[1] Сүлейменнің таңдаулы әні.
[2] Иісмайыңның жұпары аңқып кетті, Атың шашылған иіссудай әйгілі, Сондықтан да қыздар өзіңе тәнті.
[3] Ала кетші мені өзіңмен бірге, Жылдам жүгірейік екеуіміз, кәне! Патшам мені кіргізді өз бөлмелеріне. (Қалыңдықтың құрбылары:) Саған шаттанып өзіңді жырлаймыз, Махаббатыңды шараптан көп мақтаймыз. (Қалыңдық:) Өзіңді ұнатқандарына осылардың, Уа, жаным, сен әбден лайықтысың!
[4] Өңім қара торы, әйтсе де сұлумын, Уа, қыздары Иерусалим қаласының. Қидардағы шатырлардай қара торымын, Сүлейменнің қара перделеріне ұқсаймын.
[5] Қарамаңдаршы маған тесірейе, Бетімді күйдірді күн сәулелері. Ағаларым маған ашуланған еді, Баққызып қойды содан жүзімдіктерді, Сөйтіп күте алмадым өз жүзімдігімді.
[6] Айтшы маған, уа, сүйіктім, қай жерде Бағып жүресің сенің отарыңды? Әрі сен қайда барып, түскі кезде Тынықтырып аласың қойларыңды? Мен несіне қаңғырамын бет-перде Жамылған жүгенсіздей, достарыңның Отарлары арасынан сені іздеуге? (Құрбылары:)
[7] Ең сұлу ару, сен мұны білмеймісің? Ұсақ малдың соқпақтарымен жүр сонда, Жайып бақ лақтарыңды өзіңнің Шопан қостарының маңдарында.
[8] Жаным, сені ұқсатам сайгүлікке Жегілген перғауынның күймесіне.
[9] Екі бетің көрікті сырғаларыңмен, Мойның да әп-әдемі алқаларыңмен!
[10] Өзіңе арнап күміспен көмкерілген Алтын сырғалар соқтырып беремін мен.
[11] Патшам дастарқан басына жайғасты, Иісмайымның жұпары сол тұста жайылды.
[12] Сүйіктім хош иісті мүр шайырындай, Кеудемде аңқып тұрған қалташықтай,
[13] Ен-Геди жүзімдігінің қынагүл шоғындай.
[14] Уа, жаным, керемет қой сұлулығың, Көгершіндей қос жанарың, сондай сұлусың! (Қалыңдық:)
[15] Қандай көріктісің, сүйгенім, сүйкімдісің! Көк шалғын болады төсегіміз біздің. (Күйеу жігіт:)
[16] Самырсын бұтақтары шаңырағымыздай, Жұпар шыршалар уықтарымыздай.