Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:03

[1] Пенденің өмірі қып-қысқа, соның өзі де әбден мазасыз.

[2] Адам гүл секілді өсіп шығып, солып қалады, өткінші көлеңкедей болған жерінде қала алмайды.

[3] Мендей пендеге көз алмастан қарайсың ба? Жауап алу үшін мені өз алдыңа әкелуің керек пе?

[4] Арам адамнан адал нәрсені кім шығара алады? Ешкім де!

[5] Сен пенденің өмір сүретін күндері мен айларының санын есептеп белгіледің, содан ешкім де аса алмайтын шек те қойдың.

[6] Ендеше назарыңды басқа жаққа аударып, пендені жайына қалдыра гөр. Жалшының жұмыс күнінің аяқталғанына қуанатынындай, пенде де өмірінің рақатын көріп шаттансын.

[7] Тіпті ағаштың да үміті бар: оны кесіп тастаса да, ол қайтадан өркен жайып өсе бермек.

[8] Жер астындағы тамырлары семіп қалса да, түбірі топырақта өлейін деп жатса да,

[9] судың лебінен-ақ ол қайтадан бүршік атып, жас өскіндей бұтақ жайып шыға келеді.

[10] Бірақ мықты деген адам да өлгенде бар күшінен айырылады. Ақырғы демін шығарғаннан кейін ол қайда болады?

[11] Көлдің суы тартылып, өзеннің арнасы кеуіп жарылып кететініндей,

[12] адам да қабірде жатқанда қайта тұрмайды. Аспан жоғалып кетпейінше ол оянбайды да, ұйқыда қозғалмастан жата береді.

[13] Мені о дүниеде аман-есен жасырып қойсаң екен! Қаһарың басылғанша мені тыға тұрсаң ғой! Мен үшін бір уақытты белгілеп, содан соң есіңе алып, мені құтқарсаң, шіркін!

[14] Адам өлген соң, қайтадан тіріле ме? Олай болса, мен бейнетке толы қызметімнің бар күндерінде өз орнымды басып азабымнан құтқаратын біреудің келуін зарыға күтер едім.

[15] Сонда Сен Өзің жаратқан мені қайтадан көргің келген кезіңде шақырып, мен Саған жауап берер едім.

[16] Сен қазір әр қадамымды санап келсең де, енді қайтып маған күнә жасай ма екен деп мұқият бақыламас едің.

[17] Қайта, Сен теріс қылықтарымды дорбаға салып, мөрлеп, барлық күнәларымды әкпен ағартқандай жауып тастар едің.

[18] Бірақ қазір тау да үгіліп қирап, жартас та өз орнынан қозғалатындай,

[19] судың тасты мүжіп, тасқын судың жердің топырағын шайып әкететініндей, Сен де пенденің үмітін құртасың.

[20] Сен пендеден біржола басым болып, ол кетіп қалады. Ажалмен оның сиқын бұзып, оны бұ дүниеден қайтарып жібересің.

[21] Бұдан былай балалары абыройлы ма, ол содан хабарсыз, әлде олар елеусіз бе, оны да біле алмайды.

[22] Пенде тек өз денесінің қиналғанын сезіп, өз жаны үшін қайғырады.

Әйүп — Chapters