Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:43

[1] Ал енді, Әйүп, шақырғың келсе, шақыр! Жауап беретін біреу болар ма екен? Періштелердің қайсысынан көмек сұрамақсың?

[2] «Ашу-ызасы ақымақты жояр, күншілдігі аңқауды құртар» деп дұрыс айтылған.

[3] Ақымақтың тамыр жайған ағаштай өркендегенін де көрдім, бірақ дереу оның үй-жайы Құдайдың қарғысына ұшырайды деп бағаладым.

[4] Оның балалары амандықтан аулақ жүр. Сотта оларды қыспақтайды, ал арашалайтын ешкімі болмайды.

[5] Ақымақтың өнімін аш адамдар жалмап қояды. Олар оның тікенді бұтақшалар астына сақтап қойған астығын да алып кетеді. Оның мал-мүлкін залымдар иемденуге құмартады.

[6] «Азап топырақтан өсіп шықпас, ауыртпалық та жерден шыға келмес».

[7] От ұшқындарының жоғары қарай лап ететініндей, адам баласы да ауыртпалық шегу үшін дүниеге келеді.

[8] Ал, Әйүп, егер мен сенің орныңда болсам, Құдайға бет бұрып сиынып, ісімді Оның алдына апарар едім.

[9] Құдай адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сан жетпес кереметтерді жасайды:

[10] Ол жер бетіне жаңбыр жаудырып, егістікті суға қандырады.

[11] Құдай кішіпейілдерді жоғарылатып, қайғырғандарға құтқарылу сыйлайды.

[12] Ол айлакер қулардың жоспарларын бұзып, оларды табысқа жеткізбейді.

[13] Құдай данышпан делінгендерді қулықтарынан ұстап алады. Айлакер зұлымдардың арамза кеңестері тез құриды.

[14] Күндіз олар түнекке тап болып, тал түсте де түндегідей сипалап жүреді.

[15] Құдай мұқтажды мықтылардың өткір сөздерінен құтқарады. Оларды қуаттылардың қолынан аман сақтап қалады.

[16] Сондықтан енді кедейде үміт бар, ал әділетсіздің аузы тас жабылған.

[17] Құдай ескертіп түзететін адам қандай бақытты! Сондықтан құдіреті шексіз Хақ Тағаланың тәрбиесін елемей жүрме!

[18] Өйткені Ол жара салса, соны Өзі таңады, соққы берсе, өз қолдарымен сауықтырады да.

[19] Құдай сені алты рет қиыншылықтан құтқарады. Апат тіпті жетеу болса да, саған жоламайды.

[20] Хақ Тағала сені ашаршылық жайлаған кезде өлімнен құтқарып, шайқас кезінде семсердің құдіретінен де аман алып қалады.

[21] Тілдің пәлесінен аулақ болып, ойран келгенде де қорықпайсың.

[22] Қайта, күйреу мен ашаршылыққа күле қарайсың, елдегі жыртқыш аңдардан да қауіптенбейсің.

[23] Сонда даланың қойтастары бөгет болып егіндігіңде жатпайды. Елдегі жыртқыш аңдар да өзіңмен тату-тәтті тұратын болады.

[24] Өз мекеніңнің аман-есен екеніне сенімді боласың. Отар-табындарыңды санап шыққанда, бірде-бір малыңның жоғалмағанына көзің жетеді.

[25] Ұрпағыңның көп екенін біліп жүретін боласың. Өзіңнен тараған үрім-бұтағың жер бетіндегі шөптей мол болмақ.

[26] Егіннің дер кезінде бауланып, қырманға әкелінетініндей, өзің де көп жасап, о дүниеге армансыз аттанасың.

[27] Міне, біз осыны зерттеп, оның ақиқат екеніне көз жеткіздік. Сондықтан оны тыңдап, жақсылап біліп алсаң екен!

Әйүп — Chapters