Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:59

[1] Сонда Мұса: — Ал егер исраилдіктер маған сенбей, айтқаныма құлақ аспастан: «Жаратқан Ие саған аян берген емес» десе, қайтемін? — деп жауап қайырды.

[2] Жаратқан Ие оған: — Қолыңдағың не? — деді. — Таяғым. — Жаратқан Ие:

[3] — Оны жерге лақтыр! — деді. Мұса (мал баққанда қолына ұстап жүретін) таяғын жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. Мұса одан қаша жөнелді.

[4] Ал Жаратқан Ие Мұсаға: — Қолыңды созып, оны құйрығынан ұстап ал! — деп бұйырды. Мұса жыланды ұстап алғанда, ол қолында қайтадан таяққа айналды.

[5] Жаратқан Ие: — Осы құдіретті істі исраилдіктерге көрсет. Ол халқыңның ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие Өзім болып, мұнда саған аян бергендігіме солардың көздерін жеткізбек, — деді.

[6] Содан кейін Жаратқан Ие оған: — Қолыңды қойныңа тық! — деп бұйырды. Мұса солай істеді де. Қолын суырып алғанда, қолы алапестен қар іспетті ағарып кетіпті.

[7] Жаратқан Ие: — Қолыңды қайтадан тық! — деді. Мұса солай істеп, қолын қайта суырып алғанда, ол басқа дене мүшелері сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келіпті.

[8] — Егер исраилдіктер саған да, көрсеткен алғашқы құдіретті ісіңе де сенбесе, онда осы екіншісі олардың көздерін жеткізбек.

[9] Ал егер олар осы екі кереметке де сенбей, айтқандарыңа құлақ аспай қойса, онда Ніл өзенінен су алып, құрғақ жерге төк. Сол су құрғақ жерде қанға айналады. —

[10] Бірақ Мұса Жаратқан Иеге: — Уа, Ием! Мен бұрыннан бері де, Сен құлыңмен тілдесіп тұрған қазір де сөзге шешен адам емеспін. Аузым шабан, тілім жүйрік емес, — деп уайымын білдірді.

[11] Ал Жаратқан Ие: — Адамға тілді бітірген кім? Оны мылқау не саңырау, көретін не соқыр ете алатын кім? Соны істей алатын Жаратқан Ие, Өзім, емеспін бе?

[12] Енді бар! Мен саған жар болып, айтатын сөздеріңді үйретемін, — деп бұйырды.

[13] Мұса: — Уа, Ием! Кез келген басқа біреуді жібере көрші, — деп жалынды.

[14] Сонда Жаратқан Ие оған ашуланып, былай деп сөзін тамамдады: — Сенің леуілік Һарон атты ағаң бар емес пе? Оның сөзге шешен екенін білемін. Ол қазір-ақ сені қарсы алуға келе жатыр, өзіңді көргеніне шын жүректен қуанбақ.

[15] Онымен сөйлесіп, айтатын сөздерін аузына салуың керек. Мен саған да, оған да жар болып, сөздерімді айтқызып, не істеулерің керек екенін Өзім үйретемін.

[16] Сонда Һарон халыққа сенің атыңнан сөйлемек. Ол сенің аузың, ал сен ол үшін Құдай (іспетті жетекші) боласың.

[17] Мына таяқ қолыңда жүрсін, сонымен Мен тапсырған құдіретті істерді көрсетпексің.

[18] Мұса айдаладан қайын атасы Етордың қасына оралып: — Мысырдағы туысқандарыма барып, амандығын білейін деп едім, — деді. Етор: — Ендеше бар, жолың болсын, — деп келісті.

[19] Жаратқан Ие Мұсаға Мадиян елінде: «Мысырға қайтып бар, көзіңді құртпақ болғандардың бәрі өлді», — деп те тапсырған еді.

[20] Содан Мұса әйелі мен ұлдарын есекке отырғызып, Мысыр еліне қарай сапарға шықты. Өзі Құдай бұйырған таяқты қолына ала жүрді.

[21] Жаратқан Ие Мұсаға мына тапсырманы да берді: — Мысырға қайтып барған соң, Мен өзіңе тапсырған кереметтердің бәрін перғауынның алдында көрсететін бол. Бірақ Мен оның жүрегін қасарыстырып қоямын, сондықтан ол халықтың кетуіне рұқсат етпейтін болады.

[22] Бұлардан кейін перғауынға былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраил Менің ұлым — тұңғышым іспетті.

[23] Саған бұйырған болатынмын: Ұлымды жібер, Өзіме қызмет етсін! Ал сен оны жіберуден бас тартып тұрсың. Ендеше Мен сенің ұлың — тұңғышыңды өлтіремін!»

[24] Жолшыбай түнемелде Мұсаға Жаратқан Ие қарсы кездесіп, оның көзін құртпақ болды.

[25] Бірақ әйелі Сипора тас пышақты ала сала, ұлын сүндеттеп жіберіп, тәнінен кесіп алғанын Мұсаның аяғына тигізді де: «Сен төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің», — деді.

[26] Сонда Жаратқан Ие оны аман қалдырды. Ал Сипора Мұсаны «төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің» деп сүндет рәсіміне байланысты айтты.

[27] Жаратқан Ие Һаронға: «Айдалаға барып, Мұсаны қарсы ал», — деген болатын. Һарон жолға шығып, Мұсамен Құдайдың тауының маңында кездесіп, құшақтап бетінен сүйді.

[28] Мұса өзін жіберген Жаратқан Иенің күллі сөздерін де, Оның көрсетуге бұйырған бүкіл құдіретті істері туралы да Һаронға айтып берді.

[29] Мұса мен Һарон Мысыр еліне барып, Исраилдің барлық рубасыларын жинап алды.

[30] Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға айтқан сөздерін түгелдей баяндап, тапсырған құдіретті істерін халықтың көз алдында көрсетті.

[31] Сонда халық Құдайдың Мұса мен Һаронды жібергендігіне сенді. Олар Жаратқан Иенің өздерін назарында ұстап келгенін, азапты өмірлерін көріп тұрғанын естігенде Оған бас иіп тағзым етті.

Мысырдан шығу — Chapters