Әйүп 31
[1] Қыз-келіншектерге құмарта қарамауға көздеріммен келісім жасасып, оларды соған үйреттім.
[2] Өйткені заңғар биікте тұратын Құдай бізге қандай тағдырды белгілеген? Құдіреті шексіз Тәңір бізге қандай «мұра» бұйырған?
[3] Ол әділетсіздерге жазасын тартқызып, жамандық жасағандарды апатқа ұшыратпай ма?
[4] Бар іс-әрекетімді көріп, басқан қадамдарымның бәрін де Ол бағалайды емес пе?
[5] Әлде мен өтірікке сүйене өмір сүріп, адамдарды алдадым ба?
[6] Құдай істерімді дұрыс таразыға сала көрсін. Менің адалдығымды Оның Өзі біледі ғой.
[7] Егер мен не тура жолдан тайған, не көзбен көргеніме құмартқан, не басқа да күнә жасап арамданған болсам,
[8] онда еккен егінімнің өнімін басқалар жеп қойсын! Отырғызған көшеттерім түп-тамырымен жұлынып қалсын!
[9] Егер бір әйелдің еліктіруіне түсіп, не көршімнің есігінде оның әйелін аңдыған болсам,
[10] онда өз әйелім басқа бір еркектің қол диірменін тартып, тамағын дайындасын, әрі бөтен адамдар онымен жақындасатын болсын.
[11] Себебі осылай істесем, бұл нағыз зұлымдық әрі сотталып, жазалануға лайықты күнә болар еді.
[12] Сондай істерім өзімді өртеп, тозаққа түсіретін, бар игілігімді тұтас жалмап қоятын от сияқты болар еді.
[13] Немесе қызметшілерім шағымданып, мен олардың ақыларын жеп қойған болсам,
[14] онда Құдай сот жүргізу үшін орнынан тұрғанда, не істер едім? Ол мені тексеріп сынағанда, Оған қандай жауап берер едім?
[15] Мені анамның құрсағында жаратқан Құдайым қызметшілерімнің әрқайсысын да солай жаратқан жоқ па?!
[16] Мен бейшараларға қажетті көмекті бермеп пе едім, яки жесірлерді жылатып үмітсіз қалдырған ба едім?
[17] Әлде нанымды жалғыз өзім жеп, жетіммен бөлісуден бас тарттым ба?
[18] Жоқ, мен әкесіндей болып жас кезімнен-ақ жетімді асырадым. Өмір бойы жесірлерге де қамқорлық жасап келемін.
[19] Киімі жоқ үй-күйсізді әрі жамылғысы жоқ жарлы-жақыбайды көргенде,
[20] оларға өз қойымның жүнінен тоқылған киім кигізбедім бе? Сол үшін олар маған алғыс айтқан жоқ па еді?
[21] Егер соттың маған болысатынына сенімді болып, жетімге қарсы қолымды созып зорлық жасасам,
[22] онда иығым жауырынымнан ажырап, қолым да буынынан шығып кетсін!
[23] Өйткені мен Құдайдың жазасынан қорықтым. Осындай нәрсені істегеннен кейін Оның салтанатты ұлылығымен бетпе-бет келгенде соған төзе алмас едім.
[24] Я болмаса алтынға сенімімді артып, саф алтынды өзіме демеу еткен бе едім?
[25] Байлығымның молдығына әрі ағыл-тегіл дәулетке қол жеткізгеніме лепіре мақтандым ба?
[26] Мен жарқырап тұрған күнге не салтанатпен қимылдайтын айға қарағанда,
[27] жүрегім елігіп кетті ме? Қолымды өбіп, күнге не айға қарай созып табындым ба?
[28] Бұл да сотталып жазалануға тиіс күнә. Солай еткен болсам, мен көктегі Құдайға опасыздық жасаған болар едім.
[29] Яки өзімді жек көретін дұшпанымның басына түскен бақытсыздығына қуанып, оның ұшыраған апатына шаттандым ба?
[30] Жоқ, мен аузымның ондай адамды қарғап күнә жасауына жол берген емеспін.
[31] Үйімдегі қызметшілерім: «Әйүптің дастарқанынан тоя ет жемеген адам болған емес!» деп мені мақтайтын.
[32] Ешбір бөтен жолаушыны менің кесірімнен далада түнеуге мәжбүр етпей, бәріне де есігімді айқара ашып қоятынмын.
[33] Я болмаса, басқалардай күнәларымды жасырып, айыбымды жүрегімде тығып жүрдім бе?
[34] Осылайша үлкен жамағаттан әрі руластарымнан ұялып, сыртқа шықпай, жиналысқа қатыспаған кезім болды ма? (Жоқ, ешқашан да!)
[35] Мені тыңдайтын біреу болса ғой! (Өзімді ақтайтын құжатқа) қолымды қоюға дайынмын. Құдіреті шексіз Тәңір маған жауап қайыра көрсін! Мені айыптаушы маған қандай кінә тағатынын жазбаға тізіп жазып берсін!
[36] Соны ашықтан-ашық иығымда көтеріп жүріп, тіпті тәж іспетті басыма киіп те алар едім.
[37] Мен Құдайға әр басқан қадамым туралы есеп беріп, Оның алдына әмірші іспетті емін-еркін барар едім.
[38] Егер егістік жерім мені кінәлап, оның соқа айдаған іздері жылаған іспетті шағымданса,
[39] мен оның өнімін жұмысшыларға жалақыларын төлемей алған, не иелерінің көзін құртқан болсам,
[40] онда бидайдың орнына тікенек, арпаның орнына арам шөп өсіп шықсын! Әйүптің айтқан сөздері осымен аяқталды.