[1] Иса тағы бір сенбі күні мәжілісханаға барғанда, сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды.
[2] Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Ол әлгі кісіні демалыс күні болса да сауықтырар ма екен деп аңдыды.
[3] Ал Иса қолы семген адамды: «Ортаға шықшы», — деп шақырды.
[4] Сол діншілдерге Ол: «Демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; құтқаруды ма әлде құртуды ма?» — деген сұрақ қойды. Бірақ олар үндемеді.
[5] Сонда Иса айналасындағыларға ашулана қарап, жүректерінің қасарысқандығына қайғырды. Әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деді. Сол адам семіп қалған қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді.
[6] Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, тездетіп Ирод әулетінің жақтастарымен бірге кеңес құрып, Исаның көзін құрту туралы ақылдасты.
[7] Иса шәкірттерімен бірге көл жағасына кетіп қалды. Оның соңынан Ғалилея, Яһудея,
[8] Иерусалим және Идумеядан, Иордан өзенінің арғы бетінен әрі Тир мен Сидон қалаларының маңайларынан көп халық ілесті. Исаның істегендері жайында естіген осы адамдар Оған ағылып келіп жатты.
[9] Қаптап келген халықтың Өзін қысып, сығыстырмауы үшін, Иса шәкірттеріне бір қайықты дайындатып қойды.
[10] Себебі Ол көп кісілерді сауықтырып жібергендіктен, әр түрлі дертке ұшырап қиналғандар Оған қолдарын тигізуге тырысып, жақындай түсті.
[11] Жын соққандар Оны көргенде, аяғына жығылып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың!» — деп айқайлады.
[12] Алайда Иса оларға Өзінің кім екенін жариялауға қатаң тыйым салды.
[13] Бұдан кейін Иса бір тауға көтеріліп, қалаған адамдарын Өзінің қасына шақырды. Олар таяп келгеннен кейін,
[14] араларынан он екісін Өзімен бірге болуға тағайындап, «елшілер» деп атады. Оларды уағыз айтуға жіберді,
[15] әрі оларға (ауруларды сауықтырып) жындарды қуып шығару билігін де тапсырды.
[16] Исаның тағайындаған он екі елшісі мыналар еді: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон;
[17] Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан, бұл екеуіне Иса «Боанергес», яғни «Жауар күндей күркіреген жігіттер» деген қосымша ат берді;
[18] сондай-ақ Әндір, Філіп, Барталмай, Матай, Тома, Әлпей ұлы Жақып, Тадей, Діншіл Шимон
[19] және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.
[20] Мұнан соң Иса елшілерін ертіп бір үйге барды. Халық қайтадан олардың қастарына көптеп жиналғандықтан, тіпті тамақ ішуге де мұршалары болмады.
[21] Исаның туыстары бұны естіп: «Ақылынан адасқан шығар», — деп ойлап, Оны ұстап алуға шықты.
[22] Иерусалимнен келген кейбір дін мұғалімдері де Исаға: — Оның бойында жындардың әміршісі белзебүл бар! Жындарды соның күшімен қуып шығарады, — деп жала жапты.
[23] Ал Иса сол дін мұғалімдерін қасына шақырып алып, оларға астарлап былай деді: — Шайтан шайтанды қалайша қуып шығара алады?
[24] Егер бір патшалық жікке бөлініп, өзара соғысып жатса, ол берік тұра алмай, жойылып кетеді.
[25] Өзара ұрысып-керісіп жатқан әр үйдің шаңырағы ортасына түсіп күйрейді.
[26] Сол сияқты, егер шайтан өзіне қарсы көтеріліп, соғысса, оның да берік тұра алмай, жойылатын кезінің келгені.
[27] Қайта, ешкім күштінің үйіне кіріп, алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін тонай алмайды. Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады.
[28] Сендерге маңызды шындықты айтайын: адам баласының жасаған барлық күнәлары мен Құдайды қорлауларының қайсысына да кешірім беруге болады.
[29] Бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға ешқашан кешірім болмайды, сол күнәсі оның мойнында мәңгі қалады.
[30] Иса мұны әлгілердің «Оның бойында жын бар» дегендері үшін айтты.
[31] Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Оған кісі жіберіп шақыртты.
[32] Сол кезде Исаны айналдыра көп халық отырған еді. Біреу Оған: — Сыртта шешеңіз, бауырларыңыз және қарындастарыңыз келіп, Сізді шақырып тұр, — деді.
[33] Алайда Иса: — Менің шешем мен бауырларымның кім екенін айтайын ба? — деп,
[34] айналасында отырғандарға қарап тұрып: — Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»!
[35] Себебі Құдайдың еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын! — деп жауап берді.