[1] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Мен перғауынды және Мысыр елін тағы бір апатқа душар етемін. Одан соң ол бұл жерден кетулеріңе рұқсат беріп қана қоймай, тіпті біріңді қалдырмай елінен шығуға мәжбүрлейтін болады.
[2] Исраилдіктерге былай де: «Сол кезде барлық еркектерің мен әйелдерің (мысырлық) көршілерінен күміс, алтын бұйымдар сұрап алсын».
[3] Осы уақыт жеткенде Жаратқан Ие мысырлықтарды Исраилдің үрім-бұтағына игі ниетпен қаратты. Мұсаның абыройы да Мысыр жерінде перғауынның нөкерлері мен халықтың алдында зор болды.
[4] (Перғауынның қасынан кетпей тұрып) Мұса оған тағы былай деген болатын: — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Түн ортасында Мен Мысырды аралап өтемін.
[5] Сонда Мысыр жеріндегі әрбір тұңғыш бала, тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, қол диірменді айналдырып отырған күңнің тұңғышына дейін, сондай-ақ мал атаулының алғашқы төлдері де өлетін болады.
[6] Бүкіл Мысыр елі бұған дейін болмаған, енді қайтып болмайтын зар еңіреген жоқтауға толады.
[7] Ал исраилдіктерге келсек, олардың адамдары түгіл, малдарына қарсы иттер де үрмейтін болады. Содан сендер Жаратқан Иенің Исраил мен Мысыр халықтарына қалай түрліше қарайтынын білетін боласыңдар».
[8] Сол кезде мына тұрған нөкерлеріңіздің бәрі алдыма келіп, бастарын иіп былай деп жалынбақ: «Өзіңіз және басқарып жүрген халқыңыз елімізден шыға көріңіздер!» Мен содан кейін шығатын боламын. Ашуланған Мұса осыны айтып, перғауынның қасынан шығып кетті.
[9] Жаратқан Ие Мұсаға бұрын мынаны да айтып қойған болатын: — Менің Мысыр елінде көптеген кереметтер жасауым (әрі Өзімнің кім екенімді білдіруім) үшін перғауын айтқандарыңа құлақ аспайтын болады.
[10] Мұса мен Һарон перғауынның алдында осы кереметтерді көрсетті. Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Исраил халқын елінен жібермей қойды.