Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 14:10

[1] Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамдарына екі-ақ күн қалған еді. Басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды.

[2] Әйтсе де олар: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.

[3] Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. Сонда бір әйел Исаның қасына жақындап келді; оның қолында нард деген өсімдіктен жасалған таза, аса құнды иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар еді. Әйел құтының аузын сындырып, иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.

[4] Сол жердегілердің кейбіреулері бұған наразы болып, бір-біріне: «Иісмай неге бұлай ысырапталды?

[5] Оны бір жылдық жалақыдан да артық бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой!» — десіп, әйелді сөгіп тастады.

[6] Бірақ Иса оларға қарсы шығып былай деді: — Бұл әйелге тимеңдер! Оны неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.

[7] Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, оларға қалаған кезде қайырым көрсете аласыңдар. Ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.

[8] Бұл әйел қолынан келгенін істеп, Менің денеме қабірге қоярдағы май жағу салтын алдын ала орындады.

[9] Сендерге шын айтамын: осы Ізгі хабар қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.

[10] Ал он екі елшінің біреуі, Яһуда Исқариот, Исаны ұстап беру ниетімен басты діни қызметкерлерге барды.

[11] Мұны естігенде олар қатты қуанып, сол үшін Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті. Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.

[12] Ашымаған нан мейрамының бірінші күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалатын. Сол кезде шәкірттері Исадан: — Мейрам асыңызды қай жерге әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.

[13] Иса олардың екеуін жұмсап былай деді: — Қалаға барып, кіріңдер. Сонда сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп,

[14] ол кірген үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.

[15] Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселіп даярланған кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты бізге сол жерге дайындаңдар! —

[16] Енді шәкірті жолға шығып, қалаға кіргенде, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады.

[17] Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге сол үйге келді.

[18] Олар дастарқан басына жайғасып, тамақ ішіп отырғанда, Иса: — Сендерге шындығын айтайын: Менімен бірге тамақ ішіп отырған сендердің біреуің Маған опасыздық жасайды, — деді.

[19] Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі: — Сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.

[20] Иса жауап беріп: — Ол — осы он екіңнің бірі, табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің.

[21] Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді, — деді.

[22] Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: — Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.

[23] Иса тостағанды да алып, шүкірлік етіп, оларға берді. Одан бәрі де ішті.

[24] Иса оларға: — Бұл — көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.

[25] Сендерге шын айтамын: Мен Құдайдың Патшалығы орнаған кезде жүзім шырынынан жаңа түрде ішетін боламын. Сол күнге дейін одан енді қайтып татпаймын, — деді.

[26] Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.

[27] Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді: — (Бүгін түнде) бәрің де Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «қойлары» бытырап кетеді.

[28] Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —

[29] Ал Петір Оған: — Бәрі безіп кетсе де, мен олай етпеймін! — деді.

[30] Иса: — Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — деп жауап қайтарды.

[31] Алайда Петір одан бетер құлшына: — Маған Сізбен бірге өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттер де осыны айтты.

[32] Осылай олар бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда шәкірттеріне: «Мен сиынып мінажат еткенше, осы жерде отыра тұрыңдар», — деді.

[33] Ол Петір, Жақып және Жоханды Өзімен бірге ала кетіп, жаны түршігіп қатты қинала бастады.

[34] Иса үш шәкіртіне: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, ұйықтамай сергек болыңдар!» — деп тапсырды.

[35] Иса сол жерден әрірек барып, жерге жығылды. Мүмкін болса, алдағы азапты кезеңнің Өзіне жоламай айналып өтуін сұрап:

[36] «О, Абба, Әкем! Сенің қолыңнан бәрі де келеді. (Қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!» — деп мінажат етті.

[37] Қайтып келгенде Иса шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Шимон, ұйықтап жатырсың ба? Ең болмағанда, бір сағат ұйықтамай отыра алмағаның ба?

[38] Азғырылмау үшін сергек болып сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.

[39] Иса тағы да шеткері барып, сиынып бұрынғы сөздерін қайталап мінажат етті.

[40] Бұдан кейін оралып келгенде, шәкірттері қайтадан ұйықтап жатты. Себебі көздерін ұйқы басқан еді. Олар Исаға не айтарларын білмеді.

[41] Иса үшінші рет оңаша сиынып, қайтып келгеннен кейін шәкірттеріне: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Жетер енді, уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.

[42] Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!» — деді.

[43] Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылары жіберген болатын.

[44] Исаға опасыздық жасаушы Яһуда оларға белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқындап, абайлап алып кетіңдер», — деген еді.

[45] Яһуда келген бойда-ақ Исаның қасына барып: «Ұстаз!» — деп, Оның бетінен сүйді.

[46] Сонда Яһудаға еріп келгендер Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.

[47] Бірақ сол жерде Исамен бірге тұрғандардың біреуі семсерін суырып алды. Соны бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.

[48] Ал Иса келгендерге: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?

[49] Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп қастарыңызда болғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. Бірақ Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандар осылай жүзеге асуға тиіс!» — деді.

[50] Сол сәтте шәкірттерінің бәрі Исаны тастап, қаша жөнелді.

[51] Ал жалаңаш денесіне бәтес жамылғы ғана оранған бір жас жігіт Исаның артынан ілесіп отырды. Жасақшылар оны ұстап алды.

[52] Бірақ сол жігіт жамылғысын тастай сала, қолдарынан сытылып шығып, жалаңаш күйі қашып кетті.

[53] Қарулы топ Исаны бас діни қызметкердің сарайына апарды. Сол жерге барлық басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері жиналды.

[54] Петір Исаға алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің сарайының ішкі ауласына дейін барды. Ол жерде Петір сақшылармен бірге отырып, отқа жылынды.

[55] Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы айғақ іздестірді, бірақ ештеңе таба алмады.

[56] Көптеген адамдар Исаға қарсы жалған куәлік берді, алайда олары бір-біріне сай келмеді.

[57] Ақырында кейбіреулері тұрып:

[58] — Біз Бұның: «Мен қолдан жасалған мына киелі үйді бұзып, қолдан жасалмаған басқасын үш күнде қайта тұрғызамын» дегенін естідік, — деп жалған куәлік келтірді.

[59] Алайда бұл жайындағы айтқандары да өзара сәйкес келмеді.

[60] Сонда бас діни қызметкер ортаға шығып, Исаға: — Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деген сауал қойды.

[61] Бірақ Иса еш жауап бермей үндемеді. Бас діни қызметкер Оған тағы да сұрақ қойып: — Сен Мадақталғанның рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деді.

[62] Иса: — Мен Солмын. Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.

[63] Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып: — Енді куәгерлердің қажеті қанша?

[64] Ол Тәңірге тіл тигізді, мұны өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. Жиналғандардың барлығы да Оны өлім жазасына лайық деп шешті.

[65] Бірқатары Исаға түкіре бастады. Оның бетін бүркеп, жұдырықтап: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі. Бұдан кейін сақшылар Исаны ұстап тұрып, соққылады.

[66] Бұл кезде Петір төменде, сарайдың ішкі ауласында, отырған еді. Бас діни қызметкердің бір қызметші қызы өтіп бара жатып,

[67] отқа жылынып отырған Петірді көрді. Оған қадала қарап: — Сен де назареттік Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.

[68] Алайда Петір: — Не деп тұрғаныңды білмеймін де, түсінбеймін де, — деп мойындамады. Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда әтеш шақырды.

[69] Қызметші қыз Петірді тағы да көріп, сол жерде тұрғандарға: «Мынау — солардың біреуі!» — дей бастады.

[70] Бірақ Петір қайтадан мойындамады. Сәл кейінірек сонда тұрғандар да оған: — Сен шынымен солардың біреуісің, ғалилеялықсың ғой! (Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр!) — деді.

[71] Ал Петір: — Сендер айтып тұрған Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады.

[72] Сол сәтте-ақ әтеш екінші рет шақырып, Петірдің есіне Исаның «Әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Сонда ол қатты налып, жылады.

Марқа — Chapters