Әйүп 39
[1] Тау ешкілері қашан лақтайтынын білесің бе? Маралдың бұзаулағанына қарап тұратын ба едің?
[2] Оның қанша ай буаз болып, қашан туатынын білесің бе?
[3] Марал толғатып, төлін еңкейіп туады.
[4] Төлі күшейіп, ашық далада өсіп-жетіледі. Кейін енесінен ажырап, оған қайтып келмейді.
[5] Ал жабайы есекті еркіне қоя берген, құланды жүгенсіз бос жіберген кім?
[6] Соларға мекені болсын деп айдаланы, тұрағы болсын деп сортаңды бергенмін.
[7] Қаланың әбігерінен олар мүлдем аулақ, айдаушының айқайын да естімейді.
[8] Қайта, олар қыраттарды шарлап, өздеріне әр түрлі шөп іздейді.
[9] Керік саған қызмет етуге келісіп, мал қораңда түней ме?
[10] Оны жүгендеп, соқаға жеге аласың ба? Ол соңыңнан еріп егіндігіңді тырмалай ма?
[11] Керіктің зор күшіне сүйеніп, ауыр жұмысыңды оған істете аласың ба?
[12] Астығыңды жинап, оны бастыратын қырманыңа алып келуді соған сеніп тапсырасың ба?
[13] Түйеқұс қанаттарын құшырлана қақса да, ол ләйлектің қауырсыны мен мамығына жетпейді.
[14] Түйеқұс жұмыртқаларын жерге қалдырып кетеді, ал топырақтың жылуы оларды жылытады.
[15] Біреу соларды табандарымен таптап, бір жабайы аң аяқтарымен басып кетпей ме, сол туралы еш ойланбайды.
[16] Осылай түйеқұс балапандарына өзінікі еместей қатыгез болып, «бейнетім зая кетеді-ау» деп те уайымдамайды.
[17] Себебі Құдай оған сондай даналық дарытқан жоқ, ақыл-санадан үлес бөлген жоқ.
[18] Бірақ егер қанат қағып шабатын болса, тұлпар мен шабандозды басып озып, күлкі қылады.
[19] Тұлпарға оның қуатын сен беріп пе едің? Оның желкесіне жал бітірген сен бе едің?
[20] Тұлпарды шегірткедей алысқа секіретін қылған кім? Оның пысқыруының өзінен жұрт шошынады.
[21] Тұлпар өршелене тұяғымен жер тебініп, өз күшіне шаттанып, шайқасқа бас салады.
[22] Ол қорқынышқа күле қарап, ештеңеден қаймықпайды, семсерден де именбейді.
[23] Жауынгердің қорамсағы, жалтыраған найзасы мен алдаспаны атының бүйіріне соғылып сатырлайды.
[24] Керней тартылғанда, тұлпар өзін ұстай алмай, аласұрған шабытпен шайқасқа бас салады.
[25] Ол керней тартылған сайын кісінеп, алыстан шайқастың иісін сезеді, қолбасшылардың өктем дауыстары мен айқайларын естіп тұрады.
[26] Сұңқардың самғап ұшатыны, қанаттарын оңтүстік желге қарай жаятыны сенің даналығыңның арқасы ма?
[27] Күшіген заңғар биікке самғап, сол жерге ұясын сенің бұйрығыңмен сала ма?
[28] Ол жартаста өмір сүріп, сонда түнейді, жартастың ұшар басы — оның қорғаны.
[29] Сол жерден шығып, азық іздеп, олжасын алыстан-ақ көзі шалады.
[30] Балапандары да қан сорып тамақтанады. Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар. —
[31] Жаратқан Ие сөзін жалғастырып, Әйүпке былай деді:
[32] — Әлі де құдіреті шексіз Тәңірдің үстінен шағым айтып, дауласпақсың ба? Мейлі, Құдайды айыптап келген енді өзі жауап берсін!
[33] Сонда Әйүп Жаратқан Иеге жауап беріп былай деді:
[34] — Мен бұған лайықты емеспін, Саған қалай жауап бермекпін? Аузымды қолыммен жауып аламын.
[35] Бір-екі рет еркінсіп аузымды ашқанмын, енді қайтып тіс жармаймын.