[1] Иса сол жерден кетіп, Өзінің өскен жеріне барды. Шәкірттері қасына еріп жүрді.
[2] Демалыс күні Иса мәжілісханада тәлім бере бастады. Тыңдап отырғандардың көбі қатты таңданып, өзара былай десті: «Мұның бәрі Бұған қайдан біткен? Оған қонған не қылған даналық? Осындай құдіретті істер қалайша қолынан келеді?
[3] Өзі — ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы, Жақып, Жүсіп, Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой». — Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды.
[4] Сонда Иса оларға: «Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас», — деді.
[5] Содан да Иса сол жерде бірқатар науқас адамдарға қолын тигізіп сауықтырғаны болмаса, басқа кереметтер жасай алмады,
[6] әрі жұрттың сенбеушілігіне таңғалды. Бұдан кейін Иса сол өңірдегі ауылдарды аралап, халыққа тәлім берді.
[7] Бірде Ол он екі елшісін қасына шақырып алды. Оларды екі-екіден жібермек болып, оларға жындарды қуып шығаратын билік берді.
[8] Сонда Иса елшілеріне былай деп тапсырды: «Жолға тек таяқтан басқа еш нәрсе алмаңдар: нан, дорба әрі қалталарыңда ақша да болмасын,
[9] жай аяқкиім киіп, артық киім алмаңдар! —
[10] Оларға тағы былай деді: — Бір жерде қай үйге түссеңдер, қайтадан жолға шыққанша сонда қалыңдар.
[11] Егер бір жерде сендерді қабылдамаса және айтқандарыңа құлақ салмаса, сол жерден шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар. Бұл оларға ескерту болсын. (Сендерге шындығын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады-ау!)»
[12] Сонымен елшілер жолға шығып, халыққа: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер!» деп уағыздап жүрді.
[13] Олар адамдардан қыруар жындарды қуып шығарып, көптеген науқастарға май жағу рәсімін жасап сауықтырды.
[14] Исаның атағы кең тарағандықтан, Ол туралы Ирод (Антипас) патша да естіді. Кейбір кісілер: «Бұл — шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — десе,
[15] басқалары: «Ол — дүниеге қайтып келген Ілияс пайғамбар», — деді. Ал тағы басқалар: «Ол — пайғамбар, ежелде өмір сүрген пайғамбарларға ұқсайды», — деп болжады.
[16] Ал Ирод бұларды естігенде: «Бұл — өзім басын шаптырған Жақия екен, ол қайта тіріліпті!» — деп абыржыды.
[17] Өйткені бұрынырақ Ирод кісі жіберіп, Жақияны тұтқындатып, түрмеге жаптырған еді. Себебі Ирод өзінің туған бауыры Філіптен әйелі Иродияны тартып алып, соған үйленген болатын.
[18] Ал Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен еді.
[19] Содан (Иродтың әйелі) Иродия Жақияға кек сақтап, оны өлтірмекші болды. Бірақ ол мұнысын жүзеге асыра алмады.
[20] Себебі Жақияның әділ, қасиетті адам екенін білген Ирод одан қорқып, оны қорғап жүрді. Ол Жақияны тыңдаған сайын қатты абыржыса да, оған ризашылықпен ден қоятын.
[21] Ақырында Иродияға зұлым ниетін жүзеге асырудың орайы түскен еді: Ирод өзінің туған күнінде уәзірлері, мыңбасылары және Ғалилеяның өзге көрнекті адамдарына арнап той жасады.
[22] Иродияның қызы тойға келіп, бәрінің алдында би билеп, патшаға және оның қонақтарына қатты ұнап қалды. Сондықтан патша бойжеткенге: «Менен қалағаныңды сұра, беремін», — деп уәде етті.
[23] Тағы да оған: «Не қаласаң да сұрашы, тіпті патшалығымның жартысына дейін беремін!» — деп ант етті.
[24] Қыз шығып, шешесіне: — Не сұрасам екен? — деді. Шешесі: — Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын сұра! — деп жауап берді.
[25] Қыз дереу патшаға жүгіріп барып, одан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын дәл қазір табаққа салып, тарту етуіңізді қалаймын», — деп өтінді.
[26] Патша еңсесі түсіп қатты қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін аяқсыз қалдырғысы келмеді.
[27] Дереу бір жасақшысын жіберіп: «Жақияның басын алып кел!» — деп бұйырды.
[28] Ол түрмеге барып, Жақияның басын шауып, табаққа салып, қызға әкелді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
[29] Жақияның шәкірттері мұны естігенде келіп, оның денесін алып кетіп, қабірге қойды.
[30] Исаның жіберген елшілері қайта оралып, Оның қасына жиналған соң, өздерінің жасаған істері мен берген тәлімдері туралы түгелдей баяндап берді.
[31] Бұдан кейін Иса: «Тек өздерің ғана Маған еріп оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалыңдар!» — деді. Себебі келіп-кетіп жатқан жұрт көп болғандықтан, олардың тамақтануға да мұршалары болмады.
[32] Сонымен Иса мен шәкірттері жалғыз өздері ғана қайықпен оңаша бір жерге жөнелді.
[33] Ал олардың кетіп бара жатқандарын жұрт байқап қалды. Көпшілігі оларды танып, бүкіл қалалардан шығып, жаяу жүгіріп, баратын жерлеріне олардан бұрын жетті.
[34] Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көріп, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлар сияқты бейшара еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді.
[35] Біршама уақыт өткеннен кейін шәкірттері Исаның қасына келіп: — Бұл — құлазыған дала, ал кеш түсіп барады.
[36] Адамдарды таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
[37] Бірақ Иса: — Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері: — Онда біз барып, екі жүз күндік жалақыға нан сатып алып, бұларды тамақтандырайық па? — деп сұрады.
[38] Ал Иса оларға: — Қанша нандарың бар? Барып, қарап келіңдер! — деп тапсырды. Біліп келген олар: — Бес күлше нан мен екі кепкен балық бар екен, — деді.
[39] Сонда Иса шәкірттеріне адамдарды топ-топқа бөліп, көгалдың үстіне жайғастыруды тапсырды.
[40] Сонымен жұрт жүзден, елуден топтасып жайғасты.
[41] Иса бес күлше мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, екі балықты да бәріне бөліп, үлестірді.
[42] Барлығы да жеп тойды.
[43] Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда он екі себет толды.
[44] Ал тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.
[45] Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасындағы Бетсайдаға баруға бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды.
[46] Иса жұртты қайтарып жіберген соң, (көктегі Әкесіне) сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты.
[47] Кеш түскенде қайық көл ортасында еді, ал Иса құрлықта жалғыз тұрды.
[48] Сонда Ол ескек есіп бара жатқан шәкірттерінің қиыншылыққа тап болғанын көрді. Себебі жел қарсы соғып тұрған еді. Таңғы алагеуімде Иса оларға көл бетімен жақындап келіп, қастарынан өтіп кетпекші болды.
[49] Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттері елес екен деп ойлап, айқайлап жіберді.
[50] Өйткені бәрі де Оны көріп, қорқып кетті. Иса оларға дереу тіл қатып: «Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын!» — деп көңілдерін орнықтырды да,
[51] олардың қайығына мінді. Сонда жел де басылды. Шәкірттері қатты қайран қалып, аң-таң болды.
[52] Себебі нанмен болған кереметті түсінбеген олар Исаның кім екенін әлі де шын жүректен ұқпаған еді.
[53] Осылай Иса шәкірттерімен бірге көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңына жетіп, жағаға тоқтады.
[54] Қайықтан түсісімен Исаны халық бірден-ақ таныды.
[55] Олар бүкіл төңіректі тездете аралап шығып, ондағы ауру-сырқауларды жатқан төсеніштерімен көтеріп алып келе бастады. Олар Исаның қай жерде жүргенін естіп білгенде, науқас адамдарын сонда апарды.
[56] Иса қай жерге бармасын — қай ауылға, қай қалаға не елді мекенге кірсе де, жұрт ауру-науқастарды сонда әкеліп, базар алаңдарына орналастырды. Науқастар Исадан тек Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Оған қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!