Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:45

[1] (Қалыңдық:) Шарон жазығындағы райхандаймын, Аңғардың лалагүліне ұқсаймын. (Күйеу жігіт:)

[2] Рас, салыстырсам басқалармен, жалғызым, Тікенектер арасындағы лаладайсың.

[3] Ғашығым жас жігіттер арасында Алма ағашындай орман арасында! Саясында оның отыра берсем екен, Жемісі тәтті, ләззат табамын мен.

[4] Тойханаға алып барды ол мені, Бәріне айқын өзімді сүйетіні.

[5] Ғашықтықтан әлсізбін, мейіз беріңдерші, Алма да жегізіп күшейтіңдерші!

[6] Сол қолы басымның астында болсын, Оң қолымен мені құшақтап алсын!

[7] Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын, Елік пен бұғының аттарын атаймын: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін!

[8] Сүйіктімнің даусы бұл, ол келе жатыр, Таудан асып екпіндеп келе жатыр!

[9] Ол ұқсайды елік пен жас бұғыға, Жетіп те қалды үйдің арт жағына, Әне, ол терезеден қарайды да.

[10] Тіл қатып маған былай деді сүйіктім: Тұршы, жаным, бірге жүрші, сүйкімдім!

[11] Қарашы, қыстың кезі өтіп кетті, Жаңбыр жауған сол бір күндер өтті.

[12] Айнала гүлдер қаулап өсіп кеткен, Құстардың әндетер кезі де келген, Кептер гуілі естіледі әр жерден.

[13] Інжірдің алғашқы жемісі пісуде, Жүзім де гүл шашып, хош иіс беруде, Орныңнан тұршы енді, қарашығым, Далаға шығайық, уа, ғашық жарым!

[14] Көгершінім, жартастың жарығында Жасырынған, шыңдардың арасында, Көрсетсеңші маған сұлу жүзіңді, Естиін мен сондай тәтті үніңді!

[15] Ұстаңдаршы сол кішкентай түлкілерді, Олар бүлдіреді ғой жүзімдіктерді, Жүзімдігіміз гүлдеп тұр себебі.

[16] Сүйіктім менікі, ал мен онікімін, Ол жайылып жүр арасында лалагүлдің.

[17] Таң атып, көлеңке жоғалып кеткенше, Жас бұғыдай тау сайларында секірші, Сүйіктім, еліктей кері қайтып келші!

Таңдаулы ән — Chapters