[1] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға қайтадан бар! Мен перғауынның және нөкерлерінің жүректерін қасарыстырып қойдым. Мұндағы мақсатым: олардың араларында осы керемет істерім арқылы өз құдіретімді көрсетуім
[2] әрі сендердің Менің мысырлықтарға билігімді қалай паш еткенім туралы балаларың мен немерелеріңе әрдайым айтып жүріп, Менің Жаратқан Ие екенімді білулерің.
[3] Мұса мен Һарон перғауынға тағы да барып, былай деді: — Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сен қашанға дейін Маған бағынудан бас тартпақсың? Халқымды Өзіме ғибадат етуге жібер!
[4] Егер де жібермесең, ертең-ақ еліңе шегірткелер алып келемін.
[5] Олар түк көрінбестей етіп жердің бетін жауып алып, сендерде бұршақтан аман қалғанның бәрін жалмап, даладағы барлық ағаштардың жапырақтарын да түк қалдырмай жалмап жеп қояды.
[6] Өз сарайларың да, бүкіл нөкерлеріңнің және барлық мысырлықтардың үйлері де шегірткелерге толып кетеді. Мұндайды сенің ата-бабаларың осы жерге келіп қоныстанғаннан бері бүгінгі күнге дейін ешқашан көрген емес». — Мұса осыны айтысымен бұрылып, перғауынның қасынан шығып кетті.
[7] Сонда перғауынның нөкерлері одан: — Бұл адам бізді қашанға дейін азапқа түсірмекші? Исраилдіктерді Құдайлары Жаратқан Иеге ғибадат ету үшін жібере көріңіз. Мысырдың құрып бара жатқанын көріп тұрған жоқсыз ба? — деп сұрады.
[8] Содан Мұса мен Һарон қайтадан перғауынға әкелінді. Перғауын: — Жарайды, барыңдар, Құдайларың Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер! Тек кімдердің баратынын айтыңдар, — деді.
[9] Мұса: — Біз жас-кәрілерімізді, ұл-қыздарымызды, ұсақ және мүйізді ірі қараларымызды ала барамыз. Өйткені Жаратқан Иеге арналған мейрам тойын өткізуіміз керек, — деді.
[10] — Мен сендерді бала-шағаларыңмен бірге жіберетін болсам, Жаратқан Иелерің сендерге жар болсын! Сендердің ниеттерің қара, бұл айқын көрініп тұр.
[11] Жоқ, солай бола қоймас! Тек еркектерің ғана барып, Жаратқан Иеге ғибадат етсін! Сұрағандарың да сол емес пе еді? — Осылай деп, перғауын Мұса мен Һаронды қасынан қуып шықты.
[12] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Қолыңды Мысырдың үстіне қарай соз. Сонда шегірткелер қаптап келіп, Мысырдың жеріне қонсын. Олар бұршақтан аман қалып, өсіп тұрғанның бәрін де жалмап қойсын.
[13] Содан Мұса қолындағы таяғын Мысырдың жерінің үстіне қарай созды. Жаратқан Ие елге сол күні бір тәулік бойы шығыс жақтан жел соқтырды. Таң атқанда шығыстан соққан жел шегірткелерді жеткізді.
[14] Олар бүкіл Мысырға лап қойып, сансыз үйірлерімен елдің түкпір-түкпіріне дейін басып алды. Бұған дейін мұндай қаптаған шегірткелер болған да емес, бұдан кейін де болмайды.
[15] Шегірткелер жердің бетін түк көрсетпей қап-қара қылып жауып тастады да, бұршақтан аман қалған дала өсімдіктері мен ағаш жемістерін жалмап қойды. Бүкіл Мысыр еліндегі ағаштар мен өсімдіктердің көк жапырақтары мен сабақтарынан ештеңе қалмады.
[16] Сонда перғауын тездетіп Мұса мен Һаронды шақырып алып, олардан: — Мен Құдайларыңыз Жаратқан Иенің алдында да, сіздердің алдарыңызда да күнә жасадым.
[17] Ал енді күнәмді тағы бір жолға кешіріңіздер. Құдайларыңыз Жаратқан Ие бұл жойқын жазаны менен алып кете көрсін деп Оған сиыныңыздар, — деп өтінді.
[18] Перғауыннан шығысымен Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті.
[19] Содан Жаратқан Ие желдің бағытын өзгертіп, батыстан ерен күшті дауыл соқтырды. Дауыл күллі шегіртке атаулыны көтеріп алып, Қамысты теңізге тастады. Бүкіл Мысыр жерінде бір шегіртке де қалмады.
[20] Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Исраил халқын жібермей қойды.
[21] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Қолыңды аспанға қарай соз, сонда Мысырды көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады.
[22] Мұса қолын аспанға қарай созғанда, барлық Мысыр елін үш күн бойы қара түнек басты.
[23] Адамдар бір-бірін көре алмай, үш тәулік бойы ешкім отырған орнынан тұрмады. Ал Исраилдің үрім-бұтағының мекендерінде жарық болды.
[24] Перғауын Мұсаны шақырып алып: — Жарайды, барыңыздар, Жаратқан Иеге арнап ғибадат етіңіздер. Балаларыңыз да бірге бара берсін. Тек ірілі-ұсақты малдарыңыз ғана қалсын, — деді.
[25] Ал Мұса: — Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалынатын әрі шалынып, өртеліп ұсынылатын малдарды да қолымызға тапсыруыңыз қажет, — деп жауап қайырды. —
[26] Малдарымыз өзімізбен бірге жүрсін, бір тұяқты да қалдырмаймыз. Біз Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап шалатын құрбандықтарды солардың ішінен аламыз. Қандай малдарды құрбандыққа шалатынымызды тек баратын жерімізге жеткенде ғана білеміз.
[27] Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып қойды. Ол исраилдіктерді жібергісі келмей,
[28] Мұсаға: — Кет қасымнан! Енді қайтып менің алдыма келуші болма! Көзіме түскен күні-ақ өлетін боласың, — деп қоқан-лоқы көрсетті.
[29] Сонда Мұса былай деді: — Айтқаныңыздай болсын, енді қайтып (өтінішпен) алдыңызға келмеймін, — деп жауап қатты.