Әйүп 41
[1] Сол алып аңды жеңемін деген үміттің өзі құр бекершілік. Оны көргеннен-ақ зәрең ұшып қалшылдарсың.
[2] Оның мазасын алуға ешкімнің дәті бармайды. Олай болса, Маған қарсы тұра алатын біреу бар ма?
[3] Құнын Менен қайтарып аламын деп кім бір нәрсесін Маған беріп қойған? Аспан астындағылардың барлығы да Менікі!
[4] Қолтырауынның аяқтары, оның зор қуаты мен керемет дене тұрқы туралы да айтып өтейін.
[5] Оның денесінің сыртқы қабатын кім шешіп тастай алады? Оның қос қабат сауытын кім тесіп зақымдай алады?
[6] Сондай қорқынышты тістермен көмкерілген оның арандай аузын кім аша алады?
[7] Арқасында қатар-қатар тізіліп, бір-бірімен тығыз бекітілген қалқан іспетті қабыршықтары бар.
[8] Біреуінің екіншісіне жақындығы сонша, арасынан тіпті ауа да өтпейді.
[9] Бірі екіншісіне бекітілген, олар бірін-бірі жауып, еш ажырамайды.
[10] Алып хайуан пысқырынғанда жалын шашып, көздері таң шапағындай жайнай бастайды.
[11] Аранынан жалын алаулап, от ұшқындайды.
[12] Оның танауынан шыққан түтін жанып жатқан қамысқа әрі қайнап тұрған қазаннан шыққан бу мен түтінге ұқсайды.
[13] Хайуанның демі көмірді тұтататындай ыстық, аузынан жалын шашады.
[14] Мойнында қуаты мол, өзіне тап болғандарға үрей туғызады.
[15] Құрсағындағы бұлшық еттерінің бүрмелері бір-бірімен тығыз, біте жабысқан, оларды шайқалтуға болмайды.
[16] Жүрегі тастай, диірменнің астыңғы тасындай қатты.
[17] Алып хайуан көтерілгенде тіпті мықтылар да қорқады, үрейлері ұшып шегінеді.
[18] Оған семсер тисе де, зиян келтіре алмайды. Найза, сүңгі, алдаспан да дарымайды.
[19] Ол темірді сабандай, қоланы шіріген ағаш іспетті көреді.
[20] Садақтың жебесі оны қашуға мәжбүрлей алмайды, сақпанмен атылған тастар ол үшін қабықпен бірдей.
[21] Сол хайуанды сойылмен соғу сабанмен ұрған іспетті, алдаспанның тарсылына ол тек күліп қана қояды.
[22] Бауырындағы қабыршақтары қыш құмыраның өткір сынықтарындай. Қозғалса, жер жыртылып, іздері қалады.
[23] Ол тұңғиыққа сүңгіген кезде теңіз беті қайнаған қазандай тасиды.
[24] Жүзгенде артынан ақ із қалдырып, көргендер теңіздің ақ шашы бар екен деп ойлайды.
[25] Жер бетінде қорқынышты білмейтін ол сияқты ешбір хайуан жоқ.
[26] Ол барлық тәкаппар аңдарға менсінбей қарап, жабайы аңдардың патшасы болып қала береді.