[1] Иса жиналғандарға: — Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Құдайдың Патшалығының құдіретпен келуін өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер, — деді.
[2] Иса осыдан алты күннен кейін тек Петір, Жақып және Жоханды ғана ертіп бір биік таудың басына көтерілді. Сол жерде Исаның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдында өзгеріске түсті.
[3] Оның киімдері жарқырап, жер бетіндегі бірде-бір шебер ағарта алмайтындай аппақ болып кетті.
[4] Сонда (ежелде өмір сүрген) Ілияс пайғамбар мен Мұса пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті.
[5] Сол кезде Петір Исаға: «Ұстаз, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп тіл қатты.
[6] Себебі үш елшіні үрей билегендіктен, Петір не айтарын білмеді.
[7] Сонда бір бұлт пайда болып, оларға көлеңкесін түсірді. Бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті (рухани) Ұлым. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
[8] Кенеттен үш шәкірт жан-жақтарына қарап, қастарында Исадан басқа ешкімді де көрмеді.
[9] Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп бұйырды.
[10] Үшеуі осы айтылғанды естеріне сақтап, «өлімнен қайта тірілгенше» дегеннің мәнін өзара сұрасты.
[11] Кейінірек шәкірттері Исаға мынадай сұрақ қойды: — Дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — Иса:
[12] — Ілиястың алдымен келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. Ал көктен келген Билеушінің көп азап шегіп, қорлануға тиіс болатыны туралы Киелі жазбаларда неліктен жазылған?
[13] Бірақ сендерге шындығын айтайын: Ілияс келген де еді! Алайда ол туралы Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, адамдар оған ойына келгендерін істеді, — деп жауап берді.
[14] Осылай Иса үш елшісімен қалған шәкірттеріне қайта оралды. Сонда олар шәкірттердің айналасына жиналған қалың топты және шәкірттерімен айтысып тұрған дін мұғалімдерін көрді.
[15] Бүкіл халық Исаны көрісімен қатты таңғалып, Оны қарсы ала жүгірді.
[16] Иса олардан: — Бұлармен не туралы айтысып жатырсыңдар? — деп сұрады.
[17] Халықтың арасынан біреу: — Ұстаз, мен ұлымды Сізге көрсету үшін осында әкелген едім. Оны жын соғып, бала мылқау болып қалды.
[18] Жыны қайда ұстаса, сол жерде алып ұрады. Баланың аузынан көбік ағып, тістерін шықырлатып, сіресіп қатып қалады. Шәкірттеріңізден жынды қуып шығуларын сұраған едім, бірақ олардың қолынан келмеді! — деп жауап берді.
[19] Сонда Иса: — Ей, сенбейтін ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді.
[20] Содан олар баланы Исаның қасына алып келді. Жын Оны көрісімен-ақ баланы қалшылдата бастады. Бала жерге құлап түсіп, аузынан көбік шаша дөңбекшіп жатты.
[21] Иса оның әкесінен: — Ұлың қашаннан бері мұндай? — деп сұрады. — Кішкентай кезінен бері.
[22] Жын оны құртпақ болып, жиі-жиі отқа да, суға да құлатып келеді. Қолыңыздан келсе, бізді мүсіркеп жәрдем ете көріңіз! — деді әкесі.
[23] Иса оған: — «Қолыңыздан келсе» деген не сөз? Сенушіге бәрі де мүмкін, — деп жауап берді.
[24] Баланың әкесі (көзіне жас алып) дереу: — Мен сенемін. Сенімім жетіспегенде оны нығайта көріңіз! — деп дауыстап жіберді.
[25] Иса тағы көбірек халықтың жүгіріп келіп, жиналып жатқанын байқаған соң, жынға қатаң бұйрық беріп: «Саңырау, мылқау қылатын жын, саған бұйырамын: бұдан шық! Енді қайтып еш уақытта оған жолама!» — деді.
[26] Жын шыңғырып жіберіп, баланы қатты қалшылдатты да, шығып кетті. Бала өліп қалғандай сұлық жатты. Сондықтан жұрттың көбі оны өлді десті.
[27] Бірақ Иса қолынан демеп көтергенде, бала орнынан тұрды.
[28] Иса шәкірттерімен үйіне барып, кірген соң, олар оңашада: — Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады. Иса оларға былай деп жауап берді:
[29] — Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат ету (және ораза ұстау) арқылы ғана қуып шығаруға болады.
[30] Олар сол жерден кетіп, Ғалилея аймағы арқылы жол жүрді. Иса мұны ешкімнің білгенін қаламады,
[31] себебі Ол шәкірттеріне тәлім беріп жүрді. (Өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді! Оны өлтіреді, бірақ содан кейінгі үшінші күні Ол қайта тіріледі!»
[32] Бірақ шәкірттері бұл сөздердің мағынасын ұғынбады, ал Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады.
[33] Олар Қапарнаум қаласына келіп, бір үйге түскеннен кейін, Иса шәкірттеріне: — Жолшыбай не туралы пікірлестіңдер? — деген сұрақ қойды.
[34] Бірақ шәкірттері үндемеді, өйткені олар жолшыбай келе жатып: «Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?» — деп өзара пікірлескен болатын.
[35] Иса жайғасып отырғаннан кейін, он екі елшісін қасына шақырып алып: — Кім ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңнен де кішік болып, бәріңе қызмет ете берсін! — деді.
[36] Содан Иса бір кішкентай баланы алып, орталарына тұрғызып қойды. Оны құшақтап:
[37] — Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның тек Өзімді ғана емес, Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді.
[38] Сонда Жохан: — Ұстаз, Сіздің атыңызбен адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан біреуді көрдік. Оған тыйым салдық. Ол бізге еріп жүрген жоқ қой, — деді.
[39] Бірақ Исаның жауабы мынау болды: — Оған тыйым салмаңдар! Менің атыммен керемет істеген ешкім де жуыр маңда Мені қаралап, жамандай қоймас.
[40] Бізге қарсы болмағанның бізге жақтас болғаны.
[41] Сендерге шындығын айтайын: Мәсіхтің жолымен жүргендерің үшін сендерге ең болмағанда бір тостаған су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр алақан қалмайды!
[42] Алайда кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, ол үшін мойнына диірменнің зор тасы байланып, теңізге лақтырылғаны жақсырақ болар еді!
[43] (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып тасталған» сияқты жоқ болсын. «Екі қол-аяқпен» мәңгі сөнбес тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар аяқ-қолмен» мәңгілік өмірді иемденгенің артық болар еді.
[47] Егерде сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойып тасталған сияқты жоқ болсын. «Екі көзіңмен» тозаққа лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» Құдайдың Патшалығына кіргенің артық болар еді.
[48] Тозақта «тәндерін кеміретін құрттар өлмейді, жалындаған от та сөнбейді».
[49] Шалынған құрбандықтардың тұзбен тазартылатыны сияқты, әрқайсың да азап отынан өтесіңдер.
[50] (Тағамды бұзылудан сақтау үшін) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Ендеше жан дүниелеріңде тазартатын «тұз» болсын! Осылай өзара тату-тәтті өмір сүріңдер!