[1] (Құрбылар:) Уа, ең сұлуы бар әйелдердің, Қай жаққа кетті сүйіктің сенің? Оны өзіңмен бірге іздейік, Ол қайда кеткен, соны білейік?! (Жас келін:)
[2] Сүйгенім түсті бақшасына өзінің, Жүйектеріне жұпар шөптерінің, Бау-бақшада серуендеп жүру үшін, Жинамаққа өскен лалагүлдерін.
[3] Мен өз сүйіктімдікімін лайым, Ал сүйіктім де менікі әрдайым, Серуендеп жүр арасында лалагүлдің.
[4] Сүйгенім, сен Тирсадай әдемісің, Иерусалим де іспетті көріктісің, Ту көтерген әскердей сес көрсетесің.
[5] Менен бұрып әкетші көздеріңді, Толқытып жібереді олар мені. Ғилақад тау беткейімен түсіп келген Ешкі отарындай шашың төгілген.
[6] Тоғытылған қой іспетті тістерің, Жалғыз емес, сыңары бар бәрінің.
[7] Бет пердеңмен жабылған самайларың Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың.
[8] Алпыс патшайым, сексен кәнизак болсын, Әрі сансыз көп қыздар да жиналсын,
[9] Ал көгершінім, мінсізім, айрықша өзі, Ол — шешесінің теңдесі жоқ жалғыз қызы, Өзін туған анасының таңдаулысы! Қыздар оны көргенде мадақтады, Патшайымдар, кәнизактар да мақтады. (Құрбылары:)
[10] Бұл кім екен, айдай сұлу, таңдай атқан, Күндей нұрын шашып, ту көтеріп тұрған Әскерге ұқсап сес көрсетіп жатқан?
[11] Жаңғақ ағашының тоғайына бардым, Аңғардың көгорай шалғынын қарадым. Жүзім бұталары бүршік жарды ма, Анар ағаштары гүлдей бастады ма, Соны біліп келуге шықтым далаға.
[12] Мен соны аңғармай тұрғанда әлі де Отырдым сүйікті патшамның күймесіне.