Әйүп 40
[1] Жаратқан Ие құйын ішінен Әйүпке тағы да тіл қатып былай деді:
[2] — Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақ қояйын, ал сен түсіндіріп берші!
[3] Менің әділдігіме күмән келтірмексің бе? Өзіңді ақтау үшін Мені қараламақсың ба?!
[4] Сенде Құдайдың құдіретіндей құдірет бар ма? Даусыңды Ол сияқты күркірете аласың ба?
[5] Ендеше ұлылық, даңқпен әшекейленіп, салтанат, абыройға бөленші!
[6] Қаһарыңды төгіп, тәкаппар атаулыға көз салып, оларды жуасытып көр.
[7] Барлық өркөкіректерге назарыңды бағыштап, оларды төмендетші, зұлымдарды тұрған жерлерінде табаныңмен тапташы.
[8] Олардың бәрін топыраққа көміп, кебінге орап, жүздерін жауып көр.
[9] Сонда сенің өз құдіретіңмен құтқарылғаныңды Мен де мойындайын.
[10] Мен өзіңді жаратқанымдай жаратқан сусиырға көз салшы. Ол өгіз сияқты шөп жейді.
[11] Оның белінің қуаты, құрсағындағы бұлшық еттерінің күші қандай!
[12] Сол хайуан самырсын секілді мықты құйрығын шайқалтады, жамбасындағы сіңірлері бір-бірімен берік матасқан.
[13] Аяқтары қола құбырдай, сүйектері темір бағанадай.
[14] Сусиыр Құдай жаратқан мақұлықтардың ішіндегі ғаламаты, ал оның Жаратушысы оған айбат көрсете алады.
[15] Қыраттар оған азық ұсынады, даланың аңдары да сол жерде ойнақтайды.
[16] Сусиыр лотос бұталарының астында, мибатпақтағы қамыстың арасында тасаланып жатады.
[17] Лотос жапырақтары оны көлеңкесімен жауып, өзен бойындағы талдар оны қоршап тұрады.
[18] Өзен астан-кестен болса да, сусиыр абыржымайды. Иорданның тасыған толқындары аузына соғылса да, ол тыныш болады.
[19] Оны байқатпай ұстап алып, танауын тесіп, оған мұрындық сала алатын біреу бар ма?
[20] Әлде қолтырауынды қармақпен ұстап, тілін жіппен байлап-матауды оңай деп ойлайсың ба?
[21] Сол зор аңның танауынан жіп өткізіп, жағына қармақ таға аласың ба?
[22] Ол сенен рақым етуіңді жалына өтініп, саған жылы сөйлейтін бола ма?
[23] Әлде саған жалдануға келісіп, сен оны өмірлік құлың ете аласың ба?
[24] Қолтырауынды кішкене құс іспетті үй жануарың етіп, қыздарыңның онымен ойнауы үшін жіппен байлай аласың ба?
[25] Сатып алушылар ол үшін саудаласа ма? Саудагерлер оны өзара бөлісіп ала ма?
[26] Оның терісіне қармақтар, басына найза шаншып қоя аласың ба?
[27] Қолыңды оған тигізіп көрші, кейін онымен күресу туралы ойдың өзінен қашатын боласың.