Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:14

[1] Сол кездері Леуі руынан шыққан бір адам өз руынан әйел алады.

[2] Сол әйел жүкті болып, ұл туады. Сәбидің ерекше әдемі екенін көрген шешесі оны үш ай бойы жасырып бағады.

[3] Алайда бұдан әрі жасыра алмайтындықтан, әйел қамыстан себет тоқып, оны қара шайырмен бітеп, нәрестені ішіне жатқызады. Сонан соң себетті Ніл өзенінің жағасында өсіп тұрған құрақтың арасына апарып, суға қоя береді.

[4] Баланың әпкесі алысырақ жерге тығылып қалып, онымен не болар екен деп аңдып тұрады.

[5] Сол мезгілде перғауынның қызы шомылу үшін өзенге келеді. Күтуші қыздары су жағасында әрі-бері жүрумен болады. Қамыс арасынан себетті байқап қалған ханша бір күтуші қызын жұмсап, оны алдыртады.

[6] Ханша себетті ашып, ішінде жатқан нәрестені көреді. Сол ұл бала жылап жатыр екен. Ханша оны аяп кетіп: — Бұл — исраилдік нәресте ғой, — дейді.

[7] Сонда сәбидің әпкесі тығылып отырған жерінен шығып: — Мен барып, бөбекті емізу үшін сізге бір исраилдік әйелді шақырып алып келейін бе? — деп сұрайды.

[8] Ханша: — Иә, бара ғой, — дейді. Қыз барып, нәрестенің шешесін алып келеді.

[9] Ханша оған: — Мына нәрестені ал, оны менің орныма емізетін боласың. Сол үшін ақыңды төлеймін, — деп бұйырады. Әйел бөбекті емізіп асырау үшін үйіне алып кетеді.

[10] Сәби біраз өскеннен кейін шешесі оны перғауынның қызына апарып береді. Ханша баланы бауырына басып, «Оны судан шығарып алдым ғой», — деп, оған Мұса («Шығарып алған») деген ат қояды.

[11] Арада бірнеше жыл өтіп, Мұса ержеткенде бір күні өз халқының арасына барып, олардың қандай ауыр жұмыс істеп жүргендерін көрді. Сол кезде ол исраилдік ұлттастарының біреуін бір мысырлықтың ұрып-соғып жатқанын байқап қалды.

[12] Мұса жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен соң, мысырлықты ұрып өлтіріп, құмға көміп тастады.

[13] Келесі күні де Мұса далаға шыққанда, бір-бірімен төбелесіп жатқан екі исраилдікті көрді. Жәбір көрсеткенге ол: — Сен неге бауырласыңды ұрасың? — деді.

[14] Сол адам: — Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады? Сен немене, мысырлықты өлтіргендей мені де өлтірмексің бе? — деп жауап қайтарды. Мұса: «Менің істегенім туралы жұрт біліп қойған екен ғой», — деп ойлап, үрейі ұшты.

[15] Болған жайды перғауын да естіп, Мұсаны өлтіртпек болды. Бірақ ол перғауыннан қашып кетіп, Мадиян еліне барып, тоқтады. Бірде Мұса құдық түбінде отырған еді.

[16] Мадияндық діни қызметкердің жеті қызы бар болатын. Олар әкелерінің қой-ешкілерін суару үшін сол құдықтан су тартып, науаларды толтыратын.

[17] Алайда басқа қойшылар да келіп, бұларды қуып жіберіп, (алдымен өз малдарын суарып алатын). Бірақ бұл жолы Мұса орнынан ұшып тұрып, қыздарды қорғап, малдарын суарып берді.

[18] Қыздар үйлеріне қайтқанда әкелері Рәгуел: — Қалайша бүгін ерте келіп қалдыңдар? — деп сұрады.

[19] Олар: — Бір мысырлық жігіт бізді қойшылардан қорғап, тіпті су тартып, малымызды суарып берді, — деп жауап қатты.

[20] Сонда әкелері: — Сол жігіт қайда? Оны неге далада қалдырып кеттіңдер? Тамақ ішсін, шақырып келіңдер, — деп тапсырды.

[21] Оның қонақжайлылығына риза болған Мұса үйінде тұрып қалуға келісті. Уақыт өте, діни қызметкер Мұсаға қызы Сипораны әйелдікке берді.

[22] Кейін әйелі ұл туып, Мұса оған Гершом (яғни «Сол жерге кірме») деген ат қойды. Себебі ол: «Мен бөтен жердегі жат жұрттық кірме болдым», — деді.

[23] Ұзақ уақыттан кейін Мысырдың патшасы дүниеден қайтты. Ал исраилдіктер әлі де құлдықтан бейнет шегіп, күңірене күрсініп зарлап жатты. Олардың көмек сұрап жалбарынуы Құдайдың құлағына жетті.

[24] Зарлаған дауыстарын естігенде Құдай Өзінің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісімін рақыммен есіне алды.

[25] Осылай Құдай Исраил халқының мүшкіл халіне назар аударып, олардың қамдарын ойлады.

Мысырдан шығу — Chapters