Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:39

[1] Бұдан кейін Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, оған былай деді: — Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Менің халқымды жібер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткізсін». —

[2] Алайда перғауын: — Мен айтқанына құлақ асып, исраилдіктерді жіберетіндей «Жаратқан Ие» деген кім? Мен «Жаратқан Иені» білмеймін де, Исраил халқын жібермеймін де, — деп жауап қатты.

[3] Бірақ екеуі: — Бізге исраилдіктердің Құдайы аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға рұқсат етіңіз. Әйтпесе Ол бізді індетпен не соғыспен жазалайды, — деп нық айтты.

[4] Ал Мысырдың патшасы: — Ей, Мұса, Һарон, неге халықты арандатып, міндеттерінен алаңдатасыңдар? Өз жұмыстарыңа қайтып барыңдар! — деп бұйырды.

[5] Ол: — Елдеріңнің халқы тым көп, ал сендер оларды жұмыстарынан қалдырып демалдырып тұрсыңдар, — деп те наразылығын білдірді.

[6] Сол күні перғауын елдегі құл айдаушылар мен бақылаушыларына арнап мынадай әмір берді:

[7] «Бұдан былай исраилдіктерге кірпіш құю үшін бұрынғыдай сабан бермеңдер! Өздері барып, жинап әкелетін болсын!

[8] Алайда олардың бұрынғы мөлшердегідей кірпіш құюларын талап етіп, қажетті кірпіш санын еш кемітпеңдер! Олар жалқау, сондықтан да: «Біз барып, Құдайымызға арнап құрбандық шалайық!» деп айқай салып жүр.

[9] Жұмыстарын қиындатыңдар! Олар құр сөздерге ден қоймай, жұмыс істесін!»

[10] Құл айдаушылар мен бақылаушылар барып, халыққа жар салып: «Перғауынның әмірі мынау: Бұдан былай сендерге сабан берілмейді.

[11] Қайдан тапсаңдар одан табыңдар, сабанды өздерің барып жинаңдар! Алайда құятын кірпіштеріңнің саны кемітілмей, сол күйінде қалады!» — деді.

[12] Сонда халық Мысырдың түкпір-түкпіріне тарап, сабан орнына орылған егістіктерде қалған сабақтарды жинаумен айналысты.

[13] Құл айдаушылар халықты: «Күнделікті атқарған жұмыс көлемдерің сабанмен қамтамасыз етілген кездегідей болсын!» — деп қыспақтай берді.

[14] Олар өздері тағайындаған исраилдік бақылаушыларды: «Неге сендер кеше де, бүгін де кірпіш мөлшерін бұрынғыдай етіп өткізбедіңдер?» — деп, соққының астына алды.

[15] Сонда исраилдік бақылаушылар перғауынның алдына барып: — Тақсыр, құлдарыңызға неге бұлай істейсіз?

[16] Бізге сабан берілмейді, алайда кірпіш құю талап етіледі. Міне, құлдарыңызды ұрып-соғады, бірақ бәріне кінәлі өз халқыңыз, — деп жалбарынды.

[17] Бірақ перғауын: — Жоқ, сендер еріншек, жалқаусыңдар! Сондықтан да «Біз барып, Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалайық!» дей бересіңдер.

[18] Барыңдар, жұмыс істеңдер! Сабан берілмейді, ал кірпіштің тиісті санын бәрібір дайындап өткізуге міндеттісіңдер! — деп кесіп айтты.

[19] «Күнделікті дайындалуға тиісті кірпіш санын еш кемітпейсіңдер!» деген үзілді-кесілді сөздерден исраилдік бақылаушылар халдерінің мүшкілдігін ұқты.

[20] Олар перғауыннан шығып келе жатқанда өздерін күтіп тұрған Мұса мен Һаронға жолығып:

[21] «Жаратқан Ие сендерге назар салып, үкімін шығарсын! Өйткені сендер бізді перғауын мен оның нөкерлерінің алдында сасық нәрседей жиренішті еттіңдер! Көзімізді құрту үшін олардың қолдарына қару ұстатып қойдыңдар!» — деп бұларға кінә артты.

[22] Содан Мұса қайтадан Жаратқан Иеге сиынып: — Уа, Ием, бұл халықты осыншама азапқа неліктен душар еттің? Мені не үшін жібердің?

[23] Мен перғауынға барып, Сенің хабарыңды жеткізгеннен бері ол халықты бұрынғыдан бетер азапқа салып келеді. Ал Өзің халқыңды құтқарамын дегенмен, құтқармадың! — деп налыды.

Мысырдан шығу — Chapters