын, соғұрлым өсіп-өніп, кеңінен жайыла түсті. Мысырлықтар олардан қатты қауіптеніп,
[13] халықты аяусыз құлдыққа салды.
[14] Оларды саз балшықтан илеп кірпіш құйып, үй салудың және егіндіктің кез келген ауыр жұмыстарына жекті де, қаталдықпен әр түрлі қара жұмыстарға мәжбүрлеп, өмірлерін аса қиындатты.
[15] Бұларға қоса Мысыр патшасы әйелдер босандырушы исраилдік Шипыра мен Пуаны шақырып алып, оларға:
[16] — Исраилдік әйелдерді босандырған кезде нәрестенің жынысына назар аударыңдар: дүниеге ұл келсе, өлтіріңдер, ал қыз туса, тірі қалдырыңдар! — деп бұйырды.
[17] Бірақ әйел босандырушылар Құдайды терең қастерлегендіктен Мысыр патшасының айтқанын орындамай, туған ер балаларды тірі қалдыра берді.
[18] Мысыр патшасы мұны білгенде екеуін шақырып алып: — Сендер неге бұлай істеп жүрсіңдер? Неліктен ер балаларды өлтірмейсіңдер? — деп ұрысты.
[19] Олар: — Исраилдік әйелдер мысырлықтарға ұқсамай, өте күшті болып жатыр: олар босандырушы келмей тұрып-ақ босанып қояды, — деген жауап қайтарды.
[20] Босандырушылар Құдайды терең қастерлеп, осылай істегендері үшін, Құдай оларға мейірімін төгіп, үйлерін жарылқап ұрпақ сыйлады. Исраил халқы да өсіп-өніп өте күшті болды.
[22] Сонда перғауын өзінің бүкіл халқына: «Исраилдіктердің дүниеге келген әрбір ер баласын Ніл өзеніне лақтырып, ал қыздарын тірі қалдырыңдар!» — деген жарлық шығарды.