Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:25

[1] Бұған Әйүп былай деп жауап берді:

[2] — Қашанғы жанымды қинамақсыңдар, айтқан сөздеріңмен мені езгілей бересіңдер?

[3] Мені он рет масқараладыңдар, маған еш ұялмай жамандық істей бересіңдер!

[4] Егер адасқаным шындық болса, сол қателігім менің ғана мәселем!

[5] Ал расында өздеріңді менен жоғары қойып, осы бейшаралығымды бетіме бассаңдар,

[6] онда мынаны біліп қойыңдар: мені осы мүшкіл жағдайға түсіріп, жан-жағыма торын жайған — Құдайдың Өзі!

[7] Мен: «Зорлық!» деп айқайласам да, ешкім жауап бермейді. Жұртты көмекке шақырамын, бірақ әділдік бәрібір жоқ.

[8] Өтіп кете алмауым үшін Құдай жолыма бөгет қойды. Ол жүретін соқпағымды түнекпен жауып тастады.

[9] Құдай мені абыройымнан жұрдай қылып, басымнан «тәжімді» сыпырып алды.

[10] Мені жан-жақтан қырып-жойып, үмітімді арам шөптей түп-тамырымен жұлып тастады.

[11] Ол маған өз қаһарын тұтатып, мені қас жауындай есептейді.

[12] Оның «жасақшылары» маған қарсы анталап келіп, мені құрсаулап, мекенжайымды қоршап алды.

[13] Құдай ағайындарымды өзімнен алыстатып, таныстарым маған жат болып кетті.

[14] Туған-туыстарым менен безіп, дос-жарандарым мені танудан қалды.

[15] Үйімде тұратын келімсектер мен қызметші қыздар мені бөтен адамдай санап шеттетеді. Олар үшін жат жұрттық кірме болып қалдым.

[16] Қызметшімді шақырсам, жауап бермейді, оған тіпті жалынып өтінуім қажет!

[17] Әйелім демімнің иісінен жеркенеді, туған бауырларыма да жексұрынмын.

[18] Тіпті жас балалар да мені менсінбейді, орнымнан тұрғанымда келекелейді.

[19] Сырлас достарымның бәрі менен жиренеді, жақсы көретін адамдарым маған қарсы шықты.

[20] Құр сүлдерім қалып, зорға тірі жүрмін.

[21] Аяңдаршы мені, аяңдаршы, достарым-ау! Мені Құдайдың Өзі ұрып-соқты.

[22] Неге сендер Құдайға ұқсап артымнан қуып, етіме тоймағандай өкшелеп соңымнан қалмайсыңдар?

[23] Менің сөздерім жазылып қалдырылса ғой! Бір кітапқа жазылса ғой!

[24] Сөздерім темір қаламмен тас бетіне қашалып, қорғасынмен толтырылып, осылайша мәңгілікке жазылса ғой!

[25] Ал мен Құтқарушымның тірі екенін білемін! Ақырында Ол осы (өткінші) жерде (мені ақтап) тұратын болады!

[26] Денемнің күллі терісі шіріп, құрып кетсе де, соңында мен денемде Құдайды көретін боламын!

[27] Оны мен өзім көремін! Оны көретін басқаның емес, менің өз көздерім болады. Сол үшін де жүрегім кеудемде қатты толқып тұр!

[28] Ал өздерің: «Оны қудалап көрейік, мәселенің түп-тамыры оның өзінде ғой!» дейсіңдер.

[29] Бірақ сендер Соттаушының семсерінен қорқыңдар! Себебі Оның қаһары бастарыңа семсерді төндірмек. Сонда сендер соттың бар екеніне көз жеткізесіңдер.

Әйүп — Chapters