[1] (Күйеу жігіт:) Неткен сұлу едің, сүйіктім менің! Қандай көріктісің, қымбаттым, өзің! Бет пердеңнің артындағы бота көзің Тартымды-ау көзіндей көгершіннің! Ғилақад тау беткейімен түсіп келген Ешкі отарындай шашың төгілген.
[2] Тістерің отарындай саулықтардың, Жаңа қырқып, таза жуып шығарған, Кемістік табылмас араларынан, Бәрі де бір-біріне дәл қиысқан.
[3] Ал қызыл жіп секілді еріндерің, Қандай сұлу еді ауызың сенің! Бет пердеңмен жабылған самайларың Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың.
[4] Мойның сенің сымбатты Дәуіт патшаның Сәулетті салынған мұнарасындай, соның Қабырғалары әсем әшекейленген Дәуіттің мың батырының қалқандарымен.
[5] Лалагүлдер арасында жайылып жүрген Егіз елікке қос анарың ұқсас екен.
[6] Таң атып, көлеңке қысқара түскенше, Мүр шайыры бар тауға көтерілейінші, Жұпар шайыр төбесінде жүрейінші!
[7] Қымбаттым, сен тұтастай әдемісің, Жоқ тұла бойыңда ешқандай мінің!
[8] Ливан тауынан менімен бірге келгін, Амана шыңынан, қалыңдығым менің, Заңғар бастарынан Хермон, Сенірдің, Арыстан тыншып жатқан үңгірлерінен, Барыс білдіртпей жүрген төбелерінен.
[9] Жүрегімді тартып алдың, қарындасым, Бір-ақ көзқарасыңмен, уа, қалыңдығым, Бір ғана асыл тасымен алқаңның!
[10] Қандай тәтті сенің махаббатың, Уа, қымбаттым, сүйген қалыңдығым! Ол шараптан әлдеқайда артық екен, Хош иісің сенің артық дәмдеуіштен.
[11] Қалыңдығым, балдай тәтті еріндерің, Бал мен сүттей тәтті асты тіліңнің! Хош иісі киімдеріңнің сенің Жұпарындай Ливандағы самырсынның.
[12] Уа, қымбаттым, сен жабық бақшадайсың, Қалыңдығым, қоршалған бұлақтайсың, Мөрленіп бекітілген қайнардайсың.
[13] Жемісі тәтті анар бақшасындай Өз өскіндерің, һәм нард пен қынадай.
[14] Нард пен запыран, шайыр мен дәмқабықтың, Хош иісті таңдаулы ағаштардың, Мүр мен алоэдей дәмдеуіштердің Жұпары аңқып тұр бақшаңнан сенің.
[15] Бау-бақшадағы қайнарға ұқсайсың, Ливан тауынан ағып жатқан судайсың.
[16] Көтерілші, самал желім, солтүстіктен, Сондай-ақ, жылы желім, оңтүстіктен, Өзімнің бақшама соғып келсеңші, Жұпарларын оның тарата берсеңші! Сүйген жарым өз бақшасына келсін, Тәтті жемістерінен таңдап жесін!