Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:06

[1] (Қалыңдық:) Түні бойы мен төсек-орнымнан Ғашығымды тосып, таба алмағам.

[2] Кәне, мен тұрып, аралайын Қаланың көше, алаңдарын! Бірақ таба алмадым сандалғанмен, Көп іздеп бекер жүрдім мен.

[3] Қарауылдар маған тап болды, Аралап жүрді олар қаланы. «Көрдіңіздер ме жан досымды?» Деп сұрап іздедім сүйген жарымды.

[4] Мезгілде қастарынан сәл-ақ өткен Кездестірдім жарымды жаным сүйген! Оны ұстап алып жібермедім, Анашымның үйіне алып келдім, Өз шешемнің бөлмесіне кіргіздім.

[5] Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын, Елік пен бұғының аттарын атаймын: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! (Құрбылары:)

[6] Даладан өрлеп келе жатқан бұл кім екен, Түтін бағанындай, мүрдей жұпар затпенен, Саудагердің алуан дәмдеуіш ұнтақтарымен?

[7] Мұнда қара, өз күймесінде Сүлеймен Келе жатыр алпыс мықты жігітімен, Исраилдің таңдаулы ерлерімен!

[8] Семсері белінде асынған бәрінің, Шайқаста көрсеткен өз ерліктерін, Бұл жігіттер түнгі қауіп-қатерге дайын.

[9] Құнды ағашынан Ливан тау-төбесінің Жасатыпты Сүлеймен патша өз күймесін,

[10] Оның бағандарын күміспен жалатқан, Һәм оның негізін алтыннан жасатқан, Отырғышын қырмызы матамен қаптатқан. Күйменің ішін Иерусалимнің қыздары Бар ықыласпен безендіріп дайындады. (Қалыңдық:)

[11] Уа, сиондық қыздар, шығыңдар, кәне, Қараңдар Сүлеймен патшаның тәжіне: Оған анасы кигізген тәжіне Оның неке қиған осы күнінде, Жүрегі шаттыққа кенелген кезінде!

Таңдаулы ән — Chapters