[1] (Құрбылары:) Айналшы, шуламдық, дөңгелеп би биле! Саған қарап тұрайық біздер сүйсіне. (Күйеу:) Неге Маханаим биін билегендер Арасындағы бұл шуламдыққа сендер Сүйсіне қарауды сонша тілейсіңдер?
[2] Сандал киген аяғың қандай ажарлы, Уа, ақсүйек әміршінің қызы! Сенің қос саныңның сұлу пішіні Зергер қалпын жасаған асыл тас секілді.
[3] Кіндігің дәмді шарап құйылған тостағандай, Белің лалагүл қоршап үйілген бидайдай.
[4] Қос анарың екі елік тәрізді, Киіктің егіз лағы секілді.
[5] Уа, сүйіктім, сенің сымбатты мойның Піл сүйегінен жасалған мұнарадай, Қос жанарың Бат-Раббим қақпасының Маңындағы Хешбон тоғандарындай, Һәм мұрның Дамаскіге қарап тұрған Ливан тауының әсем мұнарасындай.
[6] Басың Қармил тауындай көтеріңкі, Төгілген шашың сенің сондай көрікті, Бұйраларың патшаны баурап әкетеді!
[7] Қандай сұлусың, қандай сүйкімдісің, Сенен ләззат табам, сүйіктім менің!
[8] Сен құрма ағашындай әдемісің, Қос анарың шоғындай жемістердің.
[9] Құрма ағашына өрмелеп шығайын, Жемістері бар сабақтарын ұстайын, Қос анарың болсын жүзім шоқтарындай, Деміңнің иісі алма жұпарындай,
[10] Әрі ауызың таңдаулы шараптай!
[11] Мен өзіме ынтық сүйіктімдікімін.
[12] Жүрші, сүйіктім, далаға барайық, Кәне, ауылдарда түнеп шығайық.
[13] Ерте тұрып, жүзімдіктерге барайық, Жүзім бұталары бүршік жарды ма, Олардың гүлдері ашылып қойды ма, Анар ағаштары да гүлдеп тұр ма? Соны көру үшін серуендейік бақтарда, Махаббатымды сыйлаймын саған сонда.
[14] Махаббат жемісінің жұпары аңқуда. Алуан түрлі керемет тағамдар Біздің есігіміздің қасында бар: Уа, сүйіктім, бұрынғы мен жаңалар, Менен сен үшін сақтап қойылғандар.