Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:00

[1] Осыдан кейін Исраил үрім-бұтағының қауымы Син атты елсіз даладан шығып, Жаратқан Иенің бұйрығымен көштерін әрі қарай жалғастырды. Олар Рефідимге жайғасты, бірақ ол жерде ауыз суы болмады.

[2] Халық Мұсаға ұрсып: — Бізге су тауып беріңдер! — деп талап етті. Мұса оларға: — Сендер неге маған ұрсасыңдар? Жаратқан Иеге сенбеушілік танытып, Оны еркінсіп сынамақсыңдар ма? — деп жауап берді.

[3] Алайда халық шөлдегендіктен Мұсаға қарсы наразылық білдіруін қоймай: — Бізді Мысырдан неге алып шықтың? Өзімізді, балаларымызды, мал-жандарымызды шөлден қатыру үшін бе? — деп шағымданды.

[4] Мұса Жаратқан Иеге қатты дауыстап сиынып: — Мына халықты не істесем екен? Олар мені таспен атқылап өлтірудің аз-ақ алдында тұр, — деді.

[5] Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып: — Өзіңе Исраилдің рубасыларының бірнешеуін ертіп алып, жұртты бастап, Нілдің суын сабаған таяғыңды қолыңа ұстай жүр.

[6] Мен Хориб тауындағы анау жартастың басында сенің қасыңда тұрамын. Жартасты таяғыңмен соққанда ішінен халық ішетін су шықпақ, — деді. Мұса Исраил халқының рубасыларының көзінше солай істегенде су аға жөнелді.

[7] Кейін Мұса бұл жерді Маса («Еркінсіп сынау») және Меріба («Ұрсу») деп атады. Өйткені исраилдіктер сонда оған ұрсып, «Жаратқан Ие арамызда жүр ме, жоқ па» деп Тәңір Иені еркінсіп сынаған еді.

[8] Сол кезде исраилдіктермен Рефідимде соғыспақ болып, амалектіктер таяп келіп қалған еді.

[9] Мұса (көмекшісі) Ешуаға: — Жігіттерді таңдап алып, амалектіктермен шайқасуға аттан! Ертең мен Құдайдың таяғын қолыма алып, төбе басында тұрмақпын, — деп бұйырды.

[10] Ешуа Мұсаның айтқандарын орындап, Амалек жасағына қарсы ұрысқа аттанып кетті, ал Мұса, Һарон және Һұр төбе басына шықты.

[11] Мұса қолын аспанға қарай көтерген кезде Исраил жеңіп, ал қолын төмен түсіргенде Амалек басым түсіп жатты.

[12] Бірақ Мұсаның қолдары талып қалды. Сонда Һарон мен Һұр үлкен тас алып келіп, соған Мұсаны отырғызды. Өздері біреуі оң жағында, екіншісі сол жағында тұрып, күн батқанша оның қолдарын сүйемелдеумен болды.

[13] Осылайша Ешуа бастаған сарбаздар өткір жүзді семсерлерімен Амалек жасағын күйретті.

[14] Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Мынаны естелік үшін кітапқа жазып қой да, Ешуаның құлағына құя бер: Мен аспан астынан Амалектің атын біржола өшіріп тастаймын!»

[15] Мұса сол жерде құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Біздің туымыз — Жаратқан Ие» деп атады.

[16] «Жаратқан Иенің тағына қарай қолдарымыз созылған еді. Оның Амалекке қарсы жүргізетін соғысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын болады», — деді.

Мысырдан шығу — Chapters