Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:47

[1] Содан кейін Әйүп сөзге келді. Өзінің туған күні еш болмаған болса екен деп қатты наразыланып,

[2] дауыстап былай деді:

[3] — Мен дүниеге келген күн әрі анамның бойына бала біткен түн еш болмаған болса ғой!

[4] Сол күн түнекке айналса екен! Оны заңғар көктегі Құдай іздемей, ұмытса екен! Ешбір жарық оған сәулесін шашпаса, шіркін!

[5] Сол күнді тас түнек пен қою қараңғылық басып алғанда ғой! Оның үстін қою бұлт қаптап, күндіз жапқан қара түнек оны үрейлендірсін!

[6] Иә, сол түнді қою қараңғылық қармап алсын! Ол жыл күндерінің есебінде болып қуанбасын, әрі айлардың қатарынан еш табылмасын!

[7] Сол түні бір әйелдің бойына бала бітпегенде ғой! Онда ешбір шаттық үні естілмеген болса, шіркін!

[8] Күндерді сиқырлай алатындар, тіпті қолтырауынды арбап орнынан жылжыта алатындар осы түнді қарғаған болса екен!

[9] Оның таңғы жұлдыздарын түнек басса ғой! Жұрт таңғы жарықты аңсай күткенмен, сол ешқашан да төгілмегенде ғой! Сол түн таң шапағын көре алмаған болса, шіркін!

[10] Өйткені ол анамның құрсағын жаппады. Жапса мына азап пен қасіретті көрмес едім.

[11] Не болмаса, туған кезде-ақ неге құрымадым екен? Құрсақтан шығып жатқанда-ақ неге өліп қалмадым екен?

[12] Мені қабылдап алған тізе, мені емізген төс неге ғана болды екен?

[13] Солар болмағанда қазір мазам кетпей, тыныш жатар едім! Ұйықтай беріп, тыным табар едім.

[14] Онда патшалармен, олардың кеңесшілерімен бірге жатар едім. Тірі кездерінде олар қиратылған ежелгі сарайларды өздеріне қайта тұрғызып алған болатын.

[15] Я болмаса, алтынға бай әміршілермен және сарайларын күміспен толтырғандармен бірге тынығар едім.

[16] Немесе, неге ғана өлі туып, дүниенің жарығын көрмей кеткен нәресте сияқты көрге көмілмедім екен?

[17] Себебі о дүниеде зұлымдар қоқан-лоқы жасауларын доғарған, әрі шаршап-шалдыққандар тыным тапқан.

[18] Тұтқындар да тыныштықтың рақатын бірге көреді. Олар өздерін аяусыз жұмысқа салған бақылаушылардың дауыстарын енді қайтып естімейді.

[19] Үлкені де, кішісі де сол жерде. Құл енді қожайынынан азат.

[20] Ендеше азап шегіп жүргенге нұр, жаны қиналып жатқанға өмір неге ғана беріледі екен?

[21] Мұндайлар ажалды зарыға күтеді, оны көмілген қазынадан бетер іздейді, әйтсе де ажал оларға жоламайды.

[22] Егер өліп, қабірге қойылған болса, олар қуанышқа кенеліп, шаттанар еді.

[23] Сонымен Құдай айналасын қиындықтармен қоршап, жолын жауып тастаған адамға өмір не үшін беріледі екен?

[24] Себебі нан жеудің орнына күрсінудемін, ыңқылым ағынды судай тоқтаусыз.

[25] Неден үрейлене қорықсам, соған тап болдым, қауіптенгендерім жүзеге асты.

[26] Маған тыныштық та жоқ, тыным да жоқ. Тынығудың орнына басыма аласапыран күн туды.

Әйүп — Chapters