[1] Мұнан соң Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға барып, сөзімді жеткіз: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!
[2] Егер одан бас тартсаң, бақалар қаптатып, бүкіл өлкеңе залал келтіремін.
[3] Нілде бақалар құжынап, олар судан шығып, сарайыңа, ұйықтайтын бөлмеңе, тіпті төсегіңе дейін кіріп кетпек. Олар уәзірлеріңнің сарайлары мен бүкіл халқыңның үйлерін де, пештерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды да жайлайды.
[4] Өзіңнің, халқыңның және бүкіл нөкерлеріңнің үстеріңде бақалар секіріп жүрмек».
[5] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы да былай деп бұйырды: — Һаронға мынаны айт: «Қолыңа таяғыңды ұстап, өзендер, арықтар және тоғандарға қарай көтеріп тұр да, бақаларды шығарып, Мысыр елін бақаға қаптат».
[6] Һарон қолын Мысырдың суларына қарай көтергенде олардан бақалар шығып, елді жайлап алды.
[7] Ал абыздар да сиқыршылықтарымен солай істеп, Мысыр жеріне бақалар шығарды.
[8] Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға былай деді: — Жаратқан Иеге менен және халқымнан бақаларды алып кете көрсін деп жалынып сиыныңдар. Содан кейін мен халықты Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып ғибадат ету үшін жіберемін. —
[9] Мұса перғауынға жауап беріп: — Менің сіз үшін, нөкерлеріңіз бен халқыңыз үшін Оған қай уақытта сиынуымды қалайсыз, соны өзіңіз белгілеңіз. Сонда барлығыңыз және үйлеріңіз бақалардан құтылып, тек өзендегілер ғана қалады, — деді.
[10] Перғауын: — Ертең, — деп шешті. Мұса: — Айтқаныңыздай болады. Құдайымыз Жаратқан Иеге тең келетін ешкімнің жоқ екенін осыдан білетін боласыз!
[11] Өзіңіз, үйлеріңіз, нөкерлеріңіз бен халқыңыз бақалардан құтылып, олар тек өзенде ғана қалады, — деді.
[12] Мұса мен Һарон перғауыннан шыққаннан кейін Мұса Жаратқан Иеге дауыстап сиынып, перғауынға бола құжынатып алып келген бақаларынан елді құтқарсын деп өтінді.
[13] Жаратқан Ие Мұсаның перғауынға алдын ала айтқан сөздеріне сай істеді. Содан барлық үйлердегі, қоралар мен даладағы бақалар құрып кетті.
[14] Жұрт оларды жинастырып, төбе-төбе етіп үйіп қойды. Сонда сасық иіс бүкіл елді алып кетті.
[15] Алайда перғауын апаттан құтылғанын көргенде жүрегін қайтадан қасарыстырып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала білдірген еді.
[16] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Һаронға мынаны айт: «Таяғыңды сілтеп, жердің шаң-тозаңын ұрып жібер! Сонда бүкіл Мысырдағы шаң-тозаң масаларға айналады».
[17] Олар солай істеді де. Һарон қолындағы таяғын сілтеп, жердің шаң-тозаңын ұрып қалғанда, адамдар мен малдардың үстіне масалар жабыла қонды. Бүкіл Мысыр еліндегі шаң-тозаң масаларға айналды.
[18] Абыздар да сиқыршылықтарымен масалар келтіргілері келіп еді, бірақ қолдарынан келмеді. Ал масалар адамдарға да, малдарға да жаппай қонды.
[19] Сонда абыздар перғауынға: — Бұл — Құдайдың құдіретті ісі! — деді. Алайда перғауынның жүрегі қайтпастан қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді.
[20] Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Ертеңгісін ерте тұр да, өзенге бара жатқан кезінде перғауынның алдынан шығып, сөзімді жеткіз: «Жаратқан Ие былай дейді: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!
[21] Егер оларды жібермесең, онда Мен өзіңе, нөкерлеріңе, халқыңа және тұратын үйлеріңе шыбын-шіркейлерді быжынатып жіберемін. Мысырлықтардың үйлері мен далалары шыбын-шіркейге лық толады.
[22] Ал сол күні Мен өз халқым мекендеген Гөшен еліне бөлек қараймын: онда ешқандай шыбын-шіркей болмайды! Осылайша сен бұл елдің ішінде Менің, Жаратқан Иенің, бар екенімді білетін боласың.
[23] Мен өз халқымды сенің халқыңнан ажыратып қоямын. Құдіретімді көрсететін осы керемет ертең болады».
[24] Жаратқан Ие солай істеді де. Перғауынның сарайы, нөкерлерінің үйлері, бүкіл Мысыр елі бұлттай қаптаған шыбын-шіркейлерге толып, ел күйреп жатты.
[25] Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға: — Барып, Құдайларыңа арнап осы елдің ішінде құрбандық шалыңдар! — деді.
[26] Бірақ Мұса: — Олай істеуге болмайды. Құдайымыз Жаратқан Иеге ұсынатын құрбандығымыз мысырлықтар үшін жиренішті. Шалған құрбандықтарымыз оларға жиренішті болып көрінсе, бізді таспен атқылап өлтіреді емес пе?
[27] Біз үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге Өзі бұйырғандай құрбандық шалуымыз керек, — деп жауап қайырды.
[28] Ал перғауын: — Сендерді Құдайларың Жаратқан Иеге арнап айдалада құрбандық шалуларың үшін жіберемін. Тек алысқа бармаңдар! Енді мен үшін сиыныңдар, — деп өтінді.
[29] Мұса: — Қазір қасыңыздан кеткен бойда Жаратқан Иеге сиынамын. Ертең өзіңіз, нөкерлеріңіз бен халқыңыздан шыбын-шіркейлер алыстап кететін болады. Тек перғауын алдауын доғарсын, халықты Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасау үшін баруға жібермей жүрмесін, — деді.
[30] Мұса перғауынның алдынан шығып, Жаратқан Иеге сиынды.
[31] Ол Мұсаның тілегеніндей істеп, перғауынды, нөкерлері мен халқын шыбын-шіркейлерден арылтты. Сонда елде бір шыбын да қалмады.
[32] Алайда перғауын бұл жолы да жүрегін қасарыстырып, халықты жібермей қойды.