[1] Исраилдің үрім-бұтағы Рефідимнен жолға шығып, Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі үшінші айдың бірінші күнінің өзінде Синай атты елсіз далаға жетті. Олар Синай тауына барып, оның қарсы алдындағы құла түзде шатырларын тікті.
[3] Сонда Мұса Құдайдың алдына баруға тауға көтерілді. Жаратқан Ие оған тау басынан былай деп тіл қатты: — Жақыптың әулеті — Исраил халқына мынаны жеткіз:
[4] «Сендер Менің мысырлықтарға не істегенімді, әрі өздеріңді балапандарын қанаттарымен тасыған қыран іспетті осы жерге аман-есен алып келгенімді көрдіңдер.
[5] Сондықтан, егер айтқандарыма құлақ асып, Менің Келісімімді сақтап жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше құнды меншігім боласыңдар.
[6] Бүкіл жер — Менің иелігім, ал сендер Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар». Сен Исраилдің үрім-бұтағына айтуға тиіс сөздерім осылар.
[7] Таудан төмен түскен Мұса халықтың рубасыларын шақырып алып, өзіне Жаратқан Иенің тапсырған осы сөздерін жариялады.
[8] Сонда бүкіл халық бірауыздан: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз! — деді. Мұса халықтың жауабын Жаратқан Иеге жеткізу үшін тауға көтерілді.
[9] Сонда Жаратқан Ие Мұсаға: — Тыңда, Мен саған қалың бұлтқа оранып келемін. Сонда халық өзіңмен сөйлескенімді естіп, саған өмір бақи сенетін болады, — деді. Мұса Жаратқан Иеге халықтың берген жауабын жеткізді.
[10] Содан Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: — Халыққа бар да, оларды бүгін-ертең Маған бағышталып, күнәдан таза болуға шақыр. Бәрі киім-кешектерін жуып тазартып,
[11] бүрсігүнге дайын болсын! Сол күні Мен — Жаратқан Ие бүкіл халықтың көз алдында Синай тауына түсемін.
[12] Халыққа арнап тауды айналдыра шекара белгілеп қой! Оларға былай де: «Тауға көтерілуден әрі оның айналасындағы шекараға аяқ-қолдарыңды тигізуден сақ болыңдар! Тауға аяқ-қолын тигізген әркім өлтірілуге тиіс!
[13] Сондайларға қол ұшы да тигізілмей, оларды таспен немесе садақпен атқылап өлтіру керек. Олар не мал болсын, не адам болсын тірі қалдырылмасын». Ал кернейдің ұзақ үні естілгенде, халық таудың етегіне көтерілсін.
[14] Мұса таудан төмен түсіп, халықты Тәңір Иеге бағышталып, күнә атаулыдан таза жүруге шақырды. Олар киім-кешектерін жуып тазартты.
[15] Мұнан соң Мұса халыққа: «Бүрсігүнге дайындалыңдар. Әйелдеріңмен жақындаспаңдар», — деп ескертті.
[16] Үшінші күні таң ата күн күркіреп, найзағай ойнап, таудың басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естілді. Қоныстағы халықтың бәрі де қорыққаннан дірілдеп қоя берді.
[17] Мұса оларды Құдаймен кездестіру үшін қоныстарынан алып шығып, олар таудың етегіне барып тұрды.
[18] Жаратқан Ие тау басына от жалынына оранып түскендіктен, Синай тауын түгел түтін жапты. Таудан балқыту пешінен шыққандай түтін шығып, бүкіл тау қатты шайқалып тұрды.
[19] Керней даусы күшейген үстіне күшейе түсті. Мұса тіл қатып, Құдай оған қатты дауыспен жауап беріп жатты.
[20] Жаратқан Ие Синай тауының басына түсіп, Мұсаны сол жерге шақырды. Ол көтеріліп барған соң,
[21] Жаратқан Ие оған былай деп бұйырды: — Қайтадан төмен түс! Халық Жаратқан Иені көруге шекараны бұзып, көбі өлім құшпасын деп оларға қатты ескерт!
[22] Жаратқан Иеге жақындап тұратын діни қызметкерлер де өздерін Оған бағыштап, күнәдан таза жүрсін! Әйтпесе Жаратқан Ие соларды құртпақ. —
[23] Мұса Жаратқан Иеге жауап беріп: — Халық Синай тауына көтеріле алмайды, себебі Өзің бізді содан сақтандырып, маған мынадай бұйрықты бергенсің: Тауды айналдыра шекара белгілеп қой! Осылай оны Маған бағыштап киелі деп жарияла! — деді.
[24] Сонда Жаратқан Ие оған былай деп тапсырды: — Төменге түсіп, Һаронмен бірге қайта көтеріл. Ал діни қызметкерлер мен халық шекараны бұзып, Жаратқан Иенің алдына ұмтылмасын! Әйтпесе Ол соларды құртпақ. —
[25] Мұса төмен түсіп, халыққа осыларды жариялады.