Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:46

[1] Жастық шағыңда Жаратушыңды есіңде берік ұста! Азапты күндерің жетіп, «олардан рақат таппаймын» дейтін жылдарың жақындамай тұрып, Жаратушыңды қастерлейтін бол!

[2] Сол кезде күн мен нұр, ай мен жұлдыздар көмескіленіп, жауыннан кейін де қою бұлттар сейілмей адамның көзі нашар көрер.

[3] Сонда адамның «үйді қорғайтын» екі аяғы дірілдеп, мықты иықтары бүгілер. Оның тамақты диірмендей шайнайтын тістері аз болғандықтан жұмыстарын доғарар. Терезеден сыртқа қарайтын жанарлары буалдыр тартар.

[4] Екі құлағы үйдің көшеге қараған есіктеріндей тас жабылып, астық тартып отырған қол диірменнің үнін құлағы әрең шалар. Адам таң сәріде шымшық шырылдағанда оянар, ал оның әндерін әзер естір.

[5] Сол жаста адамдар құлап қалудан қорқып, жолдағы қауіп-қатерден жүрексінер. Шаштары гүлдеген бадам ағашындай әппақ болар. Салқын күндегі шегірткедей адам сүйретіліп зорға жүрер, әрі құштарлығы да қоздырылмас. Ақыр аяғында адам о дүниедегі мәңгілік мекеніне аттанар, ал көше оны жоқтаушыларға толар.

[6] Сондықтан өмірдің күміс жібі әлі де үзілмей, алтын тостағаны сынбай, су құятын құмыра талқандалмай, құдықтағы су тартқыш қирап құлап түспей тұрғанда Жаратушыңды есіңде ұста!

[7] Себебі сол уақыт келгенде топырақтан жаратылған денеміз топыраққа қайта айналып, жанымыз өзін сыйлаған Құдайға кері қайтады.

[8] «Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы — (жеке өздігінен өмірдің) бәрі де бекершілік!»

[9] Өзі кемеңгер болып қана қоймай, Даналықты уағыздаушы сонымен бірге халыққа тәлім беріп, көптеген нақыл сөздерді ой елегінен өткізіп бағалап, реттеп жазып қойып отырды.

[10] Даналықты уағыздаушы бәрін де орынды сөздермен айтып жеткізуге ұмтылды және оның жазғандары шынайы әрі нағыз ақиқат.

[11] Данышпандардың сөздері (мүйізді ірі қараны айдайтын) ұшты таяқ іспетті адамды іс-әрекетке жұмылдырады. Сол жиналған нақылдар қағылған шегедей дәл тиеді. Бұлардың бәрін берген — бір Бағушы.

[12] Балам, мұның бәріне қоса тағы бір нәрседен де сақ бол: көптеген кітап жаза берудің шегі жоқ, әрі тым көп оқу денені шаршатады.

[13] Ал енді, айтылғандардың барлығының қорытындысын тыңдайық: Құдайды терең қастерлеп, Оның өсиеттерін орында! Себебі бұл — әр адамның парызы.

[14] Өйткені Құдай адамның әрбір ісіне, тіпті ешкімге білдірмей жасаған не жақсы, не жаман ісіне де Өзінің сотында әділ бағасын береді.

Уағыздаушы — Chapters