Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:06

[1] (Жас келін:) Сен анамның ақ төсін еміп өскен Бірге туған бауырым болсаң екен! Кездестіріп далада сонда сені, Өбіп алсам, жұрт сөкпес еді мені.

[2] Тәрбиелеп мені өсірген шешемнің Үйіне сені ертіп келер едім, Саған дәмдеуіш қосқан шарабым Мен анар шырынын татқызар едім.

[3] Сол қолы оның басымның астында, Оң қолымен мені құшақтасын да!

[4] Иерусалим қыздары, сендерден өтінемін: Махабатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! (Құрбылары:)

[5] Сүйіктісіне сүйене айдаладан Кім екен мынау өрлеп келе жатқан?

[6] Жүрегіңнің үстіне мені мөрдей тақшы, Мөрлі білезіктей білегіңе салшы! Өйткені махаббат өлімдей қуатты, Құлшынысы оның ажалдай қатты! Ол өз отын найзағайдай шашады, Лапылдап өрт жалынындай жанады.

[7] Мол су да махаббатты өшіре алмас, Тасыған өзен оны батыра алмас. Бір адам өз үйінің бар байлығын Ұсынғанмен сүйіспеншілік үшін, Мүлдем менсінбес еді ешкім онысын!

[8] Кенже туған қарындасымыз бар біздің, Әлі де жетілмеген денесі қыздың, Айттырылып қойған күнінде оның Не істерміз игілігіне қарындастың?

[9] Егер берік қабырғадай болса, біз Күмістен оған бекініс саламыз. Ал егер есіктей ашық болса, біз Самырсын тақтаймен жауып тастаймыз. (Жас келін:)

[10] Өзім берік қабырғаға ұқсаймын, Һәм мұнарадай тіп-тік қос анарым. Содан оның көзінде кемелді болдым.

[11] Бағал-Хамонда Сүлейменнің жүзімдігі болған, Соны бағуды бағбандарға тапсырған. Әрқайсысы соның жемісі үшін Мың мысқал күмістен төлеп берсін.

[12] Менің «жүзімдігімді» кімге берсем, Мұны мен өзім біліп, өзім шешем. Мың мысқал, уа, Сүлеймен, сіздікі болсын, Ал екі жүз — жемісін өсіргендерге оның. (Күйеу:)

[13] Уа, бау-бақшада отырған жеріңнен Дос қыздарың естіп тұр даусыңды сенің, Енді маған да оны естіртсең екен! (Жас келін:)

[14] Уа, сүйіктім, маған жүгіріп келсең екен, Жұпар иісі аңқыған шөптер мол өскен Тауларда елік, жас бұғыдай секірсең!

Таңдаулы ән — Chapters