Әйүп 4
[1] Сонда темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап қатты:
[2] — Егер біреу сенімен сөйлесуге ұмтылса, соған төзе аласың ба? Дегенмен кім мұндайда үн-түнсіз қала алады?
[3] Өткен уақыттарда өзің көп адамға тәлім беріп, әлсіздерді жігерлендіріп күш берген едің ғой.
[4] Айтқан сөздерің сүрініп, құлап бара жатқандарға тірек болып, тізелері дірілдеп әлсірегендерге күш-қуат дарытқан еді ғой.
[5] Ал енді, өз басың ауыртпалыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп кетіпті. Өзің бақытсыздыққа ұшырағанда, өмірден түңіліп кетіпсің.
[6] Құдайды терең қастерлеуің — сеніміңнің тірегі емес пе?! Әрі әділ жолмен жүруің — үмітіңнің негізі емес пе?!
[7] Есіңе түсірші, қашан бейкүнә адам мерт болып, әділ адам құртылған еді?
[8] Өз байқағаным: жамандықтың тұқымын сеуіп, зұлым жоспар құратындар солардың өнімін өздері жинайды.
[9] Олар Құдайдың «лебінен» құрып кетеді, Оның қаһарлы дауылынан ғайып болады.
[10] Арыстан ақырып, жауыз арыстан ырылдаған еді, алайда Құдай мықты арыстандардың да тістерін сындырады.
[11] Сонда олжадан ада болған ана арыстан өледі, жетім қалған балалары жан-жаққа шашырап кетеді.
[12] Маған құпия түрде бір хабар келді, құлағыма бір сыбыр шалынды.
[13] Бұл, адамдар қатты ұйқыға батқанда, түнде түс көріп, мазасыз ойлар туған уақытта болды.
[14] Сол түстен сүйектерімнің бәрі дірілдеп, қорқынышқа бөленіп тұрмын.
[15] Бет-жүзімді бір елес сипап өткенде, төбе шашым тік тұрды.
[16] Елес тұра қалды, бірақ сырт қалпын ажырата алмадым. Көз алдымда бір тұлға тұрды, оның сыбырлаған даусын естідім:
[17] «Пенде Құдайдан әділ, адам өз Жаратушысынан пәк таза бола ала ма?
[18] Құдай тіпті өз нөкерлеріне де сенбейді, Ол періштелерінен де қате табады.
[19] Ал, түбі, топырақтан жасалған тәнде өмір сүріп, саз балшықтан жаратылған, пенделермен не болмақ! Олар күйе-көбелектей оңай жаншылып,
[20] таң атқаннан күн батқанға дейінгі қып-қысқа аралықта-ақ талқандалып жаншылады ғой. Содан із-түзсіз ғайып болып,
[21] қазықтары суырылып тасталған шатырлардың құлап түсетіні сияқты құрып кетеді. Осылайша пенде даналыққа қол жеткізіп үлгермей-ақ дүниеден өтеді».