Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:49

[1] Сенбі күні өткеннен кейін мағдалалық Мәриям, Жақыптың шешесі Мәриям және Салома Исаның сүйегіне май жағу салтын орындай алу үшін иісмайлар сатып алды.

[2] Олар жексенбі күні ертемен, күн шыға қабірге бара жатқанда:

[3] «Бізге қабір аузындағы қақпақ тасты кім домалатып ашып берер екен?» — десті.

[4] Олар келіп қараса, тастың домалатылып, былай қойылғанын көрді. Ал тас тым үлкен болатын.

[5] Ішке кірген әйелдер оң жақта отырған ақ киімді бір жас жігітті көріп, абыржып қорқып кетті.

[6] Бірақ періште оларға қарап былай деді: — Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленіп өлген назареттік Исаны іздеп жүрсіңдер ғой. Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті! Оның қойылған орнын қараңдар!

[7] Енді барып, Оның шәкірттеріне және Петірге мынаны жеткізіңдер: Иеміз сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сендерге Өзі айтқандай, сол жерден Оны көресіңдер.

[8] Әйелдер бойларын қорқыныш билеп, қатты дірілдеп қабірден шықты да, қаша жөнелді. Зәрелері ұшқан олар сол сәтте басқа ешкімге ештеңе айтпады.

[9] Иса жексенбі күні таң сәріде қайта тірілгеннен кейін ең алдымен мағдалалық Мәриямға көрінді. Бір кезде Иса оның бойынан жеті жынды қуып шығарған болатын.

[10] Мәриям Исаға еріп жүрген, ал қазір Оны жоқтап аза тұтқан шәкірттеріне барып, оларға бұл хабарды жеткізді.

[11] Алайда олар Мәриямның: «Иса тірі! Мен Оны көрдім!» дегенін естігенде нанбады.

[12] Бұдан кейін Иса шәкірттерінің екеуіне бір ауылға кетіп бара жатқан кездерінде жолшыбай басқа бір кейіпте көрінді.

[13] Олар қайта оралып келіп, қалған шәкірттеріне айтып берді, алайда солар бұл екеуіне де сенбеді.

[14] Ақыр соңында, кешкі асқа отырған кездерінде, Иса он бір елшісінің өздеріне де көрінді. Оларға қайта тірілген Өзін көргендерге нанбай, қиқарлық танытқандары үшін наразылық білдірді.

[15] Иса оларға тағы былай деді: «Бүкіл жер бетіндегі күллі адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар!

[16] Кім сеніп, шомылдыру рәсімінен өтсе, сол құтқарылады. Ал кім сенбесе, сотталады.

[17] Сенушілер Құдайдың құдіретін көрсететін мынадай кереметтерді істемек: олар Менің атыммен жындарды қуып шығарып, жаңа тілдерде сөйлейді.

[18] Егерде қолдарымен улы жылан ұстап не у ішіп қойса, содан ешқандай зақым көрмейді. Ауру адамдардың үстіне қолдарын қойса, олар сауығып кетеді».

[19] Сонымен Иеміз Иса олармен сөйлесіп болған соң көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына жайғасты.

[20] Ал шәкірттері барлық жерлерге барып, Ізгі хабарды жариялап жүрді. Иеміз оларға жар болып, Өзінің құдіретін көрсететін кереметтері арқылы уағыздалған хабарды растап бекітті. (Аумин)

Марқа — Chapters