[1] (Күйеу:) Міне, мен өз бақшама кіріп алдым, Уа, қымбаттым, менің сүйген жарым! Мүрім мен дәмдеуішімді жинап алдым, Сондай тәтті балымнан ішіп тұрмын, Шарап пен сүтімнің дәмін татып тұрмын. (Құрбылар:) Уа, достарымыз, кәне, ішіп-жеңдер, Уа, ғашықтар, тоя іше беріңдер!
[2] Ұйықтап жатып, жүрегім сергек еді. Тыңда, сүйіктім қағып тұр есігімді: «Ашсаңшы есікті, қымбаттым менің, Сүйген жарым, кемелді көгершінім! — Деді ол маған, — шықтан су болды басым, Түннің ылғалынан бұйра шашым!»
[3] «Шешініп ем, қалай тағы киінем? Аяғымды жудым, қалай кірлетем?»
[4] Есік тесігінен қол сұқты сүйіктім, Қатты толқып кетті менің жүрегім.
[5] Есікті оған ашуға тұрдым содан, Хош иісті мүр тамды қолдарымнан, Құлып ысырмасына саусақтарымнан.
[6] Есікті ашсам, сүйіктім жоқ екен, Кері бұрылып, кетіп қалған екен! Кеткеніне жүрегім лүпіл қаққан, Іздеп шықсам да, таппадым еш жақтан! Шақырсам да, жауап бермеді маған.
[7] Қарауылдар қаланы аралап жүрді, Ұстап алып мені, ұра берді. Күзетшілер қамал үстіндегі Жұлып тастады менің бет пердемді.
[8] Өтінем, жалынышымды тыңдаңдаршы, Оу, Иерусалим қаласының қыздары: Егер де көрсеңдер сүйген жарымды, Ғашықтықтан талықсыды деп айтыңдаршы!
[9] Бұлай деп бізге өтінетініңдей сен, Сүйіктің қай жағынан артық өзгеден? Әйелдердің ең сұлуы, соны айтсаң екен! (Жас келін:)
[10] Сүйіктімнің беті нұрлы, албыраған, Ол айрықша он мың адам арасынан.
[11] Басы оның саф алтындай, шашы бұйра, Қарға, құзғынға ұқсап қап-қара.
[12] Жанарлары бұлақ жағасындағы Көгершіндер сияқты жылтырайды, Оның тістері сүтке шомылған Асыл тастардай, көмкеріле қойылған.
[13] Екі беті оның аңқып жатқан Жұпар иісті шөптер өсіп тұрған Бақшадағы жүйектерге тұр ұқсап. Еріндері сұйық мүр тамшылап Жатқан лалагүлдерге тұр ұқсап.
[14] Білектері оның алтыннан жасалған, Асыл тастармен жиек салынған Жұмыр сойылдарға ұқсап жаратылған. Денесі тегіс піл сүйегіне ұқсайды, Сапфир тастар тәрізді жалтырайды.
[15] Аяқтары саф алтын негізге Орнатылған мәрмәр баған секілді. Тұлғасы оның Ливан тауындай, Таңдаулы самырсын ағаштарындай,
[16] Әрі оның ауызы сондай тәтті, Иә, оның өзі түгелдей сымбатты! Осыған ұқсайды сүйіктім, досым менің, Уа, қала қыздары Иерусалимнің!