Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:11

[1] Содан соң Жаратқан Ие Әйүпке құйынның ішінен жауап беріп былай деді:

[2] — Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!

[3] Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!

[4] Жердің түп негізін орнатқанымда сен қайда жүрдің? Білгіш болсаң, түсіндірші!

[5] Үстінен жіп тартып, оның өлшемдерін орнатқан кім? Сен бұларды білесің ғой.

[6] Дүниенің негіздері ненің үстіне орнатылды, оның іргетасын қалаған кім болды?

[7] Сол кезде таңғы жұлдыздар бірге әндетіп, Құдайдың бүкіл нөкерлері қуана ән салып жатты.

[8] Теңіз пайда бола салысымен дүлейлене жөнелгенде оны қақпалармен қоршап, шектеп қойған кім еді?

[9] Сол кезде Мен теңізге бұлттарды киім, қара түнекті жөргек еттім,

[10] қақпалары мен ысырмаларын орнатқандай оның шекараларын белгілеп қойдым.

[11] Оған: «Мына шектен асуыңа болмайды, тәкаппар толқындарыңның тоқтайтын жері осы!» деп бұйырғанмын.

[12] Ал сен өзің таңның атуына бұйрық беріп, шұғылаға қай жерде болуы керектігін қашан болса да көрсетіп пе едің?

[13] Оған жердің түкпір-түкпірлеріне жетіп, қараңғыда істелінген зұлымдықтарды жер бетінен аластатып тастауға әмір еттің бе?

[14] Таң атқанда жердің қалпы сазға мөр басқандай айқындалып, салтанатты киімнің пішіміндей анықталады.

[15] Күннің нұры зұлымдардың әрекеттерін доғартып, күш көрсетіп көтерген қолдарын сындырады.

[16] Әйүп, сен теңіздегі су көздеріне түсіп, оның терең жерлерін зерттеп шығып па едің?

[17] «О дүниенің қақпалары» саған көрсетіліп пе еді? «Қара түнектің қақпаларын» көріп пе едің?

[18] Жердің ауқымын ұқтың ба? Осының бәрін білсең, түсіндірші!

[19] Нұрдың мекеніне апаратын жол қайда? Ал қара түнектің тұрағы қайда?

[20] Оларды өз қоныстарына апара алар ма едің? Соларға қалай жетуге болатынын білесің бе?

[21] Әрине, білесің! Сен сол кезден бұрын-ақ дүниеге келіпсің. Көптеген күндерді басыңнан өткізіпсің.

[22] Қар мен бұршақ сақталатын қоймаларға кіріп пе едің?

[23] Апат, соғыс және шайқас кездері үшін соларды сақтап келемін.

[24] Нұрдың шашырайтын жолы әрі шығыс желінің жер бетіне шашырай соғатын жолдары қайда?

[25] Топанға арна қазып, күн күркіреу мен найзағайға жол салған кім?

[26] Елсіз айдалаға, адам тұрмайтын құла түзге жаңбыр жаудыратын кім?

[27] Құлазыған қу жапанды суландырып, жерден шөп шығаратын кім?

[28] Жаңбырдың әкесі бар ма? Шықтың тамшыларын дүниеге келтірген кім?

[29] Мұз кімнің құрсағынан шығып, аспаннан түскен қырауды кім туғызды?

[30] Су мұздағанда тастай болады, тұңғиықтың беті қатып қалады.

[31] Үркер жұлдыздар шоғырын байлап, Көгалдай мергеннің белбеуін шешуге құдіретің бар ма?

[32] Шоқжұлдыздарды өз уақытында шығарып, Жетіқарақшыны кіші жұлдыздарымен бірге жетелей аласың ба?

[33] Аспан денелерін басқаратын заңдарды білесің бе? Жаратқанның билігін жерге орнату қолыңнан келе ме?

[34] Айқайыңды бұлттарға дейін жеткізіп, оларға нөсер құйдыра аласың ба?

[35] Найзағайларды жарқылдатып, өзіңе мойынсұндыру қолыңнан келе ме?

[36] Адамның жан дүниесіне ақыл-парасат дарытып, санасына түсінікті кім сыйлады?

[37] Бұлттарды өз ақылымен санап шығып, «аспанның ыдыстарын төңкеріп», жаңбыр жаудырта алатын кім?

[38] Шаң-тозаң сонда балшыққа айналып, топырақ кесектері бір-біріне жабысады.

[39] Ұрғашы арыстан үшін аң аулайтын, жас арыстандардың қарындарын тойындыратын сенсің бе?

[40] Олар апандарында бүгіліп не тасада торуыл құрып аңдып жатады.

[41] Қарғаның балапандары Құдайға жалынып қарқылдап, тамақ іздеп босып жүргенде, қарғаға азық дайындап қоятын кім?

Әйүп — Chapters