Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:35

[1] Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындап келді. Сонда Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап,

[2] оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер.

[3] Егер біреу сендерден «Бұл не қылғандарың?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек, жуық арада кері қайтарып жібереді» деп жауап беріңдер.

[4] Екі шәкірт барғанда көше бойындағы бір үйдің қақпасына байлаулы тұрған жас есекті тауып, шылбырын шешті.

[5] Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері: «Тайқарды шешіп не істемексіңдер?» — деп сұрады.

[6] Екі шәкірт Исаның айтқанындай жауап берді. Содан әлгілер оларға кедергі жасамай, жайларына жіберді.

[7] Екі шәкірт жас есекті Исаға алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса оған мінді.

[8] (Иерусалимге бара жатқан) көптеген адамдар жамылғыларын жолға жайса, өзгелері даладан жас бұтақшаларды кесіп әкеліп, соларды Исаның алдына төсеумен болды.

[9] Осылай Исаның алды-артынан еріп жүргендер қатты дауыспен былай деп айқай салды: «Тәңір Ие мадақталсын!» «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!»

[10] «Арғы тегіміз Дәуіттің қайта орнайтын патшалығы жарылқанған!» «Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!»

[11] Осылай Иса Иерусалимге кірді де, ғибадатханаға барып, оны айнала қарап шықты. Кеш батқанда Ол он екі елшісін ертіп қаладан шығып, Бетания ауылына барды.

[12] Келесі күні олар Бетаниядан шыққанда, Исаның қарны ашты.

[13] Алысырақтан жапырақ жайған інжір ағашын көрген Ол жемісінің бар-жоғын байқау үшін қасына барды. Бірақ ағаштан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Жеміс беретін маусымы әлі болмаған еді.

[14] Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешкім де жемісіңнен дәм татпасын!» — деді. Шәкірттері Исаның осы айтқандарын естіді.

[15] Сонымен олар Иерусалимге жетті. Иса ғибадатхана алаңына кіріп, ондағы сатушылар мен алушыларды қуып шығара бастады: шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті теңгелерге) айырбастаушылардың үстелдері мен (құрбандыққа шалынатын) көгершіндерді сатушылардың орындықтарын аударып тастады, әрі

[16] жүк көтергендердің ғибадатхана ауласымен өтулеріне де тыйым салды.

[17] Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген емес пе? Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертіп тәлім берді.

[18] Мұны дін мұғалімдері мен басты діни қызметкерлер де естіп, Исаның көзін құртудың жолын іздеді. Себебі жұрттың бәрі Оның тәліміне қатты қайран қалғандықтан, олар Исадан қорқып жүрді.

[19] Кеш түсе Иса шәкірттерін ертіп қаладан шығып кетті.

[20] Ертеңіне інжір ағашының жанынан өткенде, олар сол ағаштың тамырына дейін қурап қалғанын көрді.

[21] Осы оқиға есіне түскен Петір Исаға: — Ұстаз, қараңызшы, Өзіңіз қарғаған інжір ағашы қурап қалыпты! — деді.

[22] Иса жауап беріп шәкірттеріне былай деді:

[23] — Құдайға сеніңдер! Сендерге шындығын айтайын: біреу мына тауға «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» деп, айтқан сөзінің іске асатынына жүрегінде еш күмәнданбай сенсе, сол өтініші орындалады.

[24] Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайға сиынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ.

[25] Ал сиынып тұрған кездеріңде біреуге өкпелерің болса, оны кешіріңдер! Сонда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешіреді.

[26] (Егер өздерің кешірмесеңдер, көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.)

[27] Осылай олар тағы да Иерусалимге келді. Иса ғибадатхананың ішінде жүргенде, бірқатар басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның қасына келіп:

[28] — Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Оларды істеуге Сізге кім билік берді? — деген сауал қойды.

[29] Исаның жауабы мынау болды: — Мен де бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер! Содан кейін сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін.

[30] Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе? Соған жауап беріңіздер!

[31] Олар өзара пікірлесіп былай десті: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» дейтін болар.

[32] Ал «адамның еркімен» десек...» — Олар бұлай деуге халықтан қорықты, себебі бүкіл жұрт Жақияны шынайы пайғамбар деп санайтын.

[33] Сондықтан олар Исаға: — Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса: — Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.

Марқа — Chapters